– Ақжүрек, әңгімемізді әдеттегідей өзіңнің үлкен спортқа келген кезіңнен бастасақ. Еркін күресті таңдауыңа не түрткі болды? Кімдер бағыт-бағдар берді?
– Менің туып-өскен жерім – Жамбыл облысы Құлан ауданынан мықты балуандардың көптеп шыққаны баршаға мәлім. Ғасырлар тоғысында Сиднейде алауы тұтанған Олимпия ойындарында күміс медальды мойнына ілген Ислам Байрамуков сол өңірдің тумасы. Талай аламанда оза шапқан даңқты боксшы Ермахан Ыбрайымов та осында туған. Бізден кейін Құланнан Елдос Сметов, Әділет Даулынбаев және тағы басқа мықты спортшылар шықты. Өзімнің әкем – Достық та кезінде жақсы күрескен. Бірақ жалындап тұрған шағында жарақатына байланысты сүйікті ісінен қол үзуге мәжбүр болды. Содан әкем менің спортпен шұғылданғанымды қалап, Шоқан Нәдірбеков жетекшілік ететін арнайы үйірмеге жетектеп әкелді. Ол кезде мен 10 жаста едім.
– Шоқан Нәдірбековтің кезінде атақты балуан Ислам Байрамуковты да баптағанын жақсы білеміз. Осындай майталман маманнан тәлім-тәрбие алған сенің де шеберлігің күн санап шыңдала түскен шығар?
– Аудан мен облыстың алды болғаннан кейін республикалық деңгейдегі жарыстарға қатыса бастадым. Алғашқы рет 2002 жылы Өскеменде өткен Спартакиадада күміс медальды иелендім. 2003 жылы Оралда жасөспірімдердің ел біріншілігінде бас жүлдені олжалап, Қарағандыда ұйымдастырылған жастар арасындағы Қазақстан чемпионатында үшінші орынға табан тіредім. Сол аралықта ересектер дуына да түсіп үлгердім. Бұл ретте де қадамым сәтті болып, Алматыда шымылдығы түрілген қала әкімінің кубогында екінші сатыға жайғастым. Сол кезде бойымдағы қарым-қабілетімді байқаған білікті бапкерлер ұлттық команда сапына шақыртты.
17 жастағы балуан үшін бұл үлкен мәртебе еді. Осылайша, мен еліміздің ең үздік еркін күрес шеберлерімен бірге бір залда иық тіресе жаттыға бастадым.
– 2007 жылы сен мықтылығыңды түбегейлі мойындатып, Қазақстан чемпионы атандың. Одан кейін Ресейдің Калининград қаласында өткен іріктеу турнирінде қамшы салдырмадың. Осындай жарқын жеңістеріңнен кейін саған 2008 жылы өтетін Олимпия ойындарына даңғыл жол ашылуға тиіс еді. Бірақ Бейжіңде бой көрсетпедің. Не себепті?
– Арзан жолмен ақша тауып, абыройға кенелуді мақсат тұтқан азаматтардың «арқасында» Аспанасты еліне бара алмадым. Олар әділдікті белден басып, мені Леонид Спиридоновқа жығып берді. Негізі оған дейін екеуміздің жолымыз бірде-бір рет қиыспаған еді. Мен қатысқан жарыстарға ол келмейтін. Үнемі менен қашып жүрді. Тіптен, ел чемпионатында бой көрсетпейді. Якутияда жатады да, керек кезде Қазақстанға келеді. Өз қалаған жарыстарға ғана қатысады. Ал жаттығу залында шелектеп тер төгіп, мықтылығымызды мойындату үшін жанымызды салып жүрген біздер үнемі тасада қалдық. Республикалық федерацияның басшылары Олимпия ойындары қарсаңында Калининградта өтетін турнирде кімнің төртжылдықтың басты додасына қатысатыны үш балуанның өзара тартысының нәтижесі бойынша анықталады