Әлем • 17 Шілде, 2022

Бейбіт тұрғындар қаза тауып жатыр

904 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Украинадағы әскери қақтығыста қаза тапқан бейбіт тұрғындар саны күн санап артып барады. Әсіресе мерт болған балалар көп. Таяуда Винница қаласына жасалған жан түршігерлік соққы халықаралық қоғамдастықты алаңдатты.

Бейбіт тұрғындар қаза тауып жатыр

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Өткен бейсенбіде Ресей тарапы Украинаның орталығында орналасқан Винница қаласын «Калибр» зымыранымен атқылаған. Соққы жергілікті уақыт бойынша 10:45-те жасалған. Киев билігі ракеталар Қара теңізде жүзіп жүрген кемеден ұшырылғанын хабарлады. Винницаға бағытталған зымырандардың екеуін әуе қорғанысы құрылғылары құ­латқан. Қалған үш зымыран кеңсе ғима­ратына, «Офицерлер үйі» театрына, тұрғын үйлерге және «Юбилейный» орта­лығы жанындағы автотұраққа түскен.

Винница әкімшілігінің басшысы Сергей Борзов Винница ауруханаларына 117 адам түскенін, олардың 71-і ауруханаға жатқызылғанын хабарлады. Шабуыл салдарынан 24 адам қаза тапты. Қайтыс болғандар арасында үш бала бар.

Ресей тарапы шабуыл жасалғанын мойындағанымен, әскери нысанды көз­дегенін алға тартады. Бірақ елдегі бұқаралық ақпарат құралдары Винница жөнінде мардымды ештеңе таратпады. «РИА Новости» агенттігі «Россия сегодня» және Russian Today-дің бас редакторы Мар­гарита Симонянның «Офицерлер үйі» туралы жазбасына сілтеме жасады. Онда М.Симонян ғимарат «нациктердің уа­қытша орналасқан жері болған» деп жазған. Ресейдің БҰҰ жанындағы Тұ­рақ­ты өкілдігінің аға кеңесшісі Евгений Вар­га­новтың айтуынша, Ресей әскери нысан­дарға соққы береді. Бұл жолы «Офицерлер үйіне» зымыран тасталғанын айтады.

«Дәлдігі жоғары «Калибр» теңіз зымыраны Винница қаласындағы офицерлер гарнизонының ғимаратына тиді. Соққы кезінде осы әскери нысанда Украина Әскери-әуе күштері қолбасшылығының шетелдік қару-жарақ жеткізушілерінің өкілдерімен кездесуі өтіп жатқан. Онда Украина Қарулы күштеріне ұшақтар мен қару-жарақтың кезекті партиясын беру, сондай-ақ Украин авиациясын жөндеуді ұйымдастыру мәселесі талқыланып жатқан. Шабуыл салдарынан жиналысқа қатысушылардың көзі жойылды», деді Ресей Федерациясы қорғаныс министрлігінің арнайы өкілі Игорь Конашенков.

Дегенмен тәуелсіз сарапшылар Ресей тарапы келтірген деректердің бәрін жоққа шығарып отыр. Біріншіден, «Офицерлер үйінің» атауы ғана әскери. Әйтпесе бұл ғимарат – концерттік бағдарламалар өткізілетін концерт зал. Соққы жасалған 14 шілдеде онда украиналық әнші Roxolana-ның қайырымдылық кеші өтуі тиіс еді. Шабуыл салдарынан өнер жұлдызының концертті ұйымдастырумен айналысып жүрген көмекшілерінің біреуі қаза тапты.

Екіншіден, қайтыс болғандардың бәрі бейбіт тұрғындар. Өкінішке қарай, Винницаға жасалған шабуыл салдарынан үш бала қаза тапты. Солардың қатарында Ирина Дмитриева есімді азаматшаның қызы Лиза да бар. Олар соққы жасалар алдында ғана әлеуметтік желіге видео салып, мамыражай көшеде кетіп бара жатқан екен. Құлаған зымыранның жарықшақтары сәбидің өмірін жалмаса, Иринаның бір аяғын жұлып кеткен. Қазір ол ауыр халде ауруханада жатыр.

Тылдағы қалаларды ракетамен атқылау мұнымен бітпек емес. Ресей әскері бұдан бөлек Николаев, Харьков қалаларына да зымыран тастады. Сондай-ақ Черкасск облысына Х-101 зымырандарымен шабуыл жасаған. Украина Әскери-әуе күштерінің қолбасшылығы олардың төртеуі жойылғанын айтады.

Бұған дейін Черкасск облыстық әскери басқармасының басшысы Игорь Табурец аймақтағы ауылшаруашылық кәсіпорнын атқылағанын хабарлаған болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ. Ауыл шаруашылығы техникасы мен мал шаруашылығына зиян келген.

Днепр қаласына да зымыраннан шабуыл жасалды. Днепропетровск облысының аймақтық билігі Ресейдің Днепрді атқылау үшін Х-101 зымы­ран­дарын қолданғанын хабарлады. Олар Каспий теңізінің солтүстік бөлігінен ұшырылған көрінеді. Бұдан бөлек, Ресей әскері Украинаның басқа да бөліктерін жаппай ракетамен атқылап жатыр.

Сарапшылардың пайымдауынша, мұның басты себебі мынада. Таяуда Украинаға АҚШ-тың M142 HIMARS дүркірете оқ жаудыратын реактивті жүйесі жеткізілген еді. Мұны украин жауынгерлері тиімді қолдана бастады. АҚШ тарапы бүгінге дейін Украинаға 12 дана  HIMARS жеткізді. Қазіргі таңда оның тиімділігі анық аңғарылып отыр.

