Дамир Исмағұлов 1991 жылдың 3 ақпанында Ресейдің Орынбор облысындағы Первомай ауданының Ударный ауылында туып-өсті. Тек 20 жастан асқан шағында аралас жекпе-жекке ден қойған ол өзінің дара таланты, еңбекқорлығы және табандылығының арқасында қысқа ғана мерзімде биік белестерді бағындырды. Әлі есімізде, 2016 жылдың желтоқсан айында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Алматыда дүбірлі жарыс ұйымдастырылды. 70 келі салмақта сайысқа түскен ресейлік қандасымыз Темірлан Айсәділов, Айбек Нұрсейіт және Мұрат Бақтыоразов секілді сайыпқырандарды сан соқтырып, бас жүлдеге тігілген «темір тұлпарды» тізгіндеді. Ол кезде Дамир әлі көпшілікке кеңінен таныла қоймаған еді. Сол жарыста біз Орынборда осындай мықты спортшының барын алғаш рет білдік.
2017 жылдың ақпан айында Санкт-Петербургтегі «Юбилейный» спорт кешенінде ұйымдастырылған «М-1 Challenge 74» деп аталатын халықаралық турнир де есімізде. Нева жағалауында Дамир Исмағұлов Францияның сақа спортшысы Морган Хероудты үшінші раундта ұрып жықты. Бәсеке аяқталған бетте микрофонды алған ол «Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, «М-1» ұйымының басшыларына өз өтінішімді білдіргім келеді. Рейтингтік бәсекелермен мені әбден «тойдырдыңыздар»! Рахмет! Енді чемпиондық тәж үшін таласқым келеді. Маған сондай мүмкіндік беріңіздер! Бұл сәтті бүкіл Орынбордың тұрғындары тағатсыздана күтуде! Ол аз десеңіз, Ресей мен Қазақстанда да жанкүйерлерімнің қатары мол. Олар да менің жарқын жеңісімді көруге құштар!» деп батыл сөйлеген еді. Сөз кезегі қайта жүргізушіге тигенде ол «Қолымнан микрофонды тартып алғаныңызға қарағанда, көздеген мақсатыңызға қол жеткізу үшін ештеңеден тайсалмайтын батыл адам секілдісіз...», деп әзілдегені сол еді, қазақтың ұлы бірден: «Бүгін мен сіздің қолыңыздан микрофонды тартып алсам, ертең өзгенің қолынан алтын белбеуді жұлып әкетемін. Оған еш күмәндарыңыз болмасын!» деп әңгімені шорт кесті.
Аталған ұйым басшылары Дамирдің бұл уәжіне құлақ асты. Сол жылдың мамырында Санкт-Петербургтен келген Максим Дивничті ауыр соққының астына алып, 70 кило салмақ дәрежесі бойынша «М-1» ұйымының чемпиондық белбеуін иеленді. Содан кейін бразилиялық Роджериу Матиас де Консейсан, грузиялық Раул Татараули және белоруссиялық Артем Дамковскийді ұтып, чемпиондық атағын үш мәрте сәтті қорғады.
2018 жылдың желтоқсан айында Исмағұлов UFC-дегі тұсаукесер кездесуін өткізді. Ол Аустралияның Аделайда қаласында жергілікті спортшы Алекс Горджестен басым түсті. Одан кейін Прагада испаниялық Хоэль Альварес, Шэньчжень мен Лас-Вегаста Бразилияның қос мықтысы – Тиаго Мойзес пен Рафаэль Алвестен айласын асырды. Биылғы 18 маусымда Остинде Швецияның намысын қорғаған грузин жігіті Гурам Кутателадзені қапы қалдырды. Осы жеңістерінің арқасында Дамир әлемдегі ең белді промоушендегі ТОП-15 спортшының санатына қосылды.
