Қазақстан • 15 Шілде, 2022

Министр қант саласы қалай дамитынын айтты

342 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін ведомство бірқатар жүйелі және жедел шаралар қабылдайтынын жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Министр қант саласы қалай дамитынын айтты

«Импортты алмастыру мәселесі кешенді түрде шешіледі. Жалпы 2022 жылдың соңына дейін агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша 295 млрд теңгеге 237 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, оның ішінде импортталатын позициялардың 6 түрі бойынша 128,5 млрд теңгеге 81 жоба іске асырылмақ. Бұл үшін осы жобаларға жеңілдетілген кредит беру, субсидиялау, жер ресурстары мен инфрақұрылымды беру қамтамасыз етіледі», деді ол Үкімет үйінде өткен отырыста.

Оның айтуынша, елді қантпен қамтамасыз ету мақсатында жаңа суармалы жерлерді ұлғайту, су үнемдейтін технологияларды енгізу, тұқым шаруашылығын дамыту, сондай-ақ қант қызылшасын өңдейтін қолда бар қуаттарды техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру сияқты іс-шаралардың орындалуын көздейтін кант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленеді. 

«Ақ қант импортының және құрақ қант шикізатының өңдеу көлемі ұлғайтылады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ішкі нарықтағы бағаларды тұрақтандыру мақсатында Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, «айналым схемасы» шеңберінде, оның ішінде форвардтық келісімшарттар тетігін дамыту жөніндегі жұмысты жандандыру жолымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландырудың басымдығы мәселесі пысықталады», деді Ербол Қарашөкеев.

Еске сала кетсек, кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент қант тапшылығын реттей алмаған Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов пен Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевке сөгіс жариялаған еді.