Бес атадан тұратын біздің алпыс үйлі аядай Жылымды ауылынан ғана алты-жеті бүлдіршін аштан өлмес үшін сол жылдары амалсыз балалар үйіне беріліпті. Оның алдында бірер жыл бұрын Жуантөбе баурайындағы Жаулыбай ұрандас ағайындар бас құрап, Баубек өзенін бөгеп кәтләбан деген айдын көл жасап, өзен бойындағы қа рағайлы алқаптын қыр жақ бетінен төрт-бес көше тартып, «Қарағай» атты ұжымшарға ұйысқан болатын. Жаңа елді мекеннің шет жағына менің жиырма сегізінші жылдың аяғында бай-кулак қатарында тәркіленген кіші атам Төкежанның «Ұста-қарағайдың» бауырындағы төрт бөлмелі үйін көшіріп әкеп бастауыш мектеп ашқан. Ал ауқаттылардың ортаға түскен малынан ұжымшар фермасын ұйымдастырып, «Айдарлы» мен «Әупілдек» алқабын жыртып, егін салып, сол күзде тәп-тәуір астық жинағаны бар. Сөйтіп, бірлескен еңбектің жемісіне ел енді шүйги бергенде жеке меншікте аша тұяқ қалмасын деген асыра сілтеу науқаны басталып, жарлының жалғыз сиырына дейін сыпырып-сиырып ортаға түсірді. Ақсыз қалған жұрт шайлық сүт үшін ертеңгі, кешкі сауын кезінде топатайлары даңғырлап, қауғалары қаудырлап ферма маңын торитын болды. Шолақ белсенділер болса, ортақ игілікті ортақшылардың өзінен қызғанып, оларды шетінен қуып мал маңына жолатпай, сауылған сүтті кеспектерге құйғызып, қалаға жөнелтіп жатты.
Сол жылы қыс та тым ерте түсіп, сақылдаған сары аяз апталап айықпай тал қораға қамалған ірі қара азық жетпей, күтім болмай, суыққа ұшып, сауын сиырлар ақпан-қаңтар тумай-ақ қырылып бітті. Қалың қасат қардан тебіндік шөп таба алмай, жығып берген қарағай, қайыңның қабығы мен бұтағына ғана қарап қалған жылқы жануар қаншаға шыдасын, ортаға түскен қамбар-ата тұяғының төрттен үші көктемге жете алмады. Сойып жейтін малы жоқ, пісіріп жейтін наны жоқ, қуырған бидайдың өзіне зәру жұрт аштыққа ұшырап, алды ісіп-кеуіп өле бастады. Әсіресе, жаңа туған сәбилердің санатқа қосылғаны ілуде біреу ғана болды. Бұлайша бір жерде ұйлығып отыра берсе, тайлы-тұяғы қалмай қырылып қалатынын білген жұрт «бүйткен ұжымдарың құрысын» деп, шолақ белсенділердің «қырамыз-жоямыз, соттатамыз» деген қоқан-лоқысына қарамай, қыстан аман шыққан бірер қарасын жетелеп, көктем туа бұрынғы құтты қоныстарына қарай жөңкілді. Өз қыстауларында екі-үш үй отырып күн көре алмайтынын білген ағайындар бірлеспей болмайтынына көзі жетіп, осы өңірдің кіндігі іспетті Басқарағай орманы мен Бұзауөлең көлінің арасындағы Есжан ауылына табан тіреп, елу-алпыс түндік дербес ауылшаруашылық артелін құрды. Оны осы өңірдегі үлкен көлдің атымен «Жылымды» атады.