Жалпы, Дамир октагонға 25 рет шығып, сол бәсекелердің тек біреуінде ғана ұтылды. Осыдан жеті жыл бұрын Ингушетияның Назрань қаласында өткен жарыста ол дағыстандық Рамазан Есенбаевқа ұпай санымен есе жіберді. Содан кейін 18 жекпе-жекті өз пайдасына шешті. Енді тағы екі-үш жекпе-жекте жеңіске жетсе, Дамир Исмағұловтың UFC-дің чемпиондық тәжі үшін таласуына мүмкіндік туындайды. Сол себепті де дәл қазір рейтингте оның алдында тұрған файтерлер жайында да біраз дерекке қанық болғанымыз жөн.
Қазіргі кезде жеңіл салмақтың чемпионы жоқ. Өйткені биылғы 7 мамырда Финиксте америкалық Джастин Гэйджиге қарсы жекпе-жекке шыққан бразилиялық Чарльз Оливейра артық салмақтан арыла алмады. Десек те ол айқас алаңына шығып, қарсыласын бірінші раундта қылқындырып тастады. Оливейра жеңіске жеткенімен, оған алтын белбеу берілмеді. Қалай десек те, әзірге осы салмақтың үздігі Оливейра екені даусыз. 32 жастағы бразилиялық джиу-джитсудың хас шебері, 42 кездесудің 33-інде жеңіске жетіп, 30 қарсыласын есінен тандырды. Бір кереметі, ол соңғы 11 бәсекенің барлығында басымдық танытты. 10 рет айқын ұтса, тек бір рет қана төрешілердің шешіміне жүгінді. Соңғы төрт жыл аралығында Оливейра әр жылдары осы салмақтың көкжалдары саналған Джим Миллер, Ник Ленц, Кевин Ли, Тони Фергюсон, Майкл Чендлер сынды саңлақтардың барлығын оңдырмай сабады.
Жалпы, Чарльздың жүріп өткен жолы кейінгі жастарға үлгі. Олай деуге негіз бразилиялық спортшы алғашқы 21 кездесуінің сегізінде жеңілістің кермек дәмін татты. Сол кезде көпшілік оның келешегіне күмәнмен қарады. Алайда бұл жағдай Оливейраның жігерін жасыта алған жоқ. Биік белестерді бағындыру үшін жанкешті жігіт көп еңбектенді, тырысты, талпынды. UFC-дің алтын белбеуіне таласу үшін 31 рет октагонға шығуына тура келді. Оның 27-сін ол әлемдегі ең белді промоушенде өткізді. Сол биікке жету үшін 11 жылын сарп етті. Бұрынғы және қазіргі чемпиондардың бірде-біреуі дәл осындай сүзгіден, ауыр сынақтан өткен емес. Есесіне 2021 жылдың мамыр айында Майкл Чендлердің тас-талқанын шығарып, көздеген мақсатына қол жеткізген еді.
Оңтүстік Американың оғланына көптеген рекорд тиесілі. Ол UFC-де 19 рет айқын жеңіске қол жеткізіп, 16 рет самбмишн әдістерін сәтті қолданды. Төрттағанда да, тік тұрған кезде де Чарльз үшін қарсыласын қылқындырып тастау еш қиындық туғызбайды. Сондай-ақ ол
ауырту әдісін де жетік меңгерген. Кей кездері тізе және шынтақпен ұрып та құлатады. Бір сөзбен айтсақ, Оливейра – нағыз әмбебап спортшы. Ол 12 рет «Жарыстың ең үздік жекпе-жегі» аталымы бойынша арнайы бонусқа ие болды. Осы орайда әр бонус ретінде 50 мың АҚШ доллары төленетінін де ескерте кетейік. UFC-дегі бірде-бір спортшы осындай көрсеткішімен мақтана алмайды. Міне, қарапайым отбасынан шыққан аралас жекпе-жектің жарқын жұлдызының жүріп өткен жолы осындай.
