Сарапшылардың айтуынша, шамамен 10 шақты жыл бұрын жасөспірімдер арасындағы қылмыстың басым бөлігі ұрлық жасау, қарақшылық шабуыл, мүліктік қылмыспен қатысты еді. Аса ауыр қылмыстар ілуде біреу болмаса, жиі кездеспейтін. Ал қазіргі қылмыс ұрлық-қарлықтан адам өміріне қауіп төндіруге ауысты. Мәселен, Ақтөбедегі оқиға халықты шошытқан еді.
Естеріңізде болса, таяуда анасын өлтірді деп айыпталған 16 жасар оқушының соты басталды. Ол екі ай бұрын күдікті деп танылған 18 жастағы жігітпен бірге қамауға алынған-ды. Тергеушілердің мәліметіне сәйкес күдіктілер 40 жастағы әйелді өлтіріп, денесін балконда жасырған. Ақтөбе қаласы Алматы ауданының прокуроры Жасұлан Дәулембаев айыпталушылар қылмыс жасағаны туралы тек бірнеше күннен кейін ғана хабарлағанын айтады. Бүгінде екеуі де кінәсін мойындап отыр. Жасөспірім қыздың ешқандай туысы жоқ, анасымен жалғыз өскен. Қылмыстың басты себебі – оқушы қыз бен мас болған анасының арасында туындаған жанжал. Жасөспірім қыз анасынан «бала күнінде көрген қорлығы» есіне түсіп, бірнеше жерден пышақтаған. Айыптары дәлелденсе, жігіт пен оқушы қыз 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін.
«Қылмысқа баратын жасөспірімдер – отбасының жағдайы нашар, тәрбие көрмеген, жүгенсіз кеткен балалар», дейді педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, психолог Айсұлу Тасымова. Осы орайда бала тағдырына жауапты ата-ананың салғырттығы балалар қылмысына жол ашқанын аңғару қиын емес.
«Әр балаға әке-шешесі тиісті дәрежеде көңіл бөлсе, балалар тарапынан орын алатын қылмыстық істердің алдын алуға болады. Өйткені отбасындағы келеңсіз жағдайлар балаға теріс әсерін тигізбей қоймайды. Әсіресе маскүнемдікке салынып кеткен отбасының баласы қандай өмірге тап болатынын елестетудің өзі қиын», дейді А.Тасымова.
Сарапшы жасөспірімдердің қылмысқа баруының негізгі себебі нақты мақсат-мүддесінің жоқтығы екенін ескертеді. Сондай-ақ ата-аналардың көпшілігі жұмысбастылық салдарынан балаларына көңіл бөлуге мүмкіндігі жоқ.
«Әрбір ата-ана өз баласының өмірі, тағдыры үшін жауапты. Осы жағынан алғанда, кемшіліктер жетерлік. Қазір отбасындағы ерлі-зайыптылардың екеуі де жұмыстан қолы тимейді. 8 сағаттан да көп уақытын жұмыста өткізетіндер қаншама. Ал бала қараусыз қалса, оны қылмысқа итермелейтін себептер де аяқ астынан табыла кетпей ме? Сондықтан елдегі еңбек шартына атап айтқанда, 8 сағаттық жұмысты 5 сағатқа дейін қысқартуды қарастыратын өзгертулер енгізу қажет деп санаймын», дейді ғалым, еңбек құқығы саласының сарапшысы Бибігүл Нұрашева.
Психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағанов жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа жиі баруының түрлі себебі бар екенін айтады. Мәселен, психологиялық тұрғыдан алғанда жасөспірімдердің қылмысқа баруына итермелейтін негізгі себептер отбасылық қарым-қатынастың әлсіреуіне байланысты. Сондай-ақ баласының қандай нәрсемен айналысып жүргенін бақылай алмау, жасөспірімдердің кімдермен дос болып жүргенін білмеу де әсер етеді. Жасөспірімдердегі әлеуметтік өмір туралы ақпараттың жетпеуі, жас ерекшелік өзгерістердің де ықпалы бар. Кез келген нәрсеге сеніп қалу, еліктеу қасиетінің жоғарылауы, жеткіншектік негативизм, өмірлік құндылықтардың әлі толық қалыптаспауы жастардың бойынан табылады. «Ата-аналардың баласына қажетті зияткерлік және адамгершілік тәрбиені бере алмауы да үлкен рөл ойнайды. Тәрбие беруге ата-аналардың білімі мен дүниетанымының жетіспеуі. Осы мәселелер жасөспірімдердің қылмысқа баруын жиілете түседі», дейді психолог.
Статистикалық деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда елде 6 716 565 отбасы бар. Оның
2 416 364-і ғана жағдайы – жақсы отбасылар қатарында. 873 974 мың отбасының жағдайы – қанағаттанарлық, 1 156 815 отбасы дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатыр.
