Экономика • 17 Шілде, 2022

Қант нарығына реформа қажет

1147 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі қант тапшылығы мәселесіне тоқталып, осыған дейін пайдалануға берілген жеті қант зауытының төртеуі ғана жұмыс істеп тұрғанын сынға алды. Сондай-ақ қант нарығындағы қазіргі жағдай мемлекеттің ұстанымын қорғамағанын, Үкімет тез арада қант өнеркәсібін дамытудың жеке салалық жобасын әзірлеуі керектігін ашып айтып, нақты тапсырмалар берді.

Қант нарығына реформа қажет

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Жоспар қағаз күйінде қалды

«Мақсат – импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендету, өзін-өзі қам­тамасыз етуге кезең-кезеңімен көшу. Бұл салаға отандық және шетелдік инвесторлар тарапынан қызығушылық ай­тарлықтай жоғары, тек дұрыс тәсіл­дер қажет. Бұл – ішкі саяси мәні бар прин­циптік мәселе», деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Президенттің сынынан кейін 15 шілде күні Ауыл шаруашылығы министрлігі бірқатар жүйелі және жедел шаралар қабылдағаны белгілі болды. Министр Ербол Қарашөкеев журналистермен кездескен кезде импортты алмастыру мәселесі кешенді түрде шешілетінін, 2022 жылдың соңына дейін агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша 295 млрд теңгеге 237 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жос­пар әзірленіп, мемлекеттік реттеу мен қолдау шаралары күшейтіледі. «Ақ қант импортының және құрақ қант шикізатының өңдеу көлемі ұлғайтылады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ішкі нарықтағы бағаларды тұрақтандыру мақсатында Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, «айналым схемасы» шеңберінде, оның ішінде форвардтық келісімшарттар тетігін дамыту жөніндегі жұмысты жандандыру жолымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландырудың басымдығы мәселесі пысықталады», деді Е.Қарашөкеев.

Жалпы, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2021 жылы қант қызылшасы алқабын 32 мың гектарға дейін жеткізу, өнім көлемін 1 млн тоннаға өсіру жоспарланған болатын. Егер бұл бағдарлама орындалғанда ішкі нарықты отандық шикізаттан алын­ған қантпен толтыру мәселесі шешілген болар еді. Бірақ мұның бәрі қағаздағы жоспар болып қалды. Халыққа Үкіметтің жоспарындағы емес, дүкен сөрелеріндегі, бағасы халыққа қолжетімді қант керек.

Сарапшылар бір жылда 450-500 мың тонна қант тұтынатын қазақтың ішкі нарығы одақтағы өзге елдер, атап айтқанда Ресей мен Беларусь үшін көздің құртына айналғанын талай айтып келеді. Осыдан төрт жыл бұрын 2018 жылы Ресей Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттердің комиссиясына қант импортын шектеу туралы ұсыныс түсірді. 2019 жылдың алғашқы айында Ресей вице-премьері әрі Қаржы министрі Антон Силуанов Еуразиялық экономикалық одақ комиссиясы мен кеңесінен Қазақстанға қант импорттауға берілген жеңілдікті алып тастауды сұрады. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, көршілес Ресейде бір жылда орта есеппен 6 млн, ал Беларусь 4 млн тонна қант қызылшасын жинайды. Қазақстанда өсетін 460-500 мың тонна қант қызылшасынан 50-75 мың тонна қант алынады. Ал Ресей немесе Беларусьте бұл көрсеткіш шамамен – 100-120 мың тонна. Арадағы 50-70 мың тонна айырмашылық бізге – шығын. Алайда Беларусьтің Витебск қаласында жұма күні өткен ЕЭК Кеңесі отырысының қорытындысында сауда-экономикалық іс-қимыл мәселелері бойынша бірқатар шешім қабылданғаны белгілі болды. Комиссияның баспасөз қызметі хабарлағандай, Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің мүшелері ЕАЭО елдерінің уәкілетті органдарына ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін өзара сауда шеңберінде қант жеткізілімдеріне келісімшарт жасасу бойынша жұмыс жүргізуді тапсырған. Бұл ретте тараптар мүше мемлекеттердің ішкі нарығына қантты сату басымдығына, сондай-ақ Ресейде қолданыстағы 2022 жылғы 31 тамызға дейін мұндай жеткізілімдерге шектеулер ұзартылмайтынына сүйенуге тиіс. «ЕЭК алаңындағы консультациялар қорытындысы бойынша келісімшарттар жасасу және қажетті қант көлемін 1 қыркүйектен кейін жеткізу мүмкіндігіне қатысты кепілдіктер берілді. Атап айтқанда, Ресей және Қазақстан ауыл шаруашылығы министрліктері жыл соңына дейін 168 мың тонна жоспарлы көлемді ұлғайтуға келісті. Осы жаңалықтардан кейін нарықтағы барлық алыпсатарлық аяқталатынына күмәнім жоқ», деп атап өтті комиссияның сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.

