Экономика • 12 Шілде, 2022

Тауарды шетке сатуға шектеу қою – қауіпсіздік кепілі

393 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кейбір тауарларды елден әкетуге белгілі бір шектеулер бар. Бұл экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қолға алынған. Жақында осы мәселеге қатысты Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары арнайы жиын өткізіп, түсіндірме берді.

Тауарды шетке сатуға шектеу қою – қауіпсіздік кепілі

Комитет бұған дейін тауарлардың жекелеген түрлерін өткізуді есепке алу жөнінде қанатқақты жоба әзірлеп жатқанын хабарлаған болатын. Бұл жобаның мақсаты – шектеулер енгізетін тауарлардың импорты мен экспортына мониторинг жүргізу. Жаңа жоба негізінен Ресей Федерациясына, сондай-ақ Беларусь Республикасына өткізілетін тауарларға мониторинг жүргізуді көздейді екен.

«Жалпы, қанатқақты жобаларды енгізу тұжырымдамасы ең алдымен, салықтық әкімшілендіруді жақсартудан және бизнес жүргізуді оңайлатудан тұрады. Мысалы, табысты жүзеге асырылған жобаларға шолу жасасақ, онда электронды шот-фактуралар, салық міндеттемелерінің орындалуы бойынша азаматтық бақылау, шағын бизнес пен жеке тұлғаларға арналған мобильді қосымша, темекі өнімдерін таңбалау және т.б. бойынша нормалар енгізілгенін көруге болады. Сондықтан қанатқақты жобадан күтеріміз көп. Тұтастай алғанда, тауарларды өткізу мониторингі бізге ЕАЭО елдерімен трансшекаралық сауда шеңберінде та­уарларды, оның ішінде уақытша шектеу­лер қолданылатын тауарлар бойынша бақылау жүргізуді қамтамасыз етеді», дейді Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева.

Әлем елдерінде өз аумағынан белгілі бір тауарларды әкетуге шектеулер енгізу бұрыннан бар. Мысалы, қазіргі таңда Ресей қант, астық және басқа да та­уарларды экспорттауға тыйым салды. Қазақстанда мұнай өнімдерін, астықты, қара және түсті металл сынықтарын және кейбір тауар позициялары елден әкету бойынша уақытша шектеулер бар. Бұл шаралардың барлығы мемлекеттердің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған және оларды ЕАЭО елдері дербес қабылдайды, дейді А.Сартаева.

Сондай-ақ елімізде Дүниежүзілік сау­да ұйымының тізбесіндегі тауарларды қадағалау тетігі жұмыс істейді, соның шеңберінде ЕАЭО елдеріне тауарларды экспорттау кезінде оларды міндетті түрде электронды шот-фактуралармен куәландыру көзделген. Бұл тетік өзінің тиімділігін әлдеқашан дәлелдеген екен.

Ал тауарлардың жекелеген түрлерін өткізуді есепке алу жөніндегі қанатқақты жоба әзірше талқылану үстінде. Осыған қатысты бизнес өкілдерінің ескертулері мен ұсыныстары да қаперге алынбақ. Бұған қоса, қанатқақты жобаның қаншалықты тиімді екені жан-жақты қарастырылып, барлық мемлекеттік органның талқысынан өтпек.

Жалпы, кейбір тауарларға жасалған шектеулерге қарап, елдер арасындағы сауда-саттық, алыс-беріс азаяды деген ой тумау керек. Айталық, қазір көп талқылауға түсіп жатқан Ресей Федерациясымен арадағы тауар айналымы кемімеген. Былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда сауда-саттық саласында да көп өзгеріс жоқ, тауар айналымы да сол көрсеткіш деңгейінде тұр. «Бұл ретте табиғи уран, болаттан жасалған тұтас таптамалы дөңгелектер және дизель отыны сияқты жекелеген тауар позициялары бойынша яғни экспорт үшін дәстүрлі болып табылатын қазақстандық өндірістің тауарлары Ресейге экспорттың өсуі байқалады. Осыған қарамастан Ресейге экспорттауға шектеулер енгізген тауарларды Қазақстан арқылы кері экспорттау фактілері байқалған жоқ», дейді комитет маманы.