Облыста биыл іске қосылатын жиырма төрт индустриялық-инновациялық жобаның алғашқысы толық қуатында пайдалануға берілді. Ол – “Рамазан” ЖШС-не қарасты құс фабрикасы.
Еліміздің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыру, облыс халқының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Ақтөбе қаласының маңайында азық-түлік белдеуін құру мақсатында “Рамазан” ЖШС ба-засында дәнді дақылдар кластерлік-өнеркәсіптік кешені құрылған болатын. Осы кластердің құрамында элеватор, тәуліктік қуаты 190 тонна ұн тартатын Украина және Чехия фирмаларының диірмендері, қуаты тәулігіне 10 тонна макарон өнімдерін шығаруға мүмкіндік беретін цех, жалпы қуаттылығы тәулігіне 47 тонна өнім өндіретін нан зауыты мен наубайхана, құс фабрикасы, қосалқы цехтар, дүкендер желісі бар. Серіктестіктің егістік көлемі 11,3 мың гектарды құрайды.“Рамазан” сауда маркісімен барлық сортты ұн, 15-тен астам макарон өнімдері, түрлі жармалар, 40-тан астам нан және нан бөлке бұйымдары, тәтті тағам бұйымдарының 20-дан астам түрі, тауық жұмыртқасы шығарылады. “Рамазанның” өнімдері облыста ғана емес, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарына өтімді. Рамазан” сауда маркісімен сатылатын өнімдер әртүрлі халықаралық көрмелерде жоғары сапалылығы үшін алты рет алтын медальдармен марапатталды. 2006-2010 жылдары “Рамазан” ЖШС негізгі капиталға 1170 млн.теңге инвестиция салды. Соның нәтижесінде біраз шаруалар атқарылды. Соның бірі – қайта жарақтандырылған құс фабрикасы.
– Шыны керек, бұрынғы құс фабрикасы облыс халқының тауық жұмыртқасына қажеттілігін қанағаттандырмады, оны қайта жарақтандыру керек болды. Осы мақсатта әлемдік қаржы дағдарысы етектен тартқанына қарамастан 2008 жылы фабриканы қайта жарақтандыру және техникалық жабдықтау басталған. Сметалық құны 425,0 млн.теңгеге, оның ішінде құрылыс-монтаж жұ-мыстары 125,0 млн.теңгеге түсті. Оның тең жартысы серіктестіктің өз қаржысы, қалғанын несиеге алдық. Оны да мерзімінде өтеудің мүмкіндігі бар, кәсіпорын мейлінше қысқа мерзімде өзін ақтайды деп отырмыз. Бұл – Қазақстанның индустриялық картасына енген облыста биыл жүзеге асуы тиіс 24 жобаның іске қосылып отырған біріншісі. Құс фабрикасын қайта жарақтандыру жұмыстары толығымен аяқталды, жоспарланған қаржы толығымен игерілді,–дейді “Рамазан” ЖШС-нің бас директоры Орынбасар Мусин.
Құс қораларын қайта жарақтандыру кезең-кезеңмен жүргізіліп, өндірістің кідіріссіз жұмыс істеуіне кедергі келтірілмеген. Қайта жарақтандырудың нәтижесінде сағатына 10 тонна өнім шығаратын құрама жем зауыты, жұмыртқа қоймасы, негізгі топтарды толықтыратын балапан өсіретін 160 мың орындық екі құс қорасы, өндірістік топтарға арналған 130 мың орындық екі құс қорасы пайдалануға беріліп, өндірістің қуатын анағұрлым арттырып отыр.
Ескірген жабдықтар қазіргі заманғы шетелдік озық технологиялық қондырғылармен толық алмастырылған. Нәтижесінде бұрын небәрі 40 мың балапан орналастырылатын қораға енді 80 мың балапан, ал, 38-39 мың тауық кететін қораға 65 мыңға дейін тауық ұсталатын болыпты. 2010 жылы өндірістік топқа арналған тағы бір құс қорасы қайта жарақтандырудан өткізіліпті. Жүргізілген жұмыстардың арқасында құс фабрикасы бойынша жылына жұмыртқа шығару 45,0 млн.данаға артқан. Фабриканың жоспарлы қуаттылығы жылына 110,0 млн, дана жұмыртқа өндіруге мүмкіндік береді. Жоспарлы қуаттылығына шығуы 2010 жылдың аяғына күтілуде. Осының өзі Ақтөбе облысының құс жұмыртқасына қажеттілігін толық қамтамасыз етеді, артығы Батыс Қазақстанның өзге облыстарына шығарылады. Бұл сондай-ақ, бағаның тұрақты болуына жағдай туғызады.
