Экономика • 14 Шілде, 2022

Негізгі өсім – кәсіпкерліктен

145 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шағын және орта бизнес елорда экономикасының драйверіне айналды. Өйткені шаһардағы жалпы өңірлік өнімнің 66,9 па­йызын дәл осы сектор қалыптастырып отыр. Демек астананы кәсіпкерлердің қаласы деп атауға толық негіз бар.

Негізгі өсім – кәсіпкерліктен

Ресми мәліметке сүйенсек, қазіргі таңда елордада 163 мыңнан аса бизнес субъектісі жұмыс істейді. Яғни елорданың әрбір үшінші тұрғыны шағын және орта бизнес саласында еңбек етеді. Қаланың шағын және орта бизнес субъектілері елдегі дәл осы секторға тиесілі жұмыстар мен қызметтердің 20 пайызын өндіріп отыр. Бұл ретте бизнес субъектілерінің өнім шығару көлемі 50 есе өскен.

Нақты секторда жаңа өндіріс­терді және әлеуметтік нысандарды іске қосу жыл сайын 20 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын құруға ықпал етеді. Оның ішінде шағын және орта бизнестің көрсеткіші шамамен 70 пайызға тең. Бұл тұрғындардың әл-ауқатына да оң әсер ететіні айтпаса да түсінікті. Осының нәтижесінде, шаһардағы орташа айлық атаулы жалақы 27 есе өсіп, 340,5 мың теңгеге жетті. Жұмыссыздық деңгейі 3 есе қысқарды. Бүгінде жұмыссыздық деңгейі 1998 жылғы 13 пайыздан 4,6 пайызға дейін қысқарды.

Астана есебінен мемлекеттік бюджетке түсетін түсімдер 106 есе ұлғайған. 1998-2022 жылдар аралығында астанадан мемлекеттік бюджетке түскен кірістердің жиынтық түсімі 13,4 трлн теңгені құрады. Оның 10 трлн теңгесі немесе 74,6 па­йызы республикалық бюджетке бағытталды. Сонда алынған трансферттердің әрбір 1 теңгесіне елорда республикалық бюджетке 3 теңге кіріс қайтарып отыр. 2015 жылдан бастап Нұр-Сұлтан республикалық бюджеттің донор-өңірлерінің қатарына енгені мәлім. Сол уақыттан бері ел қазынасына 200 млрд теңге аударған.

Астана алғаш құрылған сәттен бастап есептесек, қаланың жалпы өңірлік өнімі 327,5 есе, яғни 25,7 млн теңгеден 8,4 трлн теңгеге дейін өскен. 1997 жылдан бастап өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіші 94 есе ұлғайған. Дәл осы жылдан бастап қала экономикасына шамамен 12 трлн теңге инвестиция тартылған. Отандық инвестициялардың ағыны үш есе, ал шетелдік инвестициялардың ағыны жеті есе өсті. Қалада шетел инвестициясына елімізде баламасы жоқ жаңа жоғары технологиялық өндірістер құрылды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша инвестициялардың рекордтық көлемі тіркелді. Бір жылдық көр­сеткіш алғаш рет 1,2 трлн теңгеден асып түсті. Астананың инвес­ти­циялық тартымды қалаға айнал­ғанын осыдан-ақ аңғаруға болады.

Нұр-Сұлтан қалалық кәсіп­керлер палатасы ұсынған мәліметке сүйенсек, елорданың бизнес секторында әйелдердің үлесі қомақты. Астанадағы бизнестің 47 пайызына әйелдер жетекшілік етіп отыр. 2022 жылғы 1 қаңтардағы дерекке сүйенсек, астанада 191 мыңнан аса кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Соның 77 мыңнан астамын арулар басқарып отыр. Нақтырақ айтсақ, 58 225 жеке кәсіпкерліктің, 19 386 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жұмысына әйелдер басшылық етеді.

– Соңғы үш жылдың қоры­тын­дысы бойынша Нұр-Сұлтан қаласында бизнесті дамытудың оң динамикасы байқалады. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны жыл сайын артып келеді. Сонымен қатар әйелдердің белсенділігі де білініп отыр. Олар тамақтану, мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, білім беру және оқу орталықтары, сұлулық саласы секілді бағыттарда көптеп шоғырланған. Мысалы, «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 2021 жылы 1 312 қатысушы оқытылды. Оның 935-і немесе 71,2 пайызы – әйел. Жобаның 585 қатысушысы грантқа ие болды. Оның 476-ы немесе 82 пайызы кәсіпкер әйелдердің үлесінде, – дейді Нұр-Сұлтан қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев.

«Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында елордада 74,15 млрд теңгенің 48 жобасы мақұлданды. Оның ішінде 7 жоба кәсіпкер әйелдерге тиесілі. Олар бойынша қаржыландырудың жалпы сомасы 2,16 млрд теңгені құраған.

Бір кездері елорда мемлекеттік қызметшілердің қаласы делінетін. Ал қазір астана кәсіпкерлердің шаһарына айналды. Бас қалада бизнес бастауға, оның нарығында тұрақтап қалуға ниетті жандар көп. Осы орайда жастардың да бизнестегі белсенділігін ерекше атап өткен дұрыс. Армандар орындалып, игілікті идеялар жүзеге асатын елорда экономикасы елдің қуатын еселеп отыр.