деген шешімге келді. Балтық жағалауында Дағыстаннан келген Әбілхакім Шәпиев Спиридоновты ұтады. Мен Шәпиевке шаң қаптырып кеттім. Содан Леонид екеуміз күресуге тиіс едік. Бірақ Спиридонов «Ақжүрек менен мықты. Мен оны мойындаймын. Олимпиадаға соның барғаны жөн» деп белдесуден бас тартты. Қуанышым қойныма сыймай елге оралдым. Бірден Бейжіңдегі додаға даярлана бастадым. Алайда арада біраз уақыт өткеннен соң Алматыдан бапкерлерім звондап «Олимпиадаға бармайсың, сенің орныңа Спиридонов күреседі» деген жайсыз хабар жеткізді. Аспаннан жай түскендей болды. «Неге?» десем, «Бұл басшылардың шешімі» деген жауап алдым. Көңілім алай-дүлей болды. Өз елімде, өз жерімде осындай теперіш көремін деп еш ойлаған жоқ едім. Сонда атағы айдай әлемге танымал тұлғалардың өз бауырларын айдаладағы біреуге жығып бергеніне күйіндім. Сонда олар үшін қазақтан қайдағы бір келімсектің құны жоғары болғаны ғой. Иә, егер мен одан ұтылсам, бір сірә. Бірақ оған дейін де, одан кейін де мен Спиридоновқа бірде-бір рет есе жіберген емеспін. Ел спортының тізгінін ұстаған азаматтар соны біле тұра арзандыққа барды. Онымен қоймай, үйіме басбұзарларын жібергенін қайтерсіз. Еңгезердей қазақ жігіттері келімсекті қолдап, маған қоқан-лоқы көрсетпек болды. Мен оларға райымнан қайтпайтынымды білдіріп, «Демалыңдар!» дедім. Ақыры не керек, арамзалар өз дегендеріне жетіп, мені Бейжің Олимпиадасынан шеттетті.
– Төрт жылда бір өтетін Олимпия ойындарына қатысу әр спортшының арманы ғой. Сонда сен еш әрекет жасамадың ба? Сондай қиын шақта қолдайтын ешкім табылмады ма?
– Қолдау былай тұрсын, лауазымды тұлғалар мен осы саланың басы-қасында жүрген азаматтардың бойынан ондай ниет те байқалмады. Керісінше, барлығы Якутиядан келген балуанның ығына жығылып, сол үшін шыр-пыр болды. Сол кезде қазақтың қазаққа жаны ашымайтынына анық көз жеткізіп, ағаларымның арсыздығына күйіндім.
– Мұндай жағдай жалпы сенің ғана басыңнан өтпеген шығар. Күресте жүрген келімсектердің кесірінен талай қандастарымыздың бағы байланғаны баршаға мәлім. Олай деуге негіз, сол тұста еркін күрестен Қазақстанның ұлттық құрама командасы сапында өнер көрсетіп жүргендердің дені легионерлер еді ғой?
– Иә, жәбір көрген мен ғана емес. Дәл сол Леонид Спиридонов пен Әбілхакім Шәпиевтің кесірінен менің алдымда 66 кило салмақта күрескен Сәбит Кендібаев, Қуаныш Сүлейменов, Мадияр Құрамысов, Берік Деңгелбаевтай сақа спортшылар талай байрақты бәсекеден шет қалды. Осындай келеңсіз жағдай өзге салмақ дәрежелерінде өнер көрсетіп жүрген қандастарымызды да айналып өткен жоқ. Арамза бапкерлердің әр жақтан жинап әкелген келімсектерінің кесірінен Ермек Байдуашев, Қайсар Боранбаев, Нұржан Қатаев, Дәулет Шабанбай және тағы басқа қазақтың «мен, мен» деген жігіттері несібелерінен қағылып, өз елімізде өгей баланың күйін кешті.
– 2009 жылы Данияның Хернинг қаласында өткен әлем чемпионатынан шет қалғаның жайында да құлағдармыз...