Қазіргі кезде “Рамазан” құс фабрикасының жұмыртқалары Қазақстандағы ең арзаны. Кәсіпорын өнімділігі де басқаларға қарағанда анағұрлым жоғары. Бір тауық жылына еліміз бойынша 280 жұмыртқа берсе, “Рамазанның” тауықтары 313 жұмыртқа береді.
– Мұның бәрі озық технологиямен бірге азықтандыру рационына да байланысты. Тауықтар соя, арпа, рапс, басқа жемдермен бірге, мәрмәр жаңқаларымен азықтандырылады. Біздің жұмысшылар әзілдеп айтатындай, құсқа уылдырықтан басқаның бәрін береміз. Бұл тауықтардың өнімділігін арттырады. Бастап-қыда тауықтарды Свердлов қаласынан, Башқұртстаннан әкеліп жүрдік, өзіміз өсірдік. Қазір Мәскеу маңындағы “Құс” АҚ-пен келісім-шартқа отырып, олардан голландиялық тауық балапандарын алып отырмыз. Бір күндік тауық балапандарын акционерлік қоғам өздерінің арнаулы автокөлігімен жеткізіп береді, – дейді серіктестік басшысы. Уақыты келгенде өндірістік топтардағы тауықтар етке өндіріліп, төрт-бес айлық құстармен алмастырылады екен.
Біз балапандар өсірілетін қораға кіріп жұмыс үдерісімен таныстық. Сексен мың балапанды бағып-күтуші екі-ақ адам. Тап-таза, жарық қорадағы құстар бөгде адамдардың кіргенін сезіп, кәдімгідей қозғалақтап қалды. Құс өсіруші Лидия Имағамбетованың айтуынша, қора қайта жарақтандырылып, жаңа қондырғы орнатылғалы жағдай анағұрлым жақсара түскен. Құсты азықтандыру, саңғырығын тазарту автоматтандырылған. Осы заманғы ауареттегіштер қойылған. Қораға орнатылған қондырғы құстың өсуіне қажетті температураны тұрақты ұстап тұратын көрінеді.
Ал жұмыртқаларды сорттау цехындағы жұмыс та біраз жеңілдеген. Әзірге үш құс қорасы ғана осы транспортерлік желіге қосылған. Транспортермен келген жұмыртқаларды аппақ халат киген қыз-келіншектер сұрыптап жатыр. Бұрын бұл шаруамен көп адам айналысады екен. Болашақта қалған құс қораларын да осындай транспортерге қосып, жұмысты жеңілдетуге бағыт ұсталуда. Жұмыртқа сұрыптайтын қондырғы орнату да жоспарда бар екен.
Сонымен “Рамазан” ЖШМ-нің құс фабрикасы толық қуатында пайдалануға беріліп, жұмыс істеуде. Бұрын Атырау, Ақтауға өз өнімдерін өткізіп келген кәсіпорын көршілес Ресей рыногына да көз салып отыр. Мұның өзі серіктестіктің экономикалық нығаюымен қатар сыртқа өнім өткізу рыногын кеңейтудің сәтті қадамы болмақ.
Ақтөбе облысы.
ЖАҚСЫЛЫҒЫ МОЛ ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ
Нарықтың өтпелі тұсында Іле ауданындағы “Рассвет” кеңшары таратылғанда олардың арасында өз мамандығын жете меңгеріп, кәсіпке айналдырғандар да бар еді. Солардың қатарындағы звено жетекшісі Реджеп Газирович егіншілікке ден қойып, өз шаруашылығының іргетасын қалаған екен. Халыққа қай кезде де қажеттісі азық-түлік, оның ішінде көкөніс, картоп, тағы басқаларынан белшеден пайда таппаса да күнкөрісті жақсартуға болатындығын ескерген агроном 111 гектар алқапты күтіп-баптау арқылы жұмысын бастаған-ды.