Қазір еліміздің ішкі нарығындағы қант тапшылығына қатысты сұраққа ресми орындар толыққанды жауап бере алмайды. Осы мәселенің өзектілігі аңғарыла бастағанға дейін құзырлы орындар қант қоры жеткілікті деп келген. Айталық, биылғы наурызда Ауыл шаруашылығы министрлігі елде шамамен 90 мың тонна қант қоры бар екенін айтқан. Ал жеміс-жидек пісіп, тосаптың маусымы таяп қалғанда «қант қайда жоғалды?» деген сұраққа ешкім жауап бере алмай қалды. Ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеевтің «елге қанттың тұрақты жеткізіліп жатыр» деген мәлімдемесін статистика да, дүкен сөрелері де жоққа шығарды. Ал қара базардағы қант бағасы қазір 700-1000 теңге аралығында. Осыдан келіп, ел көңілінде «бұл қателік пе, әлде диверсия ма?» деген күмәннің бояуы қалыңдап кетті.

 Экономист Арман Бисембаев нарықта кез келген жағдай қалыпты құбылыс болып саналуы тиіс. Сарапшының пікірінше, Ресей үкіметі қант экспортына шектеу қойған күннен бастап, бағаны босату керек еді. Келесі 400 немесе 800 теңге болатын қант бағасы біраз адамдар үшін қолжетімді. Ал баға 1.5 немесе 2 мың мың болса, жұрт ойланады немесе бағаның төмендеуін күтеді. «Бұл шешім қанттың сыртқа немесе трейдердердің қолына түсіп кетуінің алдын алатын еді. Ал қазір бұл мүмкіндік уыстан шығып, қолдағы біраз қантты сыртқа жіберіп алдық», дейді сарапшы.

Экономист Уалихан Төлешев қантқа байланысты қалыптасып отырған жағдай Транскаспий бағдары Каспий құбырына қатысты мәселе арасындағы ұқсастық барын айтты: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кесімді шешімі ЕЭК-ті, Ресейді райынан қайтарып, ЕАЭО-дағы қант импортына жол ашып берді. Бірақ мұны Қазақстанның түпкілікті жеңісі немесе біздің пайдамызға жұмыс істейтін түбегейлі шешім деп қабылдауға болмайды. Қант импортының квотасы 100 мың тоннаға, ал кесімді мерзім 2022 жылдың қараша айына дейін ғана ұзартылды. Бізге қант импортының квотасын 100 мың тоннаға көбейтеміз деп отырған Ресей 2022 жылы қант қызылшасының түсімі 42 миллион тоннаға, қант қызылшасының егіс алқабын 9,45 пайызға, яғни 1,1 млн гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл кем дегенде 42 млн тонна өнім алуға мүмкіндік береді, өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға көп. Бұл дерек РФ Ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтында жазылған.

Қарашадан кейінгі жағдайды көрші елдің қант экспортының мүмкіндігі шешеді. «Кешегі шешім, басқаша айтқанда, қазақтың қантқа деген тәуел­діліктің тұсауын қарашаға дейін ғана шешті. Қараша айында өнім қамбаға түсіп, келер жылғы импорттың беталысы сол кезде айқындалып қалады», дейді сарапшы.

Жеті зауытты жұмыс істетсек те – үлкен жетістік

Сарапшылардың сөзіне қарағанда біздің кемшілігіміз – қантты страте­гиялық-әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрі деп танымағанымыз, дихандарды өнімнің осы түрін өсіруге ынталандыра алмағанымыз. Осы ретте У.Төлешевтің пікірінше қант қызылшасын өзімізде көптеп өсіріп, өңдеу арқылы проблеманы шешуге болмайды. Бар проблема жүйеліліктің жоқтығында: фермерлерде қант қызылшасын егуге қызығушылық жоқ. Қант қызылшасын сақтайтын қоймалар аз болғандықтан, жиналған өнімді тезірек өткізуге тырысады. Жарты жыл бойы толық қуатында жұмыс істемей бос тұрған зауыттар маусым кезінде шикізатты қабылдап үлгере алмайды. Мәселе бұлай жалғаса берсе, елімізде бірер жылда емес, алдағы онжылдықтарда қант тапшылығын, импортқа тәуелділікті шеше алмаймыз.

«Уақыт өткен сайын қант қол­данбайтын азық-түлік түрлері азайып кетеді. Балалар тағамынан бастап, тәтті сусындарға дейін қантсыз шығара алмаймыз. Біздің жерде өсетін қызылшаның өз ерекшелігі бар. Өнімді мол алсақ та ұзақ уақытқа сақтай алмаймыз. Себебі қызылшада ылғал көп болады, төмен температурада қатып қалады, ал күн ысып кетсе өңдеуге жарамсыз болып, қанты ағып кетеді. Оны арнайы жылытылатын бөлмелерде сақтап