890 432 отбасының жағдайы – нашар (ең көбі Алматы облысында 106 247, Түркістан облысында 85 985, ШҚО-да 69 986 және Алматы қаласында 77 738) және 1 378 980 отбасы ерекше бақылауда тұр. Ал 625 мың бала аз қамтылған отбасыларда тұрады, сонымен қатар 97 мың бала – ерекше балалар қатарында. Аталған мәліметке қарасақ, елде жағдайы жақсы отбасылардан қанағаттанарлық, нашар және дағдарыс жағдайында өмір сүріп жатқан отбасылардың саны басым. Сондықтан жасөспірімдер қылмысының жиілеуі көп.
Ресми мәлімет бойынша осы жылдың қаңтар-мамыр айларында елде 574 кәмелетке толмаған жасөспірім құқық бұзушылық жасаған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,1 пайызға көп. Соның ішінде 38 кәмелетке толмаған жасөспірім теріс қылық көрсетсе, 536-сы түрлі деңгейдегі қылмыс жасаған. Мәселен, 254 адам ауырлығы орташа, 225 адам – ауыр, 44 адам – орташа ауыр, 13 адам аса ауыр қылмыс тіркелген. Кәмелетке толмағандар арасындағы заң бұзушылықтың басым бөлігі Алматы облысына тиесілі (66 оқиға). Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24,5 пайызға артық. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан (50 оқиға), Қарағанды және Түркістан облыстары (47 оқиға) да жасөспірімдер қылмысы көп аймақтар қатарында. Ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында (12 адам) тіркелген.
Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев бұл мәселеге құқық қорғау қызметкерлері де жауапты деп есептейді. Осы орайда интернеттің де өскелең ұрпақтың қалыптасуына өз әсерін тигізетінін тілге тиек етті.
«Өздеріңізге белгілі, 2021 жылы мектеп инспекторлары институты жойылып, қазір мектептерде кезекшілік жоқ. Жұмыс аймақтық негізде жүргізіледі. Уәкілетті органдардың дұрыс жұмыс істемеуі балалардың өз қиындықтарымен жалғыз қалуына және проблемаларды шешудің жолын таппай қалуына ықпал етеді. Көбінесе олар өз сұрақтарына интернеттен жауап іздейді. Сонымен қатар интернеттің қазақстандық сегментіндегі топтар жасөспірім аудиторияны қызықтырады. Осылайша, теріс әсерін тигізіп отыр», дейді Ж.Өмірәлиев.
Әйтсе де, бұл бағытта атқарылып жатқан шаруалар жетерлік. Мәселен, Бас Прокуратура Үкімет пен уәкілетті органдарға бірқатар ұсыныс енгізген көрінеді. Олардың кейбірі ішінара жүзеге асырылып жатыр.
«Ең алдымен, профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыру тәртібін айқындайтын құқықтық акт қабылдау қажет. Мәселен, 2019 жылы «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың профилактикасы және балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» Заңы аясында «Медициналық-әлеуметтік есепке алу» енгізілді. Бұл құқық бұзушылықтың жеке профилактикасының жаңа шарасы ретінде қарастырылады. Бірақ оны орындау тәртібі әлі күнге дейін іске аспай келеді. Бұл шара адамдарды медициналық, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсету, бейімдеу және оңалту мақсатында жасалады», дейді Ж.Өмірәлиев.
Сарапшы-ғалымдардың айтуынша, қылмысқа барған жасөспірімдердің әрекеттеріне әлеуметтік тұрғыдан да көптеген себеп ықпал етеді. Жасөспірімнің өзіне, қоғамға пайдалы іспен айналыспауы, бос уақытының көптігі, күні бойы бос жүру қылмыстық әрекеттің алғышарты саналады. Қолы бос бала айналасындағы ортаның кері ықпалына тез түседі. Әсіресе ғаламтордың әсері орасан зор. Таңнан кеш батқанға дейін балалар интернет желісінде отыратыны жасырын емес.
Құқық қорғау саласының мамандары жасөспірімдер қылмысы олардың өзіне қол жұмсауына әкелуі мүмкін екенін алға тартады. Елдегі соңғы жылдары балалар арасындағы суицидтің негізгі себептеріне қарасақ, басым бөлігі отбасында ата-аналары, туыстарымен арасындағы жанжалдарға байланысты орын алған.
«Ата-аналарға балалармен сенімді қарым-қатынас орнату қажеттілігін жеткізу, баланың депрессияға ұшырауының немесе өмірлік қиын жағдайдың алғашқы белгілері туралы хабарлау ерекше маңызды. Тек ата-ананың назары, қолдауы және қамқорлығы балалардың психологиялық әл-ауқатын жақсартуға, дағдарыстық жағдайдан шығуға көмектеседі», дейді Бас прокурордың орынбасары.
Қорыта айтқанда, жасөспірімдер қылмысы көбеймесе, азаяр түрі көрінбейді. Бұл мәселенің оңтайлы шешімін табу, шалыс басқан жастарды түзу жолға салу – барша қоғамның міндеті. Ендеше, оғландарымызды қате қадам жасаудан сақтандыруға құқық қорғау органдары ғана емес, әрбір азамат жауапты болуға тиіс.