Бүгінде Қапшағай күрежолының бойындағы егістікте голландиялық технологияны пайдалану нәтижесіндегі жұмысы табысты деуге болады. Содан бергі жылдары фермер өнімді сақтайтын көкөніс қоймасын салып, бүгінгі күні 1200 тонна көкөніс, 600 тонна картоп сақтайтын орын тұтынушыны жылдың қай мезгілінде де сапалы өніммен қамтамасыз етуіне мүмкіндік жасаған. Қазіргі кезде қойма жалпы құны 220 мың АҚШ доллары тұратын қуатты мұздатқыштар және желдеткіш қондырғылармен жабдықталыпты.
Елбасының биылғы Жолдауында елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар оның отандық түрлерін дамыту мәселелері тапсырылғаны белгілі. Осы орайда шаруа қожалығындағы егіс алқабының 20 гектарына там-шылата суару әдісі қолданылып, жаңа жабдықтармен қамтылып, арнайы скважина әзірленіп, көкөністің сапалы жаңа будандастырылған түрлері өсірілуде.
Көктем күндерінде егістік алқап өңделіп, көкөніс өсірушілер қимылы да аса бір ықтияттылықпен жүзеге асуда. Қарап тұрсаң, күні бойы далада тер төккендердің еңбегінің қиындығы бірден көзге түседі. Фермер Реджеп ұжымдағы 35 адамның көкөніс тұқымын сеуіп, көшетін отырғызумен айналысатынын, орташа табыстары 40 мың теңгеден кем еместігін және өнімді жинаған кезде жұмысшы қатары өсетіндігін ортаға салды.
Өткен жылы өнімді саудалаудан түскен қаржыға 2,5 млн. теңге тұратын “Беларусь” тракторын, көкөніс тұқымын себетін және басқа да ауылшаруашылық құралдары сатып алыныпты. Науқан кезінде сырттан техника тартылмағандықтан түскен пайда ұжым мүшесіне ортақ.
“Машучиван” шаруа қожалығы көкөніс өсіргендер үшін мемлекеттен субсидия алып, жағдайларын жақсарту-да. Былтыр оның көлемі 2,5 млн. теңгені құрапты. Жалпы көкөніс өсіру тиімді екенін де айтады. Бір қарағанда қол жұмысын көп қажет ететін сала бүгінде арнайы техникаларды пайдалану нәтижесінде едәуір жеңілдеген.
Аталған шаруа қожалығына жақын орналасқан жеке кәсіпкер Валентина Тронның бұл жұмысты бастағанына бірер жыл ғана. Қытай технологиясы бойынша қолға алынған жылыжай құрылысы бітуге таяу. Кәсіпкер жылыжай көмір және дизель отынымен жылытылатындығын, өнім молшылығына қол жеткізу үшін ғалымдармен байланысы бар екенін де айтып қалды. Егістік көлемін көбейтуді жоспарлаған Вален-тина алдағы уақытта күн сәулесі қуатымен жұмыс істейтін батареяларды қолданудың тиімділігін көрмекші. Сәтін салса, жылыжайда күз бен қыс айларында көкөністің түр-түрі өсіріледі, дейді ол.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
КҮРЕЖОЛ БОЙЫ ҚЫЗУ ЕҢБЕК
Облыс әкімі Болатбек Қуандықов жұмыс бабымен “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автомобиль жолын салуға қатысатын мердігерлік компаниялардың, жол құрылысына шикізат дайындайтын өндіріс орындарының жұмысымен танысты.