Алайда аранын ашқан алапат аштықтан құтылу оңай болған жоқ. Аштан өлмес үшін ересектер басын тауға да ұрды, тасқа да ұрды, құсқа – тұзақ, қоянға қақпан құрды, саздау жерден жуа мен қымыздық терді. Қыстан құр сүлдесі шыққан қой-ешкі мен жалғыз жарым ірі қара сүт бермек түгіл төлін әрең асырады. Әсіресе, аштан бұратылған сәби балалардың жаудыраған көзі жанды мүжіп, жүректі езді. Соларға несібе іздеп ер азаматтардың біразы жүрген аяққа жөргем ілінер ме екен деп, мемлекет қамқорлығындағы жаңадан құрылып жатқан кеңшарларға жұмыс іздеп аттанды. Әйткенмен, түпкілікті халықтың өкілдерін жұмысқа қабылдау жаңадан құрылған шаруашылықтардың басшысына байланысты еді. Мәселен, Қорғалжын өңірінде ұйымдастырылған «Шалқар» кеңшарының орталықтан жіберілген директоры Н.Железняк деген біреу қазақтарды жұмысқа алу былай тұрсын, ашығып жәрдем сұрап келгендерге өлген малдардың еті мен қаймағы алынған сүттің көк суын бергендердің өзін қызметтен шығарып жіберген. Бір жылда ол шаруашылыққа маманы бар, қатардағы жұмысшысы бар екі жүзден астам адам қабылдаған екен. Солардың арасында бірде-бір қазақ болмаған. Бәрі де Орталық Ресейден жер ауып келген кілең кулактар мен солардың қызметшілері болып шыққан. Сондықтан әр аймақта бір-бірден ұйымдастырылған ондай кеңшарларға жұмыс іздеп, күнкөріс үшін кеткендердің көбі салы суға кетіп, кері қайтты.
Әйтеуір аштықтан өлім қаліне жеткен сәбилердің обалына қарады ма, әлде халықтың жарымына жуығы қырылған соң биліктің есі кірді ме, әр-әр жерден балалар үйін ашып, панасыз бүлдіршіндерді қабылдай бастады. Қиямет нәубетке қылар қайраны жоқ ата-аналар бауыр еті – балдырғандарының көз алдында қиналып өлгенін көрмейін, тірі болса бір табылар деп балаларын әлгі жаңадан ашылған мекемелерге берді. Сол сәбилердің кейінгі тағдыры беймәлім, көбі хабар-ошарсыз кетті. Сол тұста балалар үйіне біздің ауылдан алынған жеті баланың біреуі – Сүлейменнің Дауылбегі ғана оралды. Оның өзі де Отан соғысының сұрапыл кезінде балалар үйі тарап, көшеде қалған жерінен табылды.
Әуелі, оның түр-түсі біздің тұқымға ұқсайды екен деп, көшеде жүрген жерінен іш тартып немере апасы Бақира өз үйіне ертіп әкепті. Байғұс бала «Дима» боп жүргенмен қазақша аты-жөнін ұмытпаған екен. Балалар үйіне бірге алынған үш жас үлкен ағасы Мырзабек басқа топқа ауыстырарда «Сүлейменов Дауылбек екеніңді ұмытпа» деп қадай-қадай тапсырыпты. Сүйінші сұрап, оны алып келген де әлгі әпкесі. Соғыс жылдары үлкен екі ұлын майданға аттандырып тұңғыш келіні Сәленнің қолына қарап қалған қарт әкесін күтісті ол.
Сол жылдары біздің ауылға балалар үйінен шыққан түрі қазақ, тілі орыс тағы бір-екі жеткіншек келді. Ие шығар ешкім болмаған соң әр үйде бірер қонып, шаруасын жайғасып жүріп, екі-үш аптадан соң із-түзсіз кетіп қалды. Ал Дауылбек болса, оған ауыл адамдарының ешқайсысы да күмән келтірген жоқ. «Мұрны қоңқиған, ерні дүрдиген, сүйегі ірі Иса тұқымының тап өзі» деді де қойды. Оның әкесі Исаның Сүлеймені де алпамсадай атан жілікті атпал азамат болатын. Жасында көрші селолардың казак-орыстарына қырғидай тиіп, қажет нәрсесін берсе қолынан, бермесе жолынан алып жүреді екен. Көк бедеуін ойнатып, елдің шетіне ол кіргенде-ақ мұжықтар «о, тамырлап» ұны мен картобын қапшықтап өңгертіп жіберетін көрінеді. Ауылы Жуантөбенің етегін жанай өтетін қасқа жолдың бойында болғандықтан өткен-кеткен жүргіншілер ат шалдырып, керек-жарағын солардан алып тұратын болған. Бірде зергерлік әшекей бұйымдармен сауда жасайтын бір көпес жолай соғып, тауарын жайып салса, бір алтын сақинаға көзі түскен Сүлекең қолына алып әрі-бері аудара қарап: «Өй, мынауың жез ғой, әне қарашы жеп-жеңіл» деп бас бармағымен жоғары қарай шертіп жібергендей ишарат жасап, шаңырақты нұсқапты. Саудагер татар сақинасы шаңырақтан асып, сыртқа түскен екен деп, далаға ата шығып, әрі іздеп, бері іздеп түк таба алмай: «Ай, Сулайман, Сулайман!» деп басын шайқай-шайқай аттаныпты. Шертіп жіберген боп, жеңінің ішіне түсірген сақинаны ол төрт қыз, төрт ұл тауып берген бәйбішесіне сыйлапты.
