Аймақтар • 17 Шілде, 2022

Мерейтой Мельбурннан басталады

313 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Белгілі жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековтің 80 жылдық мерейтойына орай жоспарланған ауқымды шаралар жиынтығы алыстағы Мельбурннан басталады. Бұл жаңалықты Еуразия кеңістігінде өмір сүретін халықтардың ұлттық мәдениетін өркендетумен айналысатын Ұлыбританияның қоғамдық ұйымы – Eurasian Creative Guild (Лондон) төрағасының орынбасары әрі Hertfordshire Press Баспалар үйінің басшысы Марат Ахметжанов пен Аустралияның белгілі театр режиссері Уоррен Уиллс сүйіншіледі.

Мерейтой Мельбурннан басталады

Алматыдағы Жамбыл атындағы жас­өспірімдер кітапханасында өткен баспасөз мәслихатында халықаралық мәдениет сарапшылары қазақ әдебиеті классигінің алдағы мерейтойын тек туған жерінде ғана емес, 1-10 қазан ара­лығында өтетін Қазақстанның мә­дени күндері аясында Eurasian Creative Week VI халықаралық фестивалі шең­берінде де атап өтуді жөн санайды. Дулат Исабековтің мерейт­ойы мен шығар­машылық жетістігін халық­ара­­лық деңгейде атап өтудің себе­бі не­гіз­­­сіз емес. Шығармалары туған елі­нің топы­­рағынан тысқары мемлекет­терде ең көп сахналанған қазақ драма­тур­­гінің есімі шетел оқырманы мен көрер­­меніне ілгеріден жақсы таныс. Д.Иса­­бековтің шығармалары әлем­нің бір­қатар тілдеріне, атап айтқанда, ағыл­шын, неміс, чех, швед тілдеріне ауда­рылды, енді, міне, Аустралия көрер­мені Шыңғыс хан­ның сүйікті әйелі туралы тамаша туын­дысы­мен таны­суға мүмкіндік алып отыр. Сон­дық­тан қазақ ұлттық драматур­гия­сының көрнекті өкілдерінің бірінен саналатын Д.Исабековтің «Borte, Empress of the World» пьесасының әлемдік премьерасы – ұл­тық мәдениетіміздегі айтулы оқиға.

Драматургтің айтуынша, Шыңғыс хан туралы ғылыми тұжырымға негіз­делген дәйекті тарихи деректермен бірге, ел ішінде ауызекі әңгіме, аңыз күйінде тара­ған дәйексіз ақпарат та жетерлік, алай­да ұлы қағанның ұмытылып кеткен көп әйелінің арасында осы заманға аты аман-есен жеткен Бөрте жайлы тарихи мәлімет жоққа тән. «Бөртенің» алғашқы премьерасы жаңа ашылған Түркістан музыкалық драма театрының сахнасында табысты қойылып, қазақ көрермені әлемді бағындырған ұлы әмір­шінің әйелінің тағдыр жолына үңіле отырып, оның қа­һарлы қағанның ақыл­шысы ғана емес, мем­лекет басқару ісіне араласқан сенімді сері­гіне айнала алған қайраткерлік тарихи ірі тұлға­сы­мен танысқан еді. Еуропа жұрты үшін тың әрі таңсық тақы­рыптың театр сах­насында қойылып, VІ халық­ара­лық Eurasian Creative Week фестивалі бағдар­ламасының басты шарасы ретінде жос­парлануы да осындай себептен туындап отыр.

Eurasian Creative Guild (London) төр­­­ағасының орынбасары Марат Ахмет­­­жанов­тың айтуынша, ел мәдение­тін­­де­гі бұл ерекше оқиға – Д.Исабеков шы­ғар­машылығында бейнеленген Қазақ­стан­ның бірегей мәдениеті мен тарихын тағы бір сатыға көтеретін биіктік. Мель­бурндағы театр қойылымының премьерасына әзірлік жұмысы қазірдің өзінде қауырт басталып кеткен. Спектакльді Аустралия режиссері Уоррен Уиллс қоя­ды, ал қойылымға Аустралия мәдениеті мен өнерінің қайраткерлері тартыл­ған. Мысалы, әмірші мен әйелінің ғажа­йып махаббат оқиғасына еліткен елдегі ең ірі алпауыт­тардың бірі Джейсон Бовэйр мен ол басқаратын аустралиялық Moving Light Production (MLP компа­ниясы) спектакльдің сахналық безен­дірілуін өз қолына алған. Ал Уоррен Уиллс Мельбурнға келгенге дейін 35 жыл Англияның театрларында жұ­мыс істеген, ол сахналаған спектакль­дер Ұлы­британияның Вест-Энд, Король­дік­тің Шекспир театрында, Нью-Йорктің Брод­вейінде, Бағдаттың Ұлттық театрын­да үлкен дүмпу туғызып, талғамы зор өнердегі әріптестері тарапынан толық­тай мойындалып, көрермендерінің ілти­патына ие болған аса танымал режиссер.

Баспасөз мәжілісін ұйымдастыру­шыларға тікелей бейнеүндеу жолдаған Уоррен Уиллс: «Дулат Исабековтің шы­ғар­масы негізінде қойылатын спектакль нағыз қазақ өмірінің мерекесі болмақ: онда музыка мен биден бастап, ұлттық ас мәзірі, әдебиеті мен өнері тұ­тас қамтылады», дейді. Көп қырлы талант иесі Уоррен Уиллстің бойындағы үлкен өнердің бірі – композиторлығы, бұған дейін қойылымдарында драма мен операның әдемі үйлесімін жасап, осы тәжірибесімен танымалдығы арта түскен ол бұл жолы да өзі қоятын спектакльдің музыкамен көркемделуінің мінсіз болатынына сенімді. Режиссердің айтуынша, спектакльге қатысатын «Жастар хоры» пьесаны музыкалық жағынан толықты­ра түспек. Сондай-ақ аустралиялық ре­жис­сер бұл спектакльдің ұзақ уақыт құр­са­уында ұстаған қатаң карантиннен кейін Қазақстан мен Мельбурнның рухани тұр­ғыда баяу да болса аяғынан нық тұруына игі әсерін тигізетініне сенім білдірді.

Басқосуға келген ECG London мү­шесі, «Nuclear Angels» қазақ рок-тобы­ның музыканты Джон Александр Гей­зелар Дулат Исабековпен таныс­қанын тағдыр сәттілігіне балайды. Ал Құр­манғазының күйлерін шығар­машы­лығына шабыт беретін қайнар бұлақ деп біледі. Джонның өзі 25 жылдан бері Алматыда тұрады және қазақстандық музыканттармен тығыз байланыста жұ­мыс істеп келеді. Еуразиялық гильдия бас­шысының айтуына қарағанда, қазір Қазақстанның атынан Мельбурнға баратын делегация құрамы жасақталып жатыр, өз тарапынан құрметті меймандарды қарсы алуға Аустралия елі де дайын.

 

АЛМАТЫ