30 Сәуір, 2014

Банкноттар сенімсіздік туғызады

378 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ақ телефон шылдыр ете қалды. Тұтқаны көтер­ген­де арғы жағынан жасы егделеу тартқан ер адамның дауы­сы естілді. – Маған «Егемен Қазақстанның» облыстағы тілшісі керек еді, – деді ол кісі. – Іздеген адамыңыз тыңдап тұр, айта беріңіз, – дедім мен. Мен сізге Саралжын ауылынан телефон соғып тұр­мын. Аты-жөнім – Бейсенғали Жабасов. Зейнет­­­­­­кер­мін. Мұндағы әр шаңырақ «Егеменді» жаздырып алдырады десем қателеспесім анық. Басылымда «Ұлт­тық банк хабарлайды» деген үлкен тақырыппен мате­риалдар беріліп тұрады ғой. Осы айдар бойынша бәріміздің көңілімізді алаңдатып жүрген мәселеге қатысты түсініктемелер мен мәліметтер берулеріңізді сұраймын. – Ол қандай мәліметтер еді, Бейсенғали аға? –дедім мен телефон қоңырауының иесіне. – Мәселенің мәнісі мынада. Біз тым шалғайда жатқан жұртпыз. Айтайын дегенім, соңғы кезде қолданыстағы теңге банкноттарының кейбірінің айналымнан шығып қалғандығы немесе таяу арада шығатындығы жөнінде алып-қашпа әңгімелер ауыл тұрғындары арасында жиі естіліп жүр. Оның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс? Ақ-қарасын ажыратудан қалып барамыз. Мысалы, бүгінде ақша айналымында 1000, 2000, 5000 және 10 000 теңгелік банкноттардың бірнеше нұсқа­дағы түрлері қатар қолданылып жүр. Әсіресе, әртүрлі дизайндағы, әртүрлі пішін мен көлемдегі 1000 теңгелік банкноттар жөнінде алып-қашпа әңгімелер көп. Таяуда Күлтегін жазбасы бейнеленген оның жаңа дизайндағы түрі айналысқа енгізілді. Соған байланысты осы банкноттың бұрынғы түрлері енді қолданылмайды екен деген сыбыстарды да естіп қалып жүрміз. Бұған не сенерімізді, не сенбесімізді білмей дал болдық. Сөйтіп, мұндай банкноттарды жұмсаудан немесе кері қолға қайтарып алудан біртүрлі сезіктеніп тұратын күйге жеттік. Сондықтан да, әлгі өзім айтқанымдай «Егемен Қазақстан» бетінде тиісті түсініктеме берулеріңізді өтінеміз. Тағы да қайталағым келеді. Ел газеті «Егеменде» «Ұлттық банк хабарлайды, түсініктеме береді» деген айдар бар. Жауапты соған салса жетеді. Артық ештеңенің қажеті жоқ. Бізді толғандырып жүрген мәселе осы, деп аяқтады сөзін ауыл ақсақалы. Әлбетте аманатқа қиянат жасауға болмайды. Осы ойдың жетегімен жоғарыдағы жолдарды «Егеменге» жолдауды жөн көрдік. Мұндай көрініс тек Саралжын ауылында ғана емес, өзге өңірлерде де кездесіп қалуы әбден мүмкін емес пе? Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы, Қаратөбе ауданы, Саралжын ауылы.