Ашаршылық кезде ондай олжа қайдан түссін. Тіпті қап-қап ұн мен бидайын мажар арбаға тиеп, пар-пар атпен дуан жаққа ағылып жататын орыс мұжықтарының керуені де тыйылған. Аптасына бір-екеуі өтсе маңына жан жолатардай емес, мұздай қаруланған, бәрінің де мылтығы бар. Үйде қуырып жейтін бидай да қалмай, балалар ашыға бастаған соң Сүлекең нартәуекелге бел буып, жол торуға шықты. Екінші күні Сарыөзектің көпірінен астық артқан бір арбалы көрінді-ау әрең. «Қарүйгеннің» қылтасынан баяғы көк бедеудің сіңлісі көкбие мен төтеден қосылған Сүлеймен керуеннің қасынан ағызып өте беріп, бір қап ұнды өңгеріп, бұрыла бергенде сақ отырған мұжық жандәрмен жармасып, биенің жүгенін сыпырып алды, үріккен көк бие жалт беріп, жебеше зулап, алақашқан бойы Сулықамыстың жағасындағы шоқ қайыңға тіреліп бір-ақ тоқтады.
«Милицияға хабарлап, сен қарақшыны абақтыда шірітерміз» деген мұжықтардың байбаламын құлағы шалған Сүлеймен аттан түсіп, нән қапшық бидайды бір ағаштың түбіне жасырып, үстіне ертоқымды қойып, биесін қоя берді де, үйге ағаш-ағаштың арасымен жаяу келді. Қазақтың милиция дегенінен әзірейілдей қорқатын кезі ғой. Үйде отырса ұстап әкетер деп ойлаған ол бидайды қай араға жасырғанын айтып, Елікті тауында жаңадан ұйымдасқан жылқы зауытына тартты. Ондағы ойы қарт деп өзіне жұмыс бермегенмен ер жетіп қалған үлкен екі ұлы Қойшыбек пен Балтабекті жылқы бағуға алар деген дәме еді. Өзі осылай әуре-сарсаңға түсіп жүргенде ауылға аудан орталығынан арнайы адамдар келіп аштыққа ұшыраған сәбилерді балалар үйіне жинап, мұның екі кіші ұлы Мырзабек пен Дауылбекті алып кетіпті.
Бір қызығы, Жеңіс жылының екінші қысында туған-туыстарын Мырзабектің өзі іздеп келді. «Сүлекең жасында сәл-пәл тентектігі болғанмен, қазаққа қылдай қиянаты жоқ, құдай деген жан ғой, сонысына қарай Алланың өзі жарылқап жатыр» деп шуласты ауыл. Шынында да, Балтабегі омырауын орден-медальға толтырып соғыстан аман оралып, ауылдық кеңестің төрағасы боп жүрген. Қойшыбегін күтіп еді, оның орнына Мырзабегі іздеп келді. «О, братан!» деп Дауылбек екеуінің құшақтаса кеткені күні бүгінгідей көз алдымда. Бар мәзір, жоқ жайын жайып сап, Сүлекең үйі әжептәуір той жасады. Бір айдың аржақ-бержағында келіншек әперіп, аяғын тұсады. Балтабектің аты жүріп тұрған тұсы, ауылдан қолайлы қызмет табылмаған соң, Көкшетау қаласының бір мекемесіне жұмысқа орналастырып, жалға пәтер тауып берді.
Менің алтыншыда оқып жүрген кезім. Кейде Мырзабекті ара-тұра біздің мектептен ұшыратып жүрдім. Кездесе қалса, жылы шырай танытып, арқамнан қағып, келіншегіне: «қайның ғой, танимысың?» деп жататын. Әкесі мен ағасындай кесек бітімді емес, бойшаң болғанмен қағілез, қараторы, ашаң жүзді, сымбатты да сұлу жігіт еді. Алайда біздің жаққа көп тұрақтамады, айналасы жылға жетпей ұшты-күйлі жоғалып кетті. Бағы жанбаған жеңгеміз де қайда, қай жаққа кеткенін білмей дал болды. Содан сол «ағамыз» күні бүгінге дейін хабар-ошарсыз. «Михаил Қуандықов» деген аты-жөнін өзгертіп, Сүлейменнің атына түспей жүргенінде бір гәп болды ма екен? Әлде, сонау сұрапыл нәубет тұсында көз жазған бауыр еті – балаларын мәңгі бақи аңсап, есінен екі елі шығармайтын қамкөңіл ата-аналарды алдап, қолда барын ішіп-жеп, тойған соң тайып тұратын дәніккен алаяқ па? Аңқау қазақ, оның үстіне көңілі алаң, үміті өшпейтін ата-ана байғұс неге болсын сенеді ғой.