Аталған автобанның 812 шақырымы облыс көлемінен барлық аудандарды қамти отырып өтетіні белгілі. Оның бастапқы жұмыстары Жаңақорған, Шиелі аудандарында көктем айларынан бері жүргізіле бастады. Бұл аймақта италиялық “Тодини Коструциони Дженерали” СМА АҚ бас мердігер ретінде жұмыс атқаруда. Нақты кезеңде 30 гектар жерді иемденген зауыт алаңында асфальт-бетонды зауыт құрастырылып жатыр. Әлемдік кеңістікте мол тәжірибесі бар фирма осы орында 3 асфальт және 1 бетон зауытын іске қосуды межелеген. Фирмада аталмыш шаруамен 40 кәсіби маман шұғылдануда. Компьютер арқылы басқарылып, өнім бере бастайтын зауыттың бір күндік еңбек өнімділігі тіптен жоғары. Олар өз міндетіне алған аудан көлеміндегі 1941 және 2018 шақырым аралығындағы автомобиль жолдарын қажетті материалмен толық қамтамасыз ете алады.
– “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автомобиль жолының Қызылорда облысынан өтетін аумағына 1312 техника қарастырылды. Сондай-ақ, 2634 жұмыс қолы бар. Оның ішінде 1404 адам жергілікті тұрғындар. Жолдың төменгі екі қабатының негізгі бөлігі бітсе, енді 25 мамырдан бастап асфальт төсеу жүзеге асады. Әрине, оның сапасына айрықша мән беріледі, дейді Көлік және коммуникация министрлігінің департамент бастығы Қ.Момынбеков.
Италиялық компания басшысы Фабио Альманьоның айтуынша, мекеме үлкен автобан салуда мол тәжірибе жинақтаған. Бұған дейін компания “Алматы – Қарағанды”, “Атырау – Орал”, “Астана – Бурабай” және “Атырау – Ақтау” жолдарын салды. Көшпелі зауыт құрылысы барынша сапалы жұмыс атқарады. Италиялық мамандармен қатар жергілікті жастарды да үйрету, оқыту жұмыстары жүргізіледі.
–Елбасы тапсырмасымен басталған “Батыс Еуропа – Батыс Қытай” автомобиль жолының құрылысы өз мерзіміне сәйкес жүргізілуі тиіс,–деді облыс әкімі Б.Қуандықов, – ол үшін облыс әкімдігі және тиісті департамент, басқармалар қоян-қолтық жұмыс жүргізеді. Көмектерін аямайды. Алайда, Қазақстан Республикасының заңдылықтары қатаң сақталуы тиіс. Түсінікті тәртіппен орындалатын шаруаны кейбір компаниялар созбалап, базардағы сауда секілді көпсөзділікке салуы құрылыстың баяу жүруіне әсер етеді. Жол салуға қатысатын әрбір мердігер мұнда қайырымдылық шараларымен айналысуға келген жоқ. Үлкен бизнесті жүргізуге, табыс табуға талпыныс жасап отыр. Демек, жергілікті басқармалармен түсінісіп, олардың талаптарымен келісуге тура келеді. Мәселен, “КРЭК” компаниясының трансформатор орнату, электр қуатын беру шартына түркиялық “Синема Медиас Строй” ЖШС ережеде көрсетілген бағаны жоғары деп санап, өндіріс алаңындағы қондырғыларды әлі іске қоспаған. Италиялық фирма басшысы электр қуатын қондырғы арқылы пайдалануды тиімді санайды екен.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, мердігерлер жергілікті жердің мүддесімен санасуға міндетті.
Еркін ӘБІЛ, Қызылорда облысы.
БАЛАМАСЫ ЖОҚ ЕТ ӨНДІРУ КЕШЕНІ
Батыс Қазақстан облысында іске қосылмақ
2007 жыл. Мамыр айының аяқ шені. Дәл осы бір көктемнің жазға ұласар шағында Астанада республикадағы агроөнеркәсіп кешені қызметкерлерінің кеңесі өткізілді. Осы басқосуда Елбасы Н.Ә.Назарбаев оларға саланы әлемдік даму жетістіктеріне сай өркендету жөнінде нақты міндеттер қойды. Атап айтқанда, республиканың үш облысында әлемдік стандарттарға жауап бере алатын ірі ет өндіру кешендері құрылысын тұрғызу қажеттігін айта келіп, жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырмалар берді. Соның ең ауқымды бөлігі Батыс Қазақстан облысының еншісіне тиді.
Міне, Ақжайықта 8640 бас ірі қараны бордақылап ет өндіретін әрі оны дайын өнім түрінде тұтынушыларға жеткізетін ірі кешен құрылысы осылай басталған еді. Содан бері республикада баламасы жоқ бұл нысан сол жылдың жазында Елбасы Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған Бақтықожа Ізмұхамбетовтің тікелей назарында болып келеді. Облыстың Зеленов ауданындағы Янайкин ауылында орналасқан кешен құрылысы бір-бірімен өзара құрамдас, еншілес үш құрылымнан тұрады. Оның біріншісі 8,4 тонна дән сақтауға лайықталған қойма және жем зауыты мен ет комбинаты.
–Бүгінде кешен құрылысы аяқталу қарсаңында. Ойға алған жұмыстардың 80 пайыздан астамы орындалды. Нысан қызметін төрт аяғынан тік тұрғызуға қажетті құрал-жабдықтар мен қондырғылар Германиядан жеткізілді. Қажетті мамандар мен технологтар да іске кірісуге әзір, – дейді Батыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Марат Оңғарбеков. – Түпкі мақсат жергілікті кадрларды кешен қызметіне көбірек тарту . Олардың жаңа технологияны тезірек игеріп басқаруына ықпал жасау. Осы мақсатта аталған жобаның басы-қасында жүрген “Кроун Батыс” ЖШС жетекшісі Евгений Әлиев бастаған мамандар тобы Канадаға барып ондағы әріптестерінің іс-тәжірибелерімен танысып қайтты, – деп түйін жасады одан әрі Марат Кенжетайұлы.
Қазір неміс технологиясы бойынша жұмыс жасайтын кешен қондырғыларын осы елдің білікті мамандары құрастыру үстінде. Мұнда дайындалған ет әлемдік стандарт талаптарына толық сәйкес келмек. Сондықтан өндірілген өнімді алыс-жақын шетелдерге, соның ішінде көршілес Ресей елінің рыногына шығару көзделіп отыр. Әлемдік рынокта сапалы еттің бағасы жоғары екені белгілі. Бұл дәйектің өзі аталған өндіріс орнының келешегі мол екенін көрсетеді.
Кешен толық өндірістік қуатымен жұмыс істеген кезде мұнда жылына шамамен 3454 тонна көлемінде ет өндірілмек. Осы тұрғыда тағы бір айта кетерлік мәселе сапалы ет тек асыл тұқымды малдан ғана алынатыны айтпаса да белгілі емес пе? Осы тұрғыда бордақыланатын ірі қара анау-мынау емес, атағы ТМД көлеміне және алыс шетелдерге кең таралған кәдімгі қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиыры екенін де айта кеткен жөн.
Таяуда Ақжайық өңірінде іске қосылатын нысан негізінен экспортқа бағытталған жоба болып табылады. Мұнда қазіргі заман талабына сай жоғары санитарлық нормаға сәйкес келетін ет өндірілмек. Өндірісте негізінен Янайкин ауылының тұрғындары жұмыс жасайтын болады. Жоғарыда айтылғандай, кешенде әзірленген ет өнімдері тек бір өңір тұрғындарының сұранысын өтеп қана қоймай тұтастай республикадағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге сүбелі үлесін қосатын болады.
Елбасы назарындағы нысан “ҚазАгроҚаржы” ұлттық компаниясына қарасты мал өнімдері корпорациясы құрылымдық жүйесі арқылы қаржыландырған. Оның жалпы құны 3 миллиард 200 миллион теңгені құрайды. Негізінен экспортқа өнім шығаруға лайықталған, сонымен бірге ішкі сұранысты да қамти алатын республикада баламасы жоқ ет өндіру кешені құрылысының аяқталуы Елбасы берген тапсырманың уақытында орындалуының бір көрінісі болмақ.
Кластерлік бағыттағы жобаның іске қосылу мерзімі екінші жарты- жылдықтың бас кезіне белгіленіп отыр.
Темір ҚҰСАЙЫН,
Батыс Қазақстан облысы,
Зеленов ауданы,
Янайкин ауылы.