Аймақтар • 11 Шілде, 2022

Шығармашыл жастармен кездесті

284 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Алматыға жұмыс сапары аясында NARXOZ университетінің алаңында Алматы қаласының еріктілерімен және шығармашыл жастарымен кездесті.

Шығармашыл жастармен кездесті

Әңгіме еркін форматта өтті. Жастар қызықты жобалары туралы айтып, идея­ларымен бөлісуге, сондай-ақ маңызды сұрақтарды көтеріп, оларға жауап алуға мүмкіндік алды.

Вице-премьер өз сөзінде ел халқының 20%-ын 14 пен 29 жас аралығындағы жас­тар құрайтынын атап өтті. Жас қазақ­стандықтардың жан-жақты дамуы – Үкімет үшін басым міндет. Мемлекет бас­шысының қолдауының арқасында елі­мізде жастарды қолдауға арналған бірқатар жоба жүзеге асырылуда.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың қозғаушы күш екенін айтып, оның зор әлеуетін атап өтті. Біз бұл дең­гейді жоғарылатуымыз керек. Мен сіз­дерді өз уақыттарыңыз бен әлеует­тері­ңізді әділетті жаңа Қазақстанды құру жо­лына пайдалануға шақырамын. Туған елдің игілігі үшін қызмет етуге, адал ең­бекке, прог­рессивті білімге және озық тәжі­рибеге сүйенуге үндеймін. Біз бірге жа­ңа Қазақ­стан құрамыз!», деді Е.Тоғжанов.

Жастар көшбасшылары өз жобаларымен, идеяларымен Президенттің бастамасын қолдап, жаңа Қазақстанды құруға деген ниеттерін жеткізді.

Кездесуде есірткіге тәуелділіктің алдын алуға және есірткінің таралуына қар­сы күреске бағытталған «NarkoSTOP», қазақ тілді халық үшін шет тілдерін дамы­туға бағытталған «Тілдер саябағы» жоба­лары тыңдалды. Вице-премьер кездесу ба­рысында ағылшын тілін оқытуға арнал­ған арнайы орындар ұсынуды тапсырды. Сондай-ақ инклюзивті қоғамға да көңіл бөлінді.

Е.Тоғжанов инклюзивті қоғам ерекше қажеттіліктері бар және мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін тәуелсіз өмір сал­тын жүргізуге және әлеуметтік кәсіп­кер­лік­ті дамыту есебінен өмірдің барлық сала­сына, экономикалық тәуелсіздікке бел­сенді қатысуға жағдай жасалатын қоғам ретінде қарастырылуға тиіс екенін атап өтті.

«Инклюзивті қоғамды қалыптастыру, әсіресе жастар арасында жаппай ин­к­люзивті сананы қалыптастыруға байланыс­ты көптеген мәселені шешудің іргетасы болып табылады. Бұл үшін жұртшылықты және жастарды орын алған проблемаларды шешуге емес, алғышарттар мен себеп­тер жасауға белсендірек тарту қажет. Саламатты өмір салты, білім алу, кәсіп пен дағдыларды игеруден бастап», деді Е.Тоғжанов.

Жас белсенділердің ұсыныстарын тыңдаған Ералы Тоғжанов қала жас­тары­ның әлеуеті туралы жылы лебізін білдіріп, қазіргі уақытта мемлекеттік жастар саясатында жаңа тәсілдерді қалыптастыру маңызды екенін және Алматы осы үдерісте тренд-мэйкер болуға тиіс екенін атап өтті.

Кездесу соңында Премьер-Министрдің орынбасары NARXOZ университетінің үздік магистранттарына дипломдарын салтанатты түрде тапсырды.

Сонымен қатар Е.Тоғжанов Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары аясында «Шыңға Өрлеу» әлеуметтік клубының инфрақұрылымымен танысты.

«Шыңға өрлеу» – еліміздегі маңызды әлеуметтік жоба. Мұнда көп балалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан мектеп жасындағы балалар қосымша тегін білім алады, спорттық және шығар­машылық үйірмелерге қатысады. Мұн­дағы тәлімгерлер – зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар. Бүгінгі таң­да Алматы қаласында осындай 10 клуб жұ­мыс істейді, онда 180 адам еңбек етеді.

Е.Тоғжанов Үкіметпен балалар мен жастардың бос уақытын тиімді пайдалануды ұйымдастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп, жүйелі шаралар кешенінің іске асырылғанын атап өтті.

«Үкімет жыл соңына дейін балалардың 80%-ына жуығын қосымша спорт секцияларымен және үйірмелермен қамтуды жоспарлап отыр. Жалпы білім беретін мектептердің, балабақшалар мен колледждердің 28 мыңнан аса дене шынықтыру мұғалімі аптасына кемінде 3 қосымша спорт үйірмесін өткізеді. Бұл шаралар бұқаралық спортты дамытуға бағытталған. Спорттық инфрақұрылым аясы кеңеюде, 2021 жылы 41 ДСК іске қо­сылды, оның ішінде 32-сі аудан орта­лықтары мен ауылдарда. 2025 жылдың соңына дейін 131 спорт нысанын салу және қайта жаңарту жоспарланып отыр», деді вице-премьер.

Балалардың клубта болу уақытында барлық негізгі мектеп пәндері (математика, қазақ, орыс, ағылшын тілдері, IT-тех­но­логия) бойынша үй тапсырмасын дайын­­дауда кәсіби көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар спорттық секция­лар жә­не шығармашылық үйірмелер – са­уық­ты­ру-дене шынықтыру, сәндік-қол­дан­­балы өнер, шахмат, хореография, дене шы­­нық­тыру, музыка, домбыра, сахналық ше­берлік және т.б. сабақтар қарасты­рылған.

Кездесу қорытындысы бойынша Е.Тоғжанов Алматы қаласының әкімдігіне балаларды одан әрі сүйемелдеу бойынша шаралар қабылдауды, түрлі шығармашылық жобалар мен спорттық конкурстарға, оның ішінде жұмыс істеп тұрған мемлекеттік білім беру, мәдениет және спорт ұйымдарының базасында қатысуына мүмкіндіктер жасауды тапсырды.

 

АЛМАТЫ