Осындай бір оқыс оқиға елуінші жылдардың басында біздің ауылда тағы да қайталанды. Дүйім жұрт атын атамай, «Жәке» деп әспеттейтін Сәкен қарттың баяғыда балалар үйіне берілген немересі аяқ астынан табылды. Оны ауылға баласы Қошан ауданда жауапты қызмет істейтін Нұртаза дейтін жамағайынымыз алып келді. Бала-шаға деген баршылық Жәкеңнің үлкен ұлы Мейрамның Рабиға, Рәзия, Ғазиза деген үйелмелі-сүйелмелі үш қызы бар еді. Аштық алқымнан алғанда шиеттей бүлдіршіндер ісіп-кеуіп көз алдымызда майып болмасын деп, ересектеу Рәбиғасын алып қалып, кіші екеуін балалар үйіне тапсырған емес пе. Бір жылдан соң жағдай оңалуға бет алғанда ата-анасы ізін суытпай іздеп, Рәзиясын алып қайтады.
Қызын алып қайтуға барғанда балалар үйінің бастығы орыстан сондай бала бар ма, деп сұраса, ол қағаздарын қарап жіберіп, «Да, живет Сакенова у нас» десе керек. Орысшаны шала түсінген Мәдиян шешей: «Ондағылар біздің баланы Дөжебек атайды екен» деп келіпті. Содан Рәзия қашан тұрмысқа шыққанша «Дөжебек» атанып кетті. Ал әу баста әпкесінен айырып, басқа топқа бөліп жіберген Ғазиза ізім-ғайым табылмай жүрді.
Қошанның келіншегі Балқия бір күні қонып шығар үй таба алмай көшеде жүрген бір бойжеткенді үйіне ертіп әкеледі. Шай-суын ішіп отырып, жөн сұраса, мейман қыз кәмелетке жасы толған соң, балалар үйінен шығарылып, не жұмыс, не туыс таба алмай сарсаңға түсіп жүрген сормаңдай екен. Тәлкекке түскен тағдыры ашаршылық жылдарының тақсыретіне барып тірелетінін аңғарған аңқылдақ Нұртаза қария:
– Балам, сөзіңе қарағанда, осы сен біздің ауылдың тумасы болып жүрме? Сәкен деген сыйлы ақсақалымыздың бір немере қызы аштық кезінде детдомға тапсырылып, содан еш хабарсыз кеткен еді. Мәдиян бейшараның қапияда көз жазып қалған қызын ойлағанда көкірегі қарс айырылады. Мүмкін, сен соның қызы шығарсың. Түр-түсің де сол үйдің балаларына ұқсап тұр. Барсаң, ертең-ақ ауылға алып барайын, – деді.
Сол күні Жәкең үйінің қуаныш-шаттығында шек болсайшы. Өлгені тіріліп, өшкені жанғандай болған отбасы мәре-сәре, ағайын-туғандар мен көрші-қолаң да мәз-мәйрам. «Мейрамның отыз екінші жылы кеткен қызы табылыпты» деген игі хабарды естіген ауыл тайлы-таяғы қалмай құтты болсын айтуға ауылдың шет жағындағы ағаш қойнауында тұрған Жәкеңнің үйіне қарай ағылды.
– Құдай-ай, мың да бір тәубе! Майданнан оралмай қалған Мейрамым мен Кішкенемнің қайғысын үміт үзіп қойған қаршадай қызым табылып, сәл де болса ортайтты-ау! Ризамын Аллаға! – деп Сәкен қарт сақалы жаспен жуылып, алақанын аспанға жайды.
– Рабиғам мен Рәзиямның өмірден ерте өткеніне өзегім өртеніп, қабырғам қайысушы еді. Мен бейбақтың көз жасын құдайым көрген екен. Ғазизамды қара шаңырағыма қайта оралтты ғой. Тәубе, тәубе! – деп Мәдиян шешей қызын бауырына қайта-қайта басты.
