Аймақтар • 11 Шілде, 2022

«Алматы жастары» бағдарламасының қорытындысы қайта қаралмайды

301 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы әкімдігі жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасы әділетсіз өтті деген қатысушыларға жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Алматы жастары» бағдарламасының қорытындысы қайта қаралмайды

Алматы әкімдігінің мәліметінше, 2022 жылғы 1 маусымда аяқталған «Алматы жастары» қалалық жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы аясында өтініштер мен құжаттарды қабылдау қорытындысы бойынша 11 199 өтініш түскен, 9 526 өтінім конкурстан өтпеді. Оның ішінде 5042 үміткердің өтініші қабылданған жоқ.

«Себебі Қазақстан Республикасында немесе Алматы облысы, Алматы қаласында барлық отбасы мүшелерінің тұрғын үйінің болуы/болмауы туралы анықтамалар; балалардың туу, неке немесе ажырасу туралы куәліктерін сканерлеу; еңбек кітапшасының көшірмесі; жұмыс орнынан анықтама немесе зейнетақы жарналары туралы үзінді көшірмесін ұсынбаған», деп хабарлады әкімдіктен.

Сонымен қатар 3 845 өтініш жұмыс орны бағдарлама талаптарына сәйкес келмегендіктен, басымдыққа жатпады.

Сондай-ақ әкімдік өтініштер қалай қаралғанын айтты.

«Басқарма құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін барлық берілген өтініш пен құжатты жүктеу жұмыстарын жүзеге асырады, содан кейін барлық құжаттың бағдарлама талаптарына сәйкестігі қолмен тексеріледі. Тізімге енгізу кезегі жинаған балл санымен, яғни санат бойынша ең көп балл санымен анықталады. Сайтта орналастырылған, бірақ қабылданбаған өтініштер тізімі дұрыс әрі өзекті. Орналастыру кезінде тізім басқа сфераларға қосылып кеткен, бірақ бұл нәтижеге әсер етпейді. Бағдарламаға қатысуға өтінімдерді қатысушылар сайтта ЭЦҚ арқылы берді, барлық құжат жүктелді, осылайша, басқарма қызметкерлерінің құжаттарды жою мүмкіндігі болмады», деп түсіндірді қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Алматы қаласы әкімдігі қаралған өтініштердің нәтижесі негізделгендіктен, өтініштерді қайта қарау жүргізілмейтінін атап өтті.