29 Сәуір, 2014

«Қашағаннан» тартылған құбыр толық ауыстырылады

365 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 29-04-14-kashagan-1

АТЫРАУ. 29 сәуір. «Қашаған» кен орнынан «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысына дейін тартылған мұнай және газ құбырын толықтай ауыстыру жоспарлануда. Бұл туралы НКОК компаниясының баспасөз қызметі хабарлады. Өткен жылдың 11 қыркүйегінде «Қашаған» кен орнынан мұнай өндіру басталған еді.  Алайда, 24 қыркүйекте «D» аралынан «Болашақ» зауытына тартылған жерүсті құбырында газ көлемінің кемуі анықталды. Осыған байланысты кен орнын пайдалану жұмыстары уақытша тоқтатылды. Ережелерге сәйкес, Төтенше жағдайлар департаменті мен тиісті бақылаушы органдарға орын алған оқиға жөнінде дереу хабар берілді. Құбырға баратын жол ашылып, құбырдың тиісті жіктері ауыстырылды. Өндіріс қайта жаңғыртылды, бірақ, 9 қазанда кему жағдайы анықталғаннан кейін өндіріс қайта тоқтатылды. Ақаулы құбырлар жасанды аралдан («D» аралы) «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысына дейін мұнай мен газды тасымалдауға арналған. Әрбір құбырдың ұзындығы шамамен 90 шақырымды, диаметрі 28 дюймді құрайды. Бүгінгі таңға дейін жасалған зерттеулердің нәтижелеріне сүйене отырып, ағымдағы бағалауға сәйкес мұнай құбыры да, газ құбыры да толықтай ауыстыруды қажет ететіндігі анықталып отыр. Бұл зерттеу жұмыстары аяқталғасын растауға жатады. Оператор қазіргі таңда құбырды толықтай ауыстыру жоспарын әзірлеп жатыр. Оны биылғы жылдың ортасына қарай аяқтау жоспарлануда. Бұл жоспар жабдықтаушылар мен мердігерлерді таңдау жөніндегі тендерлерді өткізуді, қолда бар негізгі құрал-жабдықты пайдалана отырып, материалдың спецификацияларын анықтауды қамтиды. Мұндағы мақсат – өндірісті  ықтимал түрде мейлінше тезірек жаңғыртуды есепке ала отырып, құбырларды ауыстырудың ең оңтайлы жоспарын әзірлеу. Алдын-ала сақтық шарасы ретінде және уақытты жоғалтпау үшін консорциум құбыр сегменттерін сатып алу үшін тендер өткізуге кірісіп кетті. Жолдасбек Шөпеғұл. Дереккөз: НКОК компаниясының баспасөз қызметі. Фото: kapital.kz.