АҚШ-тың қос арланы – Дастин Порье мен Джастин Гейджи екінші және үшінші орындарды өзара бөлісуде. Дастин 36 кездесуінің 28-інде жеңіске жетті. 21 қарсыласын есінен тандырды. Джастин 27 бәсекенің 23-інде басымдық танытты. 22 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Төртінші орында тұрған Ислам Махачевтің әлеуеті аса жоғары бағалануда. 30 жастағы Дағыстанның дарабозы 23 кездесудің тек біреуінде ғана ұтылды. 14 бәсекеде нокаут тіркелді. Сондай-ақ үздік ондықтың қатарында Майкл Чендлер (АҚШ. 30 кездесу, 23 жеңіс, 18 нокаут), Бенэил Дариуш (Иран. 26 кездесу, 21 жеңіс, 13 нокаут, 4 жеңіліс, 1 бәсеке тең аяқталды), Рафаэль Дос Аньос (44 кездесу, 31 жеңіс, 15 нокаут), Матеуш Гамрот (Польша. 32 кездесу, 21 жеңіс, 12 нокаут), Тони Фергюсон (АҚШ. 33 кездесу, 26 жеңіс, 21 нокаут) және Рафаэль Физиев (Әзербайжан. 12 кездесу, 11 жеңіс, 8 нокаут) сынды арландар бар. Осылардың арасынан бізге жақыны Физиев екені сөзсіз. Өйткені ол Қазақстанға бөтен емес. Рафаэль 1993 жылы Жамбыл облысының Қордай ауданында дүниеге келді. Бозбала шағында ата-атасымен бірге Алатаудың арғы бетіне өтіп, ұзақ жылдар Қырғызстанда тұрды. Кейіннен Физиев Әзербайжанға қоныс аударды.
ТОП-10 спортшыдан бөлек, тағы төрт дүлдүлдің Дамир Исмағұловтан көші ілгері. Олардың барлығының да есімі жанкүйерлерге жақсы таныс. Мәселен, 11 орында еншілеген Арман Царукянның (21 кездесу, 18 жеңіс, 12 нокаут) менеджері – Саят Абдрахманов. Одан бөлек, Петр Ян, Рафаэль Физиев, Шавқат Рахмонов, Мовсар Евлоев және Дамир Исмағұлов сынды дүлдүлдер дәл осы қазақ жігітінің қамқорлығын көруде. Арман – Грузияда туған армян жігіті. Бұл күндері ол Ресейдің туы астында өнер көрсетіп жүр.
12-орындағы Конор Макгрегор (28 кездесу, 22 жеңіс, 20 нокаут) жайында ұзақ әңгімелеуге болады. 14 шілдеде 34 жасқа толғалы отырған ирландиялықтың спорттың бұл түрінде бағындырмаған белесі жоқ. Ол – жеңіл және жартылай жеңіл салмақтағы әлемнің экс-чемпионы. Ол әр жекпе-жегін шоуға айналдырып, сан миллион көрерменнің қошеметіне бөленді. Ара-арасында жанжал шығарып, оның арты төбелеске ұласып жатады. Соның арқасында Макгрегор байлыққа белшесінен батты. 2017 жылы кәсіпқой бокстың ережесі бойынша ол даңқы жер жарған Флойд Мейвезермен жұдырықтасты. Бұл бәсекеде жеңілсе де, 30 миллион АҚШ долларын иемденді. Аралас жекпе-жекті серік еткен спортшылар арасындағы ең ауқаттысы да дәл осы Ирландияның өкілі. Forbes журналының мәліметіне сенсек, қазіргі уақытта Макгрегордың есепшотында 200 миллион доллар шамасында қаржы бар. Сондай-ақ жаңазеландиялық Дэн Хукер (33 кездесу, 21 жеңіс, 17 нокаут) мен америкалық Джалин Тёрнер (18 кездесу, 13 жеңіс, 9 нокаут) ТОП-15 файтердің қатарында.