Аймақтар • 13 Шілде, 2022

Бұрандалы сорғы шығаратын зауыт іске қосылды

399 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтау қаласында жылына 2 400 бұрандалы сорғы шығаратын зауыт ашылды. Жобаның құны – 5 млн еуродан асады және өндірісте 100-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады деген жоспар бар.

Бұрандалы сорғы шығаратын зауыт іске қосылды

Мұнай-газ саласына арналған өнім шығаратын кәсіпорынның ашылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбасаров, «KAZAKH INVEST» ұлттық компаниясы» АҚ Еуропа елдері бойынша өңірлік директоры мен франциялық «PCM Europe S. A. S» компаниясының басшылары қатысты.

Құзырлы орындар берген мәліметке сүйенсек, аталған кәсіпорын жылына 2 400 бұрандалы сорғы мен 600 жетек (привод) шығарады. Аталған өндірісті іске қосу арқылы өңірде жаңа жұмыс орындары ашылып, өндіріс орындары заманауи құрылғылармен қамтамасыз етілмек.

– Өңірдегі экономиканы дамытудың басым бағыттары өңдеу өнеркәсібі, көлік және логистика, агроөнеркәсіптік кешен, туризм және жаңартылатын энергетика екені белгілі. Соңғы бес жылда өңірге 7 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылғанын атап өткен жөн. Биылғы 5 айдың өзінде 229 млрд теңгенің инвестициясы тартылды, нақты көлем индексі – 101,0%. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы мерзімінде, яғни 2021 жылдың 5 айында 216 млрд теңге болған еді. Ал биыл облыста шамамен 120 млрд теңге сомасына 22 жобаны іске асыру жоспарланып отыр, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбасаров.

Алдағы уақытта бұрандалы сорғы шығаратын зауыттың алғашқы жылдағы қауқары 1 600 бұрандалы сорғы және 400 жетек (привод) болмақ. Ал үшінші кезеңде оның көлемін жылына 2 400 сорғы мен 600 жетекке (привод) дейін ұлғайту көзделген. Бұл қосымша 100 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек.

 

Маңғыстау облысы