Әдебиет • 13 Шілде, 2022

Бақыт формуласы

388 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кез келген өлең, өлең ғана емес, шын таланттың жанынан туған әдеби туынды құдіретке жүгіндірмей қоймайды. Бір қарағанда маған жүгін, қайталап мені оқы деп жалындап немесе мөлдіреп тұрғандай көрінгенімен, ой көзімен қайта үңілсе Құдайдың құдіретіне табындырады. Сезімді, арды, көңілді, пейілді, ықыласты, бір сөзбен айтқанда Тәңірінің адам баласына сыйлаған ең басты артықшылығы махаббатты түйсіндіруге саяды. Қандай жағдай төнсе де, пенде баласының адам болып қалуы – кеудесіндегі сүйіспеншілік сезімге, махаббатқа байланысты екені бұрыннан белгілі. Осындай ең аяулы сезім – махаббат пен достықты біз тұңғыш рет Шахановтың «Танакөзінен» түйсінгендейміз.

Бақыт формуласы

«Ізгілік пен ізеттің байлауында,

Мама қаздар самғайтын қойнауында.

Достық атты қазына аралы бар

Сонау Мақсат тауының жайлауында»

Көкейден сөз суыру – кеудеден жан ­суы­румен пара-пар білгенге. Жан-жүрегінің ең аяулы, асыл сезімдерін өзегінен жұлып берген ақын өзгенің жүрегіне жылу сыйлап, түйсігін оятып қана қоя ма? Жан біті­реді. Ақылына, ойына, сезімі мен арына. Сезімге қанат бітіріп, сөзге жан бітірудің өзі оқырманның раухани әлемін байыту деген сөз. Демек автор өзіне тұқымдыққа ғана алып қалып, жарты жанын жұлып берген шығармаға. Ең аяулы, нәзік жаратылысқа саналғанымен Тәңірінің қалауымен дүниеге келіп, өсіп-жетілген жан мен рухтан күшті әрі дамытушы құбылыс жоқ дер едік. Шын ақын жазған сайын, ішіндегісін сарқып берген сайын түлейтіні сондығынан емес пе? Өз ішінен түлеп, жаңғырып отыруға бейім «Тәңірінің берген өнері» (Абай).

Махамбеттей жігерлендіріп жырлайтын Мұхтар Шаханов шығармаларын бір қы­дырып шыққанда осындай ойға қаласыз. Біз «Танакөз» бен «Ғашықтық ғаламатын» оқып өстік десек, аздық етер еді. Кемшін со­ғар едік. Біз осы екі шығармамен өмір сүр­дік. Мектеп оқушысы кезімізде-ақ жас­тап оқы­дық. Бұлақтай мөлдір сезімдерді был­ғап алмау­ды, достықта ар-ожданды биік ұс­тау­ға тал­пындық. Асқақ сезім қанатында ар­ман-қиял­ға ілестік. Ізгілік пен ізеттің бәрі шын ақын жазған шығармаларда тұратынын сездік.

Бала күнімізден құлағымызда қалған әннің сөзі екен: «Қуаныш пен бақытты мүсіндеген, келбетіңнен сенімнің күшін көрем». Талдап келіп жіберсе бұл да талайғы сөз. Дүниеде қуаныш пен бақыттың өлшемі мен кескіні бар да шығар, кім біліпті? Сезініп қана біле­тін дерексіз нәрселердің құны өлшеусіз ғой. Ақындар өмір бойы жырлап өтетін құбылыстар осы екі жолға сыйып кеткеніне қайран қалдырмай қоймайды автор. Адамзат баласын осы күнге дейін ұстап тұрған үміттің жібі мен сенімнің күші десек, олар да осы екі жолда. Бақыт формуласына пара-пар екі жол. Сұлу жар, сүйген жар, асыл жар, әрине бақыт формуласы.

Қайсысын бұрын жазғанын білмеймін, ақынның тура осы екі жолды тарқатып, ашып берген «Тереңдік жыры» деген өлеңі бар. Жоғарыдағы екі жолдан бұрын жазылуы да мүмкін. Бірақ ол да маңызды емес. Ма­ңыздысы – ақынның іңкәр сезіммен сұлу­лыққа бас июі. Шахановтың бас июінің әр жағында ерлік жатады негізі. Жалпы адамзат баласы сұлулықты, асылды мойындайды-ау. Бірақ соған талпынып немесе қасиетіне жетіп өмір сүру басқа әңгіме деген ойдамыз. Ондай биікке шығаратын қасиет – ерлік, кесек мінез деп білеміз. «Қуаныш пен бақытты мүсіндеген» сенімі күшті сұлу­лықты мойындау өз алдына, соған пара-пар алапат сезім мен рухты арқау қылып, онымен өмір сүруге құдіретің жетуі керек қой. Автордың біз айтып отырған «Тереңдік жыры» әлгіндей серттің есігін айқара ашады. Со­ған қа­рағанда, махаббат пен ерлік егіз сияқты. Махаббатты танитын, танытатын ерлік. Ал махаббат, сұлулық болмаса ерлік жасалмайтындай сезіле ме, біртүрлі. Ақыл-ойың жете бермейтін осындай сұмдықтарды түйсіндіретін өлең емес пе?

«Өзіңсіз келген күндерден,

Өзіңсіз терген гүлдерден,

Өзіңсіз кешкен ойлардан,

Өзіңсіз өткен тойлардан

Жалығып біттім, жаным-ау.

Мен десе жаның даладай,

Мен десе күлкің мөп-мөлдір,

Лақылдап жанған өсек пен отқа қарамай,

Сен маған арнап әуенін салдың көктемнің.

Өзіме-өзім ете алмай қалсам иелік,

Күшімді жидым, арманым, саған сүйеніп.

Сен менің асқар белім боп,

Шалқисың кейде шадыман шалқар

көлім боп.

Көңілінде терең көлі бар

жандар бақытты,

Көңілінде терең көлі бар жанға

өлім жоқ.

Тереңім сенсің, еңселім,

Өлеңім сенсің, еңселім.

Парасат көркін қаншама әйел халқының

Мен саған қарап өлшедім»

деген ақын арасында сүйген жарына шек­тірген азабы мен мехнатын, оның сенімі мен шыдамын айтады. Соның бәріне төзген «әйел халқының парасат көркі» бір сүйсе құлай сүйерін, құлай сүйгендер асқақ тұрарын әйгілей келіп, «сол үшін таудай мерейім, сол үшін бақыттымын мен!», деп аяқтайды.

Дүниедегі бақыттың формуласы сонда ғана шығатын сияқты.