Сарапшылардың есептеуінше, аме­ри­калық реактивті жүйе әкелінгелі украи­налықтар Ресейдің оннан астам әске­ри қоймасын жарып жіберген. BBC агент­тігінің хабарлауынша, Херсон қала­сы маңында Ресейдің 22-ші армиялық кор­пусы штабының басшысы генерал-майор Насбулин серіктерімен бірге қаза болған. Осының өзі небәрі 12 дана HIMARS-тың қаншалықты қауіпті қару екенін көрсетеді.

Бұл әскери қондырғының басқа реактивті жүйелерден ерекшелігі көп. Мәселен, HIMARS кешені FMTV жүк көлігіне орналастырылған. Сондықтан оқ жаудырғаннан кейін тез арада сол жерден кетіп қала алады.

Сондай-ақ бір демде алты снарядпен атқылауға мүмкіндігі бар. Оған қоса, қон­дырғыны оқтау да жеңіл. «Град», «Смерч» секілді басқа да дүркірете оқ жау­ды­ратын реактивті жүйелердің қасында оқтайтын арнайы көлік қажет. Ал HIMARS снарядтарды өзі салып алады. Бұл аме­рикалық жүйенің тағы бір артық­шылығы.

HIMARS-тың ең үлкен ерекшелігі оның қолданатын снарядтарына байланысты. Негізі қондырғы қанатты ракета­лармен де ата алады. Бірақ әдетте GMLRS снарядтары қолданылады. Мұның ерекшелігі – GPS арқылы басқарылып, алыс қа­шықтыққа ұшады. Әрі нысанаға дөп тиеді. Яғни, нысана GPS-пен белгіле­не­тін­діктен, оқ көздеген жерге тура түседі.

Осыған дейін Украинаға жеткізілген снарядтар шамамен 70-80 шақырымға дейін ұшады. Ендігі жерде Ақ үй 300 шақырымға дейін жететін ракеталар беруді жоспарлап отыр. Алда-жалда мұндай оқ жете қалса, Украина үлкен артықшылыққа ие болады. Өйткені елдің басып алынған оңтүстіктегі аймақтарына Ресей қару-жарақты Қырым көпірі арқылы тасымалдайды. Түбекті Ресеймен байланыстыратын көпірдің салынғанына бірнеше жылдың жүзі болды. Егер Украина әскері оны жарып жіберсе, онда Ресейдің әскері әжептеуір қиындыққа тап келеді. Украина алыс қашықтыққа ұшатын снарядтарды дәл осы көпірді қиратуға қолдануы әбден ықтимал.

Ұлыбритания барлау қызметі Ресей Украинаның оңтүстігіндегі оккупа­ция­ланған аумақтардағы қорғаныс позиция­ларын нығайта бастағанын мәлімдеді. Мариуполь мен Запорожье арасындағы аудандарға, сондай-ақ Херсонға сарбаздар мен мен әскери техника тасымалдауға кіріскен. Сондай-ақ Мелитопольдегі ресейлік күштер де қауіпсіздік шараларын күшейтіп жатқан көрінеді.

«Украина әскерлері Херсон облысын­дағы ресейлік қорғаныс шебіне бір айдан астам уақыт бойы қысым көрсетіп келеді. Президент Зеленскийдің соңғы саяси мәлімдемелерінің бірінде қазіргі уақытта Ресейді бақылауына алған аймақтардан шығару мақсатында шабуылға шығу туралы айтылған.

Ресейдің қорғаныс әрекеттері Украи­наның ықтимал шабуылына, сондай-ақ Қорғаныс министрі Шойгудың жақында Донбассқа сапары кезіндегі талаптарына және Украинаның командалық пункттерге, логистикалық орталықтарға және ресейлік әскер шоғырлануына қарсы жасап жатқан шабуылдарына жауап болуы мүмкін», делінген Ұлыбритания барлау қызметінің баяндамасында.

Сонымен қатар Еуропалық одақ Украинадағы соғыс үшін Ресейге қарсы тағы бір санкция әзірлемек. Жетінші па­кетте ресейлік алтынды әкелуге ты­­йым салынады. Сондай-ақ кейбір олқы­­лық­­тарды жауып, ресейлік азық-түлік им­порты үшін ерекшелікті нақты анықтайды.

«Ресей Украинаға қарсы аяусыз әрекетін жалғастырып жатыр. Сондықтан Кремльге қарсы жаңа санкциялар енгізуді, қолданыстағы санкциялардың сақталуын бақылауды күшейтуді және оларды 2023 жылдың қаңтарына дейін ұзартуды ұсынамыз. Мәскеу агрессиясының зар­дабын тартуы керек», деді Еуропалық ко­мис­сияның президенті Урсула фон дер Лейен.

Бұдан бөлек, Нидерланд сыртқы істер министрі Вопке Хоекстра Батыс елдерін Украинада жасалған соғыс қыл­мыстарына арналған трибунал құруға шақырды. Мұндай мәлімдемені Гаагада өт­кен соғыс кезіндегі қылмыстар үшін жауап­тыларды қудалауға арналған халықаралық конференцияда айтты. «Менің ойымша, мұндай трибунал идеясын қарастыру керек. Бұл оңай болмайды, бірақ Украинаға қолымыздан келгенше көмектескіміз келеді», деді ол.