Коронавирус • 11 Шілде, 2022

Эпидемиялық ахуалмен танысты

166 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Алматы қаласына барды. Ол қала басшылығымен бірлесіп бейнеконференция режімінде ауруханалар мен емханаларда жұмыс істейтін 70-тен аса бас дәрігердің қатысуымен кеңес өткізді. Кеңесте қазіргі эпидемиялық жағдайдың өзекті мәселелері және мегаполисте COVID-19 таралуына жол бермеу бойынша қабылданып жатқан шаралар барысы қаралды.

Эпидемиялық ахуалмен танысты

Коронавирус инфекциясының таралуы бойынша Алматы – «сары аймақта». Көктемнің басы мен ортасында ауру көрсеткіштері төмендеген болатын, енді қайта өсіп жатыр. Осылайша, жұқтыру жағдайларының өсуі 0,2% болды, таралу коэффициенті – 1-ден жоғары. Жұқтыру ошақтарының ең көп саны Бостандық, Алмалы, Алатау, Бостандық және Медеу аудандарының аумағында орна­ласқан. Инфекцияның таралуына қоғамдық орындарға бару, үйдегі, қалалық көліктегі, жұмыс орнындағы қарым-қатынастар, сондай-ақ вакциналау мен ревакциналау қарқынының төмендеуі себеп болып отыр.

Тұрғындар арасында індетке шалдығу деректерін азайту мақ­сатында қала әкімшілігі вакциналау мен ревакциналау жасатып, науқастарды оқшаулау барысын бақылау, алдын алудың негізгі ережелерін сақтау қажет екені туралы түсіндіру жұмыстарын күшейту бойынша бірқатар шара қабылдады. Сонымен қатар пандемияның жаңа толқынына Алматыда 23 ковид клиникасы дайындалды. Онда барлығы 7 мың төсектік орын бар, олардың 250-і жансақтау бөліміне тиесілі.

Медициналық қоғамдастық өкіл­дерімен кеңес барысында КВИ-дің алдын алу мәселелері қаралды.

Премьер-Министрдің орын­басары Е.Тоғжанов қалада жұқ­тыру жағдайларының өсуіне, сон­дай-ақ МСАК жұмысын үйлес­ті­рудің, вакциналау мен ревак­ци­­налауды ұйымдастырудың маңыз­ды­­лығына, Алматы қаласының ден­­саулық сақтау жүйесінің корона­вирус бойынша ахуалдың өршуіне дайындығына назар аударды.

«Бүгін қойылған міндеттерді қаланың Бас мемлекеттік сани­тар­лық дәрігерімен бірге талдап, коро­навирус инфекциясының алдын алу және таралуына жол бермеу бойынша қажетті шаралар қабылдауды сұраймын», деп атап өтті Е.Тоғжанов.

Кеңес соңында вице-премьер қала басшылығына COVID-19-ға қарсы иммундау науқанын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ халық арасында сапалы түсіндіру жұмыстарын жүргізуді күшейту қажеттілігін атап өтті.

Сонымен қатар Премьер-Ми­нис­трдің орынбасары Алма­ты қала­сындағы Әлеуметтік қыз­мет­тер үйінде болды. Онда 11 ұйым орналасқан. Ішінде Тұрғын үй сая­саты басқармасы, Халықты жұ­­мыспен қамту орталығы, ХҚО, «Ата­­мекен» және т.б. бар. Бұл жер­де қала тұрғындарына «бір терезе» қа­ғидаты бойынша бір орында 700-ден аса қызмет көрсетіледі. Орта­лықта тегін заңгерлік кеңес пен психологтің көмегін алуға болады.

Е.Тоғжанов әлеуметтік қолдау және халықтың өмір сүру сапасын арттыру мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі және Үкіметтің бірінші кезектегі міндеті екенін атап өтті.