Титтей бір қуанышты ұлан-асыр тойға айналдырып жіберетін қазақы салтпен біздің «Жылымдыда» тағы бір той-думан дүркірей жөнелді. Топ етіп аспаннан түсе қалған періштедей жұрттың бәрін шулатып, аяқ астынан табылған қызға күмәнмен күдіктене қарағандар да болды. Өзімнен үш-төрт жас үлкен бойжеткенге мен де сын көзімен қарадым. Былайынша, бәденді, қараторы, қима қас, жанарлы қара көзінде мұң табы бар, бір көрмеге сыр бермес салмақты қыз. Бой-бітімі, астыңғы ернінің сәл шығыңқылығы осы үйдің жандарына ұқсайды. Сонысының өзі-ақ күмән-күдікті сейілткендей.
Арада бірер апта өткен соң ол шешесін ертіп жүріп, ауыл-үйді аралап, ағайын-туыстармен танысты. Жүріс-тұрысы келісті, артық-ауыз сөзі жоқ, онша-мұншаға күле де бермейтін ұстамды да орнықты қыз сияқты көрінді. Орталау білімі бар, орысшаға жетік байсалды бойжеткенге ауылда көз салған жігіттер де табылды. Бірақ олардың біріне де иліккен жоқ ол. Кейде қалаға барып қайтады. Інісі Сейілханға базарлық алып келетіні де бар. Осылай көктем, жаз өтіп, ауылға ол әбден бауыр басқандай еді.
Сол жылы күзде институтқа түсіп, қыста каникулға келсем, «олжа әпкемнің» орны бар да, өзі жоқ. Қыс түсердің алдында киім-кешек аламын деп қалаға кеткен екен, сол бетімен шу қарақұйрық із-түзсіз кетіпті. Біреулер вокзалда билет алып тұрған жерінен көрген екен, бірақ қайда, қай жаққа кеткенін ешкім білмейді.
– Сол сайтанның көзге күйік болып келгенінен келмегені жақсы еді. Өлгені тірілгендей өкпесі үзіліп іші-бауыры елжіреп, қуанышы қойнына сыймай жүрген Жәкең мен Мәдиян ол хабар-ошарсыз кеткелі қабырғасы сөгіліп, әбден мүжіліп бітті. Балалар үйі қайбір дұрыс тәрбие беруші еді. Олардан шыққан жастардың, жылпос болатыны тегін дейсің бе?! – деп күрсіне жауап қатты анам менің «Олжа қыздарың тайып тұрған ба?» деген сауалыма.
Әрине, балалар үйінің бәрі бірдей емес қой. Соларда тәрбиеленіп-ақ ғылым шыңына құлаш ұрған, ел басқарып абырой-беделге бөленген даңқты да атақты адамдар аз ба! Бұрнағы жылы тоқсан жасы тойланған академик апамыз Патшайым Тәжібаеваның ата-анадан ерте айырылып балалар үйінде өскенін естігенімде қатты тебіренгенім бар. Қазағы қалың өңірде балалар мекемесінде балаларға зайырлы білім мен қазақы тәрбие қатар беріледі ғой. Ал орысы жыртылып айырылатын солтүстік өңірдегі балалар үйінде тәрбиешілердің бәрі дерлік сол ұлттан болғандықтан алдымен есімдері орысшаға орайластырылып, сосын сезімдері шабақтала бастайды. Артынан аты-жөні түгел орысшаланып, ұлтына дейін өзгертіп жазылады. Ашаршылық жылдары балалар үйіне тапсырылған сәбилерінің көбін қазақтардың таба алмай, үміт үзіп қойғанының бір себебі осында жатыр ма деп ойлаймын. Өйткені, атақты Александр Матросовтың орыс емес, балалар үйінде өскен башқұрт баласы екенін жұрт бертін ғана білді емес пе. Кейде теледидардан аты-жөні орыс, түр-тұлғасы қазақтан айнымайтын азаматтарды көргенде осылар сонау нәубет жылдары балалар мекемесіне тоғытылған ағаларымыз бен әпкелеріміздің ұрпағы емес пе екен деген алақұйын ой келеді басыма. Қасақана қолдан жасалған алапат аштық жұртты жаппай қырып қана қоймай, судай сапырып, мидай араластырып жібергенін жасырып қайтеміз.
Сарбас АҚТАЕВ,
жазушы.
АЛМАТЫ.