Қоғам • 14 Шілде, 2022

Суға шомылғанда сақтық керек

422 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыста құтқарушылар дабыл қағуда. Суға шомылу маусымы басталғалы аймақта 15 адам суға батып кеткен. Оның екеуі – бала.

Суға шомылғанда сақтық керек

Жаз басталғалы ТЖД мамандары су айдындарында 2667 рейд және патрульдеу жүргізді. Қауіпсіздік туралы нұсқама ұйымдастырып, демалушыларға жадынамалар таратты. Жергілікті атқарушы органдармен бірге қауіпті учаскелерді көрсете отырып, 314 тыйым салу белгілерін орнатты. Бірақ азаматтардың суға батып кету жағдайы жиілеп барады. Ескертуді елемейді, немқұрайды қарайды. Маусым басталғалы 15 адам батып кетсе, құтқарушылар, полицейлер, демалушылар 11 азаматқа дер кезінде көмек көрсеткен.

– Ұсыныстарымыз бен тыйым салу белгілеріне қарамас­тан, азаматтар жүз пайыз қауіп бар жерде жүзгілері келеді. Яғни, ағыны қатты жерлер мен су түбі тексерілмеген аумақтарға құмар. Сонымен қатар ол маңда құтқарушылар да жоқ. Дұрысы, арнайы жасақталған орындарда суға түссе екен, – дейді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқанов.

Сондай-ақ полицияның қаты­суымен жыл басынан бері 440-бап, яғни «алко­гольдік ішімдіктер ішу немесе қоғамдық орындарға ма­саң күйде келу» бойынша 479 азамат әкімшілік жауап­кершілікке тартылды. 364-бап  «қоғамдық суды пайдалану ережелерін бұзу» бойынша 205 демалушы айыппұл арқалаған. 

ТЖД құтқарушылары азаматтарды қырағылық танытуға және демалу үшін тек шомылуға рұқсат етілген орынды таңдауға шақырады. Ал су көліктерін басқару кезінде кеме иелеріне міндетті түрде құтқару кеудешелерін киюді, жылдамдық режімін, маневр жасау ережелерін ұстануды және мас күйінде кемені басқаруға қатаң тыйым салынғанын есте сақтау қажет.

 

Шығыс Қазақстан облысы