Қоғам • 17 Шілде, 2022

Байланыс сапасына шағым көп

204 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары байланыс сапасының нашарлығына шағымдар саны 10 есе өскен екен. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 562 тексеру жүргізген. Нақтырақ айтқанда, 2020 жылы – 51 тексеру, 2019 жылы – 93 тексеру. Соның нәтижесі арыз-шағымның ұлғайғанын көрсеткен.

Байланыс сапасына шағым көп

Бұдан былай телефон, интернет байланысының сапасы жақсарады деген үміт бар. Өйткені жақында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзге­рістер мен толықтырулар ен­гі­зу туралы» заңға қол қойды. Ен­ді байланыс жүйесіне байланыс­ты кем-кетіктер, бұзушылықтар анықталған жағдайда байланыс операторларына бұрынғыдай 100 АЕК емес, оның орнына 1000 АЕК көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Биылғы айлық есептік көрсеткіш – 3063 теңге. Демек заңды қонышынан басқандар 3 млн 63 мың теңгеге дейін айып­пұл арқалайды. Ал ол құқық бұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, онда айыппұл көле­мі 200-ден 1500 АЕК-ке дейін көбейеді, дейді министрлік өкіл­дері.

Бұған дейін Президент байланыс саласындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейтуді, интернет-байланыстың нақты параметрлері операторлар уәде еткен деңгейден әлдеқайда алшақтығы үшін жауапкершілікті енгізуді және қатаңдатуды тапсырған болатын. «Бұл тапсырманы іске асыру үшін Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі депутаттық корпус­пен бірлесіп, операторлардың тұтынушыларға стандарттар мен техникалық нормаларға және сапа көрсеткіштеріне сәйкес келмейтін байланыс қызметтерін көрсеткені үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған шараларды әзірледі. Соның бірі – айыппұлды көбейту», деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.

Тұтынушылар да байланыс операторының қызметіне шағым жасап, интернеттің нашар сапасына тексеру жүргізу үшін өтініш беруге болады. Ол үшін арыз-ша­­ғым­ды министрлікке қарасты Тел­е­­­ком­муникациялар комитетінің (ЦДИАӨМ) не тиісті облыс минис­трлігінің аумақтық байланыс инс­пек­циясының мекенжайына «Элек­тронды үкімет» порталы, «Е-Оtinish» өтініштер беру жүйесі арқылы не қағаз түрінде жолдауы қажет. Өтініште шағымның мәнін, байланыс операторының атауын және тексеру жүргізу үшін өтініш берушінің нақты мекенжайын көрсету міндетті.

«Өтініш келіп түскеннен кейін прокуратура органдарында тексеруді тағайындау туралы акт тіркеледі. Тексеру барысын­да көрсетілетін байланыс қызмет­тері­нің сапасы бойынша өлшемдер жүргізіледі. Операторға қатысты бұзушылықтар анықталған жағ­дайда «Әкімшілік құқық бұзушы­лық туралы» кодекстің 637-бабына сәйкес айыппұл түрінде әкімшілік хаттама толтырылады және лауазымды тұлға белгілеген мерзімге бұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізіледі», делінген министрліктің хабарламасында.