Аймақтар • 12 Шілде, 2022

Алматылықтардың жер мәселесі шешіледі

256 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмаған және заңсыз бөлінген жерлерді мемлекет мен­шігіне қайтару бойынша Amanat партиясының «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері жер мәселесіне қатысты дау-дамай туындаған Алматыдағы бірқатар шағын ауданның тұрғындарымен кездесті.

Алматылықтардың жер мәселесі шешіледі

Айта кету керек, партиялық комиссияның көмегімен Бутаковка ауданындағы 5 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Онда жойылуға шақ қалған алма бағы бар. Алайда аманаттықтар биыл күзде жергілікті тұрғындармен бірге сенбілік өткізіп, алма ағашының жаңа көшеттерін отырғызуға дайын екенін жеткізді.

«Көптеген қалада, соның ішін­де Алматыда, әсіресе таулы шағын аудан­дарда ретсіз, жүйесіз құрылыс­тар­ға қатысты түйткілді мәселелер бар. Бутаковкадағы мәселе оң шешімін тауып келеді. Партияның көмегімен біз туып-өскен жерінің тағдырына бейжай қарамайтын қарапайым тұрғындардың мәселе­лерін шешеміз. Бұл – атқарып жатқан жұмысымыздың аса маңызды аспектісі», деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов.

«Горный гигант» шағын ауданының тұрғындары да осындай мәселелерге тап болған. Коттедж қалашығын тұрғызу үшін жаңа қожайындары 9 гектар жердегі ағаштарды отап тастағылары келеді. Қазір мұнда алма бағы орналасқан.

«1989 жылы әкем келісімшартта көрсетілгендей, бұл жерді кейін мұраға қалдыру құқығымен 49 жылға жалға алды. Мұнда бүкіл отбасымызбен бірге алма өсірумен айналысамыз. 1998 жылы Талғар ауданына тиесілі жерлерді Алматы облысынан Алматы қаласына беру туралы шешім шықты. Осылайша, біздің бақшамыз қала аумағында қалып қойды. Белгісіз себептермен жер учаскесінің иесі өзгерді. Яғни бізді бақшамызбен, құрылыс нысандарымызбен бірге сатып жіберді. Сол уақыттан бері әділдікке қол жеткізуге тырысып келеміз», деді жергілікті тұрғын Шаяхмет Хамраев.

Осы учаскені берудің барлық мән-жайын анықтау жұмысы «Жер аманаты» комиссиясының шешімі­мен қалалық жер ресурстарын басқару департаментіне жүктеледі.

«Бір ай бұрын Шаяхмет маған кеңес алуға келді. Оның материалдарын зерттедім. Бұл сирек алма ағаштары сақталған жалғыз бақ деп айта аламын. Қазір мұнда Хамраевтар отбасы мен «Ермесай» ЖШС-ның учаскесі бар. Хамраевтар бұл учаскені Талғар ауданы тұсында алды. Әкімнің қаулысы да, куәлігі де бар», деп атап өтті комиссия мүшесі, заңгер Бақытжан Базарбек.

Осы күні партиялықтар бұрын Каменское плато ауылы орналас­қан Медеу ауданы тұрғындарының ша­ғым­дарын тыңдады. 2014 жылы бұл жер қала аумағына қосылды. Жер­гілікті тұрғындардың айтуынша, қалаға қо­сылғаннан бері проблемалар басталған.

«Ақ қайың» шипажайынан жоғары барлық беткей ұсақ учаскеге бөлін­ген. Бір кездері мұның бәрі шаруа қожа­лығының аумағы болған еді. Сосын қандай да бір «ғажайып» жағдаймен бұл жердің барлығы жекеменшікке өтті. Ең қорқыныштысы – қазір салынып жатқан құрылыс нысандары кез келген уақытта құлап кетуі мүмкін. Беткейлерді нығайту үшін арнайы бақтар отырғызылды. Осылайша, ауыл шаруашылығын жолға қойып, қаланың символы – апорт өсірдік. Кез келген уақытта осы коттедждердің үйінділері  астында қаламыз ба деген қорқынышта өмір сүріп жатырмыз», дейді жергілікті тұрғын Василиса Қуанышева.

Комиссия мүшелері тұрғындарды жағ­дайды жөнге келтіру үшін бар­лық шара қабылданатынына сендірді.

«Осы жер учаскелерінің қалайша жекеменшікке өтіп кеткенін анықтау қажет. Оның үстіне бұл учаскелер Іле-Алатау ұлттық паркімен шектеседі. Алайда парк аумағына 2 шақырым қашықтықта қандай да бір құрылыс нысандарын тұрғызуға тыйым салынғаны белгілі. Нақты шара қабылданады. Жергілікті тұрғындардың өміріне қауіп төндіретін заңсыз, ретсіз құрылыс жұмыстары тоқтатылуға тиіс», деді комиссия төрағасы, партия хатшысы Дәулет Кәрібек.    

Сонымен қатар аманаттықтар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті аумағында белсен­ділер­мен және қоғам қайрат­керлерімен кез­десті. Заңсыз берілген 1,09 гектар жер сот шешімімен университет меншігіне қайтарылады. Бұған қоса осы мәселе «Жер аманаты» комиссиясының бақылауына алынады.

«2017 жылы Есеп комитеті Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ иелігіндегі 1 гектар жер учаскесі жетіспеушілігін анық­тады. Бұл жер 2017 жылы әкім­дік­тің қаулысымен иеліктен шыға­рылған. Осы заңсыздық анықталды. Ұйғарым бар, мерзімі аяқталды, сондықтан қайтадан сотқа береміз», деді Бақытжан Базарбек.

Жер мәселесін жедел шешу үшін қазақстандықтар бүгіннен бастап барлық заң бұзу фактілері туралы Amanat партиясының «Жедел желі» 8 800 080 44 41 телефоны арқылы хабарлай алады.

Өтінімдер WhatsApp арқылы да +77008004441 нөмірі бойынша қабылданады.