Қоғам • 11 Шілде, 2022

Атақ сататын алаяқтар

1685 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Егер айналамызда ардың шегін аттаған келеңсіз жағдайлар қайталана берсе, онда іс насырға шаппай бірден дабыл қағылуы қажет. Қай кезде де ақша үшін туған анасын сатып кететіндер табылатындықтан, тыйым мен жаза болмаса, төмендегідей оқиғалар қайталана бермек. Ал қашан да зиян шегетін – аңқаулар ғана емес, өз менмендігі мен жалған, тіпті жоқ атақтың құрбандары. Сонымен...

Атақ сататын алаяқтар

«Әпке, менің телефонымды ешкімге берген жоқ па едіңіз? «Алтын ғасыр» дей ме, «Алтын кітап» дей ме, біреулер хабарласып, мені жақсы ұстаз ретінде іріктеуден өттіңіз, сол кітапқа кіргізіп, ұстаздығым, отбасым туралы мақала шығарады екен. Бірақ 100 мың төле дейді». Туысымның өңірдегі «үздік жүз ұстаздың бірі» болғанына қуанып тұрғаны даусынан сезіледі. Алайда бұлар алаяқтар екенін бірден ескертіп, ешкімге де байланыс нөмірін бермегенімді айтқанмын.

Енді осы жуырда отандық косметологияны дамытып жүрген кәсіпкер құрбым Гүлшаш Әубәкірқызы өзін бейтаныс біреулер қайта-қайта мазалап, медаль беріп, Қазақстанның үздік жүз адамы енетін энциклопедияға қосатынын айтып, тіпті ойлануға уақыт берген. Бар болғаны 350 мың теңге төлесе, сол кітапта Асанәлі Әшімов... сияқты басқа да танымал тұлғалармен қатар тұратыны туралы айта кетуді ұмытпапты.

Гүлшаш: «Мен ол кісілер сияқты тұлға емеспін, атақ деген сатылмау керек қой» деген уәжбен құтылғандай болғанымен, алаяқтар ісін дөңгелетіп, біраз адамды жұмыспен қамтып отырған жолдасы Дәуренге де «үздік кәсіпкер атандыңыз, «Алтын кітапқа» енетін болдыңыз» деп 3-4 рет хабарласқан. Қош делік. Бұл аз десек, әлеуметтік желілерде де осы мәселені қаузап жүргендер бар.

«Бағана біреу звондайды. «Сізді Қазақстанның «Алтын кітабына» қоссақ деп едік, төсбелгісі қоса беріледі. Елордадан хабарласып тұрмын. Біз елімізде 12 саланы қамтитын жетістікке жеткен өзіңіз сияқты қоғамға үлесін қосып жүрген, басшылық қызметтегі азаматтарды жинап жатырмыз» дейді.

Соңғы сөйлемдерін естігенде көзім қарауытып, лезде паңданып шыға келгенімді байқамай қалыппын. Олардың түп пиғылын біліп тұрсам да: «Иә, не істеу керек?» деппін өктем үнмен. Осылай да, осылай...

Енді анау алтын түсті медаль ынтықтырып барады. Кеудеңе тағып алып, жиындарда жүрсең, құдды бәрі құрметтейтіндей қиял берді. Бағасы 250 мың теңге, бөліп төлесең де болады. Сізге скидка бар демесі бар ма?!

Дереу есімді жинап, мен өзі не істеп едім деп, өмірбаянымды ойласам, екі абзацтан аспайды екен. Кітапта фотом мен екі жолдан тұратын өмірбаяным тұрса, қоғам­ға еңбегі сіңген, атпал азамат деп қана жаза салса ұят қой. Дегенмен көңіл күйім­ді көтергендеріне рахмет!», деп жазады сар­казм­мен facebook-тегі достарымыздың бірі.

Дегенмен қоғамда өзіне, атқарып жүрген ісіне сыни көзбен қарайтын, шындық пен өтірікті ажырата алатын мұндай адамдар аз, қармаққа ілініп жүргендер де бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Осы жазбадан кейін оның әлеуметтік парақшасында біраз адам үн қатты, осыған ұқсас оқиғаларды келтірді.

Сол сияқты әлеуметтік желіде Ахметбек Нұрсила атты замандасымыз да «арам бизнес, медаль сатып ақша табу, категория сатып ақша табу» хэштегтерімен мәселе қозғады. Сөздерін күземей, түземей айтқанда, мазмұны төмендегідей.

«Бір жігіт өте жақсы табыс тауып жүр екен. Сұрастыра келсем, табыс түрі мынада: біріншісі – мұғалімдерге медаль сатады, 50 мың шамасында ғой деймін, екіншісі – ұстаздарға категория сатып ақша табады екен.

Оны қалай жасайды дейсіздер ме? Ұстаз­дарға арнап журнал шығарады. Мұғалімнің ақшасына дайын ғылыми материалдарды бір адамдарға дайындатып, журналға ұстаздың атынан шығарады. «Ұстаз» категория алады, ал мына «кәсіпкер» ақша табады.

Осылай білім беру жүйесінің тамырына балта шауып жатқанын біледі, бірақ ар-ұят деген нәрседен жұрдай болып, ақшаны бірінші орынға қойып алған соң құлқыны осыны істетеді.

Мен «бұл бизнес емес бірінші қылмыс, екінші ұлтқа жасалып жатқан қастандық» қой десем, «аға, қайтесіз оны айтып, елдің бәрі осылай ақша табады» дейді. Жақында сол жігіттің оранып алып Меккеде жүрген суретін көрдім...».

Егер ақиқатына келсек, қоғамның жегі құр­тына айналған мұндай қылмыскерлер жүген­деліп, оларға шара қолданылуға тиіс. Әйтпесе, он­сыз да атақ пен марапаттардан мән кетіп тұр.

 

АЛМАТЫ