Қырғызстанның Кабар ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қырғызстан тұрғыны жеке көлігіне 6 тонна қант тиеп, Қазақстанға әкелмек болған. Бірақ ол өз елінің шекарасынан асып кете алмады. Құқық қорғаушылар «Мерседес-Бенц» автокөлігін тексеріп, заңсыз тауарды тәркілепті. Жүргізушінің көрсеткен ілеспе құжаттарында түйіршіктелген қантты шекарадан кіргізуге рұқсат құжаты болмаған.
Айта кетейік, Қырғызстан Республикасы Министрлер кабинетінің қаулысымен ел аумағынан ауыл шаруашылығы өнімдерінің жекелеген түрлерін әкетуге (экспорттауға) уақытша тыйым салу туралы қаулы қабылданған. Әсіресе құжатта түйіршіктелген қант пен қамыс қантын экспорттауға рұқсат жоқ екені көрсетілген.
Әлемдегі қант өндірісін сараласақ, ауыл шаруашылығы ғалымдарының айтуынша, қазіргі кезде экологиялық жағдайдың нашарлауына байланысты әлемде қант өндіру ісі де жылдан-жылға азайып барады. Әсіресе Еуроодақ елдерінде қант өндіру көрсеткіші төмендеген.
Мәселен, 2019-2020 жылдары ЕО елдері 17,25 млн тонна қант өндірген. Ал 2020-2021 жылдары 16,1 млн тоннаға дейін төмендеген. Жалпы, Еуропа қызылша қантының әлемдегі ең ірі өндірушісі, жаһандағы қант өндірісінің 20%-ын құрайды. Қызылшадан қантты негізінен Франция, Бельгия, Нидерланд, Германия және Польшада өндіреді. Құрғақшылық пен қызылшаның сары вирус ауруы Еуропада қант өндірісінің төмендеуіне айтарлықтай ықпал етті.
Сонымен қатар әлемдегі қант экспорттаушы елдердің бірі Тайландта 2019-2020 жылдары қант өндірісі 7,9 млн тоннаға дейін төмендеген. Мамандар мұның басты себебі елдегі құрғақшылық екенін айтады.
Жалпы, дүние жүзіндегі қант құрағының өндірісі 1,4 млрд тоннаны, ал қант қызылшасының үлесі 270 млн тоннаны құрайды. Қант құрағынан Бразилия – 27,7 млн тонна, Үндістан – 19,9 млн тонна, Қытай – 9,7 млн тонна, АҚШ-та 2,2 млн тонна өнім өндіреді. Әлем бойынша қант қызылшасының егістігі 5 млн гектар жерге егіледі.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ақпаратына сәйкес қант қызылшасының ірі өндірушілері Ресей (45 млн тонна), Франция (33 млн тонна), АҚШ (31 млн тонна), Германия (27 млн тонна), Украина (18 млн тонна), Түркия (15 млн тонна) саналады. Қазақстанға қант негізінен Ресей мен Беларусь мемлекетінен жеткізіледі.