Оқиға • 07 Сәуір, 2025

Алматыда «Өрлеу» IX халықаралық байқауы өтті

340 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын хореографиялық оқу орындарының «Өрлеу» IX халықаралық байқауы өз мәресіне жетті. Биылғы өнер додасына 8 елдің 134 талантты жас бишісі қатысты. Олар «Классикалық би», «Халық биі» және «Заманауи хореография» аталымдары бойынша бақ сынады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда «Өрлеу» IX халықаралық  байқауы өтті

2008 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан байқаудың басты мақсаты халықаралық шығармашылық ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуға, хореографиялық оқу орындары арасындағы тәжірибе алмасуға, жас дарындарды анықтауға, орындаушылық шеберлікті арттыруға және классикалық, халықтық және заманауи би дәстүрлерін дамытуға бағытталған.

«Өрлеу» – бұл жай ғана сайыс емес, тәжірибе алмасу мен кәсіби дамудың маңызды алаңы. Жыл сайын байқауға қатысушылар саны артып, халықаралық сарапшылардың назарына ілінуде. Биылғы байқау сегіз елдің өкілдерін біріктірді. «Өрлеудің» Халықаралық балет байқаулары федерациясына мүше болуы оның жоғары мәртебесін растайды. Қатысушылар үшін бұл өз шеберліктерін көрсетуге, құнды пікірлер алуға және кәсіби мансапта маңызды қадам жасауға мүмкіндік береді, – деп атап өтті А.Селезнёв атындағы Алматы хореография училищесінің директоры міндетін атқарушы Мұрат Түкеев.

Байқауға қатысушылар тек техникалық шеберлігін ғана емес, би арқылы терең ой, жан қатпарына жасырынған түрлі сиқырлы сезім мен еліктіретін тың қозғалыс элементтерін көрсетті. Көрермендер әр қойылымнан табиғат көріністері мен адам болмысын бейнелейтін нәзік образдарды көріп, рухани әсер алды.

Балет өнерінің беделді тұлғаларынан құралған қазылар алқасы – Қазақстанның халық әртісі, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры балет труппасының көркемдік жетекшісі Гүлжан Түткібаева (Қазақстан), Хореография қайраткерлерінің халықаралық одағының бірінші вице-президенті Сергей Усанов (Ресей), Түркия мемлекеттік опера және балет театрларының бас директоры және көркемдік жетекшісі Бедри Тан Сагтюрк (Түркия), Ресей және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, халықаралық байқаулардың лауреаты Юрий Васюченко (Ресей), «Ballet & Model AI» компаниясының жетекшісі, Корея балет қауымдастығы Қамқоршылық кеңесінің вице-президенті Чой Чжунсок (Оңтүстік Корея), Ресейдің еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Балет» журналының бас редакторы Валерия Уральская (Ресей), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Samruk» заманауи би театрының негізін қалаушы және көркемдік жетекшісі Гүлнара Адамова (Қазақстан), өнертану ғылымдарының кандидаты, «Гүлдер» ансамблінің бас балетмейстері Анвара Садықова (Қазақстан) биылғы байқау қатысушыларының өнеріне баға берді.

Айта кету керек, 2019 жылы «Өрлеу» байқауы Халықаралық балеттік байқаулар федерациясының толыққанды мүшесі ретінде ЮНЕСКО тізіміне енгізілді. Бұл байқаудың халықаралық мәдени кеңістіктегі беделін айқындайтын маңызды жетістік.

Алматы хореографиялық училищесі директорының орынбасары Тоғжан Карменованың айтуынша, «Өрлеу» жыл өткен сайын халықаралық кәсіби алаңда өз орнын нығайтып келеді.

«Осы жылдар аралығында «Өрлеу» халықаралық деңгейде танымал байқауға айналды. Биыл алғаш рет Моңғолиядан келген бишілер қатысты. Жастардың биге деген қызығушылығы күн санап артып келеді. Мәселен, біздің училище түлектері – Бахтияр Адамжан мен Малика Елшібаева бүгінгі таңда балет өнерінің белді өкілдері саналады», деді ол.

Байқау барысында қатысушыларға кәсіби шеберлік сабақтары өткізіліп, шығармашылық пікір алмасулар ұйымдастырылды. Бұл жас бишілердің тек сахнада ғана емес, өнер ортасында өз орнын белгілеуі үшін таптырмас мүмкіндік. Жеңімпаздар үш номинация бойынша анықталып, дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. «Өрлеу» байқауы би өнеріне қанат бітіріп қана қоймай, халықаралық достық пен мәдени байланыстың алтын көпіріне айналып отыр.

Байқау Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және Алматы хореографиялық училищесінің ұйымдастыруымен өтті.