Өз басым ел газеті – «Egemen Qazaqstan»-ның байырғы оқырманымын. Онда жарияланатын тоғақты материалдарды тұщына оқимын. Ал жастар тәрбиесіне қатысты айтатын болсам, олардың оғаш іс-әрекеттеріне біз – үлкендер бейжай қарамауымыз керек деп есептеймін. Бірақ бір өкініштісі, ескерту жасасаң, жастардың біразы: «Сіздердің замандарыңыз бен біздің заманымызды салыстырмаңыздар, біздің жаңаша өмір сүргіміз келеді», деп төтесінен қайырады. Қандай уәж айтарыңды білмей, тосылып қаласың.
Сонда да бірі болмаса, бірі ойланар деген үмітпен ақыл-кеңесіңді айтудан жалықпайсың. Ал ашығына көшетін болсақ, бүгінде бұрымды қыздар мүлдем көзге түспейтін болып барады. Қай-қайсының да шашын жайып жіберіп, жалбыратып жүргенін көресің. Мұның жаман ырым екенін солар білмесе керек. Бұл аздай, кіндіктерін ашып тастайды. Жел тиіп, ауырып қалса қайтпек. Сұрап алған аурудың ауыр тиетіні бар. Бұған қоса, бүгінде жыртық джинси сәнге айналған. Мұрындарына сырға тағып алған қыздарды да кездестіріп қаласың.
Біздің қыздар мен әйелдерге арналған ұлттық киімдеріміздің басқа ешбір ұлттыкінен артық болмаса, еш кемдігі жоқ екеніне бәс тіге аламын. Әрине, жұмыс орнында, қызметте заманыңа қарай киіну керек екенін түсінеміз. Дегенмен көрінгенге еліктеп, салтымызға жат тұрғыда ашық-шашық киініп жүру өзіңді ғана емес, тұтас ұлтыңды сыйламау деп білеміз. Қазіргі жастарымыз, әсіресе, қыз балалар осыны түсінсе екен!
Раиса ЫБЫРАЕВА,
зейнеткер ана
НҰР-СҰЛТАН