– Бейжің Олимпиадасынан кейін спорттан қол үзуге бекіндім. Бірақ әкем райымнан қайтарды. Сондай-ақ еліміздегі белді бапкерлердің бірі Бауыржан Нұрмахановтың өзі келіп, бозкілемге оралуымды қиылып сұрады. Мен әуелде «Дүбірлі додаларға қатыстырмайтын болса, бекер-босқа далақтап қайтемін» деп бас тарттым. Оның үстіне мен әр жарыс қарсаңында 16-17 кило салмақтан арылатынмын. Шамадан тыс салмақ қуу денсаулыққа кері әсерін тигізетіні белгілі. Бірақ Бауыржан аға мені көндірді. Содан 2009 жылы Оралда өткен Қазақстан чемпионатында бас жүлдені қанжығама байладым. Енді менің әлем чемпионатына қатысуыма еш кедергі болмауға тиіс еді. Бірақ басшылар тағы да ескі әуендеріне басты. Нәтижесінде, Данияға сол баяғы Спиридонов сапар шекті. Ал мен елде қалдым.
– Еліміздің ең үздік балуанын бір емес, екі бірдей байрақты бәсекеден шеттету шектен шыққандық қой. Сен қалай ойлайсың?
– Қайғырдым, күйіндім, бірақ қолдан келер дәрмен жоқ. Бұл жағдай менің жүйкемді әбден тоздырды. Тағы да спорттан қол үзуге оқталдым. Бірақ әкем мен бапкерім Бауыржан Нұрмаханов намысымды қамшылайтындай сөздер айтып, райымнан қайтарды. Оның үстіне, өзім де барлық жағдайды ой елегінен өткізіп, ақыл таразысына салдым. Елеулі табысқа қол жеткізбей, бозкілеммен қош айтысқаным қалай болар деп толғандым. Сол кезде Жамбыл облысының спорт басқармасының бастығы Гамлет Қайнарбеков пен облыстық күрес федерациясының президенті Әлімбек Жұмабаев қажетті жағдайдың барлығын жасаймыз деп уәде етіп, қайта бозкілемге шығуға үгіттеді. Сөйтіп, ашуымды ақылға жеңгізіп, жаттығуға кірістім.
– Сонда сенің жолыңды сан мәрте бөгеген басты қарсыласың Қазақстан чемпионатына бірде-бір рет қатыспады ма?
– Спиридонов та басқа легионерлер секілді Қазақстанда дәл бір патша секілді өмір сүрді. Оны барлығы да біледі. Ол ел чемпионатына қатыспаса да, өзі қалаған жарыстардың барлығына барады. Өзімнің мықтылығымды дәлелдеу үшін мен якутиялық спортшыны талай жылдар аңдумен болдым. Спиридонов қатысатын жарыстардан қалмауға тырыстым. Бірақ ол менімен айқасудан қаймығатын. Екеуміздің жолымыз түйісетін сәтте түрлі сылтауды желеу етіп, бозкілемге шығудан бас тартады. Өстіп, өз өрендерін өзекке тепкен қазақтар қайдағы бір келімсекті төбесіне шығарды. Осыған қалай күйінбейсің?!
– Ақжүрек, сенің бақ жұлдызың 2012 жылы Лондон Олимпиадасында жарқырай жанды емес пе. Десек те Тұманды Альбион еліне бару-бармауың соңғы сәтке дейін белгісіз болды ғой?
– Иә, дәл солай. 2011 жылы Қазақстан чемпионатын кезекті рет ұттым. Енді осы жолы ешкім маған тосқауыл қоймайтын шығар деп ойладым. Бірақ оным бекер екен. 2012 жылы Астанадағы лицензиялық турнирдің қарсаңында бапкерлер мені Спиридоновпен күрестірді. Осылайша, жеті жылдан кейін екеуміз алғаш рет бетпе-бет келдік. Бұл бәсекеде мен оның тас-талқанын шығардым. Көп ұзамай іріктеуден іркілмей өтіп, Олимпия ойындарының жолдамасына иелік еттім. Ғаламдық додаға даярланып жатқан едім, республикалық федерацияның басшылары тағы да Спиридоновпен «прикидка» жасайсың деген талап қойды. Шыдамның да шегі ғой, бұл жолы ашуға булығып «Прикидканың не қажеті бар? Мен легионерден мықты екенімді дәлелдедім. Әлде бұл «жеңілген күреске тоймайдының» кері ме?!» деп үзілді-кесілді бас тарттым. Бірақ олар айтқанынан қайтпады. Менің жүйкемді тоздырып, сағымды сындырғысы келген басшылар мен бапкерлер екеумізді тағы екі рет белдестірді. Екі ретінде де Леонидті оңдырмай ұттым. Сол кезде ұлттық құраманың бас бапкері Алтай Танабаев өзінің кесімді сөзін айтып, мен үшін араша түсті. Сол секілді Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев та барынша қолдады. Мен ол кісіге «Егер Олимпиадаға баратын болсам, мен сіздерге алтын медаль әперемін» деп уәде еттім.
– Лондондағы жарысты сәтті бастап, бастапқы бәсекелерде украиналық Андрей Квятковский мен армениялық Давид Сафарянға сан соқтырдың. Жартылай финалда Сушил Кумарды да ұтып жатқан едің. Сол кезде үнді балуаны сенің құлағыңнан тістеп алып, ережені өрескел бұзды. Соны көре тұра төрешілер жұмған аузын ашпады. Осы жерде бір шикілік бар секілді...
– Соның алдында ғана мен Сушил Кумарды Астанадағы турнирде ұтқан едім. Осы жолы да жеңетініме сенімді болдым. Алайда әлем және Азия чемпионы, Бейжің Олимпиадасы мен Азия ойындарының қола жүлдегері деген атағы бар Үндістанның өкілі мені әбден зерттеп келген екен. Екеуміз біраз тірестік. Бірінші кезеңді ол өз пайдасына шешсе, екіншісінде менің мысым басым болды. Үшінші кезеңде 3:0 есебімен алда келе жаттым. Бәсекенің аяқталуына небәрі 49 секунд қалғанда ол арамза әрекетке барды. Алдында көзімді шұқығаны аздай, құлағымды оңдырмай тістеді. Мен біраз кібіртіктеп қалдым. Сол сәтті пайдаланған ол артыма шықты да, кілемнің үстінде айналдырып, бес-алты ұпай олжалап үлгерді. Мен қансыраған құлағымды көрсетіп, төрешіге шағымдандым. Ол ештеңе болмағандай сыңай танытты. Қапталдағы төрешілер де үнсіз қалды. Соның барлығын біздің дөкейлер де көрді. Бірақ ешқайсысы ләм-лим демеді. Егер халықаралық күрес федерациясында жауапты қызмет атқарып отырған ағамыз ақырып, әділдік талап еткенде мен финалға шығатын едім. Ал ақтық сайыста жапониялық Тацухиро Енэмицуды еңсеретініме еш күмәнім жоқ еді. Бірақ сын сағатта қазақтың ұлы үшін араша түсетін ешкім табылмады.
– Иә, бұл бір өкінішті жағдай болды. Қош, сонымен бас жүлдеге қолың жетпеді. Ал қола медаль үшін тартыс қалай өрбіді?
– Қола медаль үшін бәсекеде Бейжің Олимпиадасының жеңімпазы, әлем және Еуропа чемпионы Рамазан Шахинмен жолым қиысты. Ол уақытта Дағыстанның Хасавюрт қаласында туып-өскен чешен жігіті Түркияның намысын қорғады. Бұл тартыс менің пайдама шешіліп, Олимпия ойындарының қола медалін иелендім.
– Лондонға алтын алуды мақсат тұтқан балуанның қола жүлдеге көңілі толмаған шығар...
– Қазақстанның спорттық тарихында Олимпиада чемпионы атанған тұңғыш еркін күрес шебері ретінде тарихта қалуыма тамаша мүмкіндігім болды. Бірақ шешуші тұста әділетсіздікке тап болдым. Бұл ретте өзгелерге емес, өз ағаларымның «тірлігіне» қапа болдым. Жасыратын түгі жоқ, олар менің осындай биікке көтерілуімді қаламады.
– Содан кейін қомақты табысқа араға бес жыл салып қана 2017 жылы қол жеткіздің. Сол аралықта бабың келіспеді ме, әлде бағың жанбады ма?
– Оның түрлі себебі бар. 2013 жылы кезекті бір оқу-жаттығу кезінде асханада уланып қалдым. Сол мезетте-ақ қауіп өзімнің елішілік жарыстардағы қарсыластарымнан келгенін білдім. Әйтпесе, басқа салмақ дәрежелерінде күш сынасып жүрген жігіттер маған қиянат жасап қайтсін. Одан кейін 2014-2016 жылдар аралығында аяғыма үш рет операция жасаттым. Оның барлығы денсаулығыма кері әсерін тигізді. Осылайша, біраз уақытымды жоғалттым. Әзер ес жиып, қатарға қосылғаннан кейін Рио Олимпиадасына даярландым. Бірақ сол кезде Қазақстан құрама командасында кеңесші-бапкер қызметін атқарған Сергей Белоглазов мені лицензиялық жарысқа қатыстырмады. Өз наразылығымды білдірген едім, ол айтқанынан қайтпады. Бұл аздай, бір жыл мерзімге үлкен спорттан шеттетті. Не үшін, не себепті екенін маған өзі де, басқалары да түсіндіріп айта алмады. Осылайша, Бразилияға барсам деген арманыммен қош айтыстым.
– Иә, сол кездері сенің ұлттық командамыздың кеңесші-бапкерімен жанжалдасып жүргенің жайында БАҚ өкілдерін жарыса жазған еді...
– Иә, Сергей Белоглазовтың керемет балуан болғанына еш күмән келтірмеймін. Ол Мәскеу мен Сеул Олимпиадаларының жеңімпазы, алты дүркін әлем және бес дүркін Еуропа чемпионы. Бірақ атақты балуандар арасынан беделді бапкерлер тым сирек шығады. Дәл осы әңгіме Ресей маманына да қатысты. Оған дейін Белоглазов талай елде жұмыс істеді. Ол жаттықтырған командалардың ешқайсысы ірі дүрмектерде елеулі табыстарға қол жеткізе алған жоқ. Дәл сондай жағдай Қазақстанда да қайталанды. Еліміздің еркін күресі дамығанның орнына кері кетті. Жерлестеріміздің нәтижесі күрт нашарлады. Ол аздай, Белоглазов құрама сапындағы бапкерлер мен балуандарды бір-біріне айдап салып, шағыстыра бастады. Содан команданың ішкі ахуалы бұзылды. Оны барлығы да біледі.
– Есесіне 2017 жылы Қазақстан мен Азия чемпионатында алтын тұғырға көтеріліп, әлем чемпионатында қола медальды мойныңда жарқыраттың. Осы жарыстар жайында баяндап берсең...
– Шымкентте 70 кило салмақта күресіп, ел чемпионы атандым. Финалда аса дарынды балуандардың бірі Данияр Қайсановты қапы қалдырдым. Мамыр айында Нью-Делиде ұйымдастырылған құрлық біріншілігіне аттандым. Үндістанның бас шаһарында барлық қарсыласымды сыпыра ұтып, жартылай финалда жапониялық Момохиро Накамураны жеңдім. Ақтық сында Рио Олимпиадасының қола және әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионы, өзбекстандық Ихтиер Наурызовтан басым түстім. Арада үш ай өткеннен соң Парижге сапар шектім. Францияның астанасындағы жекпе-жектерімді де жеңіспен бастап, жартылай финалда Италияның мақтанышы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, екі дүркін әлем және төрт дүркін Еуропа чемпионы Франк Чамисоға есе жібердім. Одан кейін әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері, Еуропа ойындары мен құрлық біріншілігінде жеңіс тұғырына көтерілген Түркияның тарланы Якуб Горды ұтып, дүниежүзілік доданың қола медалін иелендім.
– Өзіңнің мықтылығыңды мойындатқаннан кейін спорттық мансабыңды одан әрі жалғастырғың келмеді ме?
– Ол кезде жасым 31-ден асқан еді. Шынын айтсам, кілемнің сыртындағы арпалыстар мені әбден қажытты. Жүйкем әбден тозды. Соның салдарынан денсаулығым да сыр бере бастады. Содан ойлана-толғана келе бозкілеммен қош айтысуды құп көрдім.
– Қазір қандай қызметтесің?
– Қазіргі кезде Жамбыл облыстық мамандандырылған олимпиадалық спорт мектеп-интернатының директорымын. Алла қаласа, өзім басшылық етіп отырған мектептен келешекте Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында атой салатын талай саңлақ спортшылар шығады деп үміттеніп отырмын.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»