30 Сәуір, 2014

Қазақстан мен Ұйым қарым-қатынасы қаралды

415 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Бас хатшысы Ламберто Заньермен кездесті, деп хабарлады осы ведомствоның баспасөз қызметі. Кездесу барысында Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы екіжақты ықпал­дас­тықты одан әрі дамы­туға бағытталған ауқымы кең мәсе­лелер, оның ішінде өзекті халық­аралық мәселелер және әртүрлі бірлескен жобалар аясындағы ынты­мақтастықтың болашағы талқыланды. Е.Ыдырысов Қазақстан мен ЕҚЫҰ ынтымақтастығының өзекті мәселелерінің бірі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және трансұлттық қатерлерге қарсы іс-қимыл болып табылады деп атап өтті. Осы тұрғыдан Ауғанстан аумағынан шығатын ықтимал қауіп-қатерлер Орталық Азия елдері үшін де, барлық халықаралық ұйымдар үшін де өте маңызды болып қала бермек. Ауғанстанмен өзара іс-қимыл мәселесі Ұйымның күн тәртібінен де түспек емес. «Үлкен тәжірибесі бар ЕҚЫҰ, БҰҰ және басқа халықаралық ұйымдармен бірлесіп, Орталық Азия елдеріндегі шекара қызметінің тиімділігін нығайтуға көмектесе алар еді, Ауғанстан мен көрші елдерде есірткіге қарсы күреске қолдау көрсету бағдарламаларын жүзеге асыруға қатыса алар еді деп санаймыз», деп атап өтті ҚР СІМ-інің басшысы. Сұхбаттастар жұмыстың маңызды бағыт­тарының бірі ретінде ЕҚЫҰ Астана Саммитінің басымдықтарын бірлесіп ілгерілету екендігін растады және бұл бағыт алдағы жылдарда Қазақстанның Ұйымдағы қызметінің негізгі басымдығы болып қала беретіндігін алға тартты. Бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайтуда болашақтағы тұрақты және сенімді әріптес ретінде Қазақстан 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелерінің құрамына, соның ішінде Астана декларациясындағы страте­гиялық мақсат – Еуроатлантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік ұйымын құру­ға қол жеткізу үшін өз кандидатурасын ұсынды. Тараптар, сондай-ақ, Украинадағы ішкі саяси ахуалдың даму мәселелерін талқылады. «Біз Украинаның дағдарыстан бейбіт жолмен шығуын және оның БҰҰ мен басқа да беделді халықаралық ұйымдардың көмегімен келіссөздер үдерісі жолымен шешілуін қалаймыз», деп атап өтті қазақстандық СІМ басшысы. Л.Заньер атап өткендей, осы жағдайда «Ұйымның Астана Саммитінде айтылған, біртұтас және бөлінбейтін қауіпсіздік қауымдастығын құруды жалғастыру қажеттілігі сезіліп отыр». Келіссөздер бары­сында әлемдік экономиканың құлды­раудан баяу шығуы және теріс эконо­микалық факторлардың шыдамсыз­дық пен қысым көрсетушіліктің артуы әсер етуі есебінен дінаралық және этнос­аралық төзімділік мәселелері де талқы­ланды. Тараптар ЕҚЫҰ өңіріндегі, оның ішінде ғаламтордағы қастандық жасау мен жеккөрушілік, ксенофобия мен исламо­фо­бия салдарынан туындаған қылмыс­тардың көбеюіне алаңдаушылық білдірді. Келіссөздер күн тәртібінің ба­с­қа бір маңызды пункті ЕҚЫҰ-ның Қа­зақстан­дағы қызметі болды. Е.Ыдырысов Ұйымдағы істер жағдайының мәні, оның тиімділігін арттыру, қабылданған шешімдерді орындау және қауіпсіздіктің барлық үш өлшемінде әлеуетті нығайту бойынша жүйелі және жоспарлы жұмыс­тың қажеттілігі жөнінде айтты. Ал ЕҚЫҰ Бас хатшысының ойынша, «Қа­зақстан-2050» ұзақ мерзімді даму стратегиясын ескере отырып және еліміздің тиіс­ті қажеттіліктері жағдайында Ұйымның Қазақстандағы өкілдігінің қызметін жаңғырту және заманға сай бейімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.