Әдебиет • 11 Шілде, 2022

«Алтын бу айна көлдің бетін жабар...»

373 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мақтанғандай болмайық, шын сөзіміз, әлемде қазақ секілді 100 томнан асатын фольклорлық еңбегі бар халық кемде-кем. Ағылшындар англосаксондық «Беобульф» сынды эпикалық поэмаларын сөз етіп сан-саққа таратса, француздар көбіне «Ролланд туралы жырды» уағыздайды. Ал қазақ халқының жылан қабығындай қатпар-қатпар жырлары мен толғау-дастандарында, аңыз әңгімелер мен ғибратты ертегілерінде есеп жоқ. Қайсыбірін алсақ та өлмес тақырыптар мен күрделі сюжетке құрылған.

«Алтын бу айна көлдің бетін жабар...»

Елдің өз ішінен қайнап шыққан халық әндерін тыңдасақ, ұлттың жан талшығын тереңірек сезіне түсеміз. Әннің өлеңіне назар аударсақ, алғашқы екі жолының мағынасы бір-бірінен алыс, үшінші тар­мағы мағына ашушы, соңғы тармағы тұтас шумақтың ойын бекітуші болып келеді. Мәселен, «Тал үстінде ойнаған ала қарға, ертегі айтып берейін балаларға» деген шумақтағы алғашқы жолы балалардың назарын аудару үшін, қаратпа сөз ретінде қолданылады. Отырықшылықтан алыс, көшпелі өмір сүрген бабаларымыздың кейбір әндерде кезігетін шұңғыл филосо­фия­сы кісі ойнына жүк. Мәселен, «Арман-ай» атты халық әніндегі:

Ойлап тұрсам дүние шолақ екен,

Адамдар бір-біріне қонақ екен,

деген қос тармақ жайлы ұзын-сонар тәп­сір жазып шығуға болады. Ирандықтар Хафиз жыры жайлы қырық томға жуық түсіндірме еңбек жазса, қара өлеңнің астын сызып, ойын екшеп таразыға салар бол­сақ, түсіндірмесі ұзаққа созылары кәдік. Мәселен, дүниенің шолақтығы дегеніміз не? Мұны Шал ақынның өлеңі­нен табамыз:

Дүние деген шолақ депті,

Жан денеге қонақ депті.

Ахирет деген бір киім,

Алып қайтарың сол-ақ депті.

Дүние деген осы,

Ешкімнің емес досы.

Болар еді досы,

Аумаса егер қосы.

Яғни дүниенің шолақ болатыны – оның екінші қосы ақыретте екен. Бұ дүние басын өрт шалып, жалғыз-жарым түбіртегімен ғана тұрған шолақ талдай екен. Ал «адамдар бір-біріне қонақ екен» деген қатардың ауқымын көкірегі сезімді адам ұзақ ойға батып, іштей шаттанумен, толқумен қабыл­даса керек. Себебі осы тармақтарда бәрі бар. Жер сарайына, аз күнгі жалған ғұмырға аяқ басқан адам баласының күлкісі де, мұңы да бірдей. Бәрі бір атадан, Адам атадан тарап отыр. Діни қиссаларда тұтас адамзат баласы бірге ғұмыр кешіп, Бабыл мұнарасын салуға күш қосқаны баяндалады. Мақ­саты – жоғарыға жету, биікті көксеу. Құдай тағала бұл астамшылықтарын қабыл көр­мей, құрылыс үстіндегі қалың адамның бір-біріне тілін ұғынықсыз етіп, әртүрлі тілде сөйлейтін етіпті. Артын ала адамдар өз тілінде сөйлейтіндермен бірге шоғыр­ланып, дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылыпты. Төрт күндік жал­ған­ның қуанышы мен қайғысын қатар тарт­қан адам­ның терең ұғыммен назар салғанға бір-біріне қонақ екені анық сезіледі. Хәкімдер содан да адамды сүюге үндейді, махаббатқа шақырады.

Қазақ халық әндерінің ерекшелігі – сүйіспеншілікке, ынтымаққа құрылуын­да. Бір ғана ән ұлттың бүкіл болмысын көр­се­тіп тұрғандай нышан қалдырады. Бақ­сақ, әндегі лирикалық кейіпкердің мұңаюы да, қайғыруы да терең гуманизм­ге, адамгершілікке жақын. Сөзбен сурет салу, табиғатты тап басып бейнелеуге келгенде, бар ғұмырымыз киіктей зымырап көзден өткендей қалтаң қағып қала­тынымыз бар.

Алтын бу айна көлдің бетін жабар,

Ақ сәуле көктен төніп маржан тағар.

Мәселен, осы екі жолдың суретіне көз­ді жұмып, көңілді ашып үнсіз қарауға болады. Сол суретте тай-құлындай тебіс­кен балалық, бейуақ дырду кештен жараланып қайтқан бұйрабас бозбала, өмірден аласұрып мән іздеген абзал шақ та табылар еді. Құдірет деген осы емес пе?

Ұлттық ән өлеңдерінен қазақтың ахлақ-әдебі, иман таразысы байқалады. Соңғы уақытта, қазақ өзінің байырғы әде­бі мен мінезінен едәуір алыстап кет­ті. Толассыз ақ­парат айдыны мен сүзгі­сіз фильмдер, діні бө­лек бейнебаяндар халықты дүбәра қылуға айналды. Мәсе­лен, Жапонияда «Өнегелік туралы кеңес» бар көрінеді. Бұл ұйым телеарналарды мұқият бақылап, арна ұлттық тәрбиеге қайшы дүниелер таратар болса үлкен деңгейде айыппұл төлер екен. Әрі жастар күнделікті тұтынып жүрген қалта телефондарына да назар салып, әртүрлі елдік әдепке жанаспайтын бейнебаяндарды интернет арқылы шектеп отырса керек.

Ал көп қазақтың қазіргі хәлі өз тамырынан алыстаған қаңбаққа ұқсардай. Ауылда туып, ата тәрбиесін көрген ізетті қыз-бозба­лалардың өзі дерлік қаланың ақшаңқан мимыртында тұнық болмысынан көз жазып жатады. Мұндай шақта бастапқы биязы, сыпайы, толымды тәр­бие­ге оралудың жолы – халық ауыз әде­бие­тімен, халық әндерімен жанды шаю.

Басасың аяғыңды ырғаң-ырғаң,

Сылдырап шашбауың мен

алтын сырғаң.

Жай жүріп, шаттанасың әсерленіп,

Әсемсің жүйрік аттай

мойнын бұрған.

«Гауһартас» әнінің ақырғы шумағын­дағы осы бір өнеге қазақ қызының тұма жаратылысынан, бипаз, шәйі жібектей сылаң, әдепті тумысынан хабар береді. Аяқ­ты ырғаң-ырғаң басу дегеніңіз – шабандап, аяңдап жүру, ақырын, ұяттың жанармайымен жүру. Шашбаудың сыл­дырауына келсек, бұл ұзақ әңгіме. Қазақ қызының әсерленіп шаттануы – ақы­лының нұрлылығы мен ер жігітке деген жоғарғы құрметтен туады.

Адамды жалпы адамзат баласынан ерек­шелендіретін ұлттық тұрпаты, салт-дәстүрі, әдеп-ибасы. Мұнсыз адам космополитке айналады. Діңінен ажыраған адамға білім қонуы екіталай. Өйткені білім мұратының ұшар басы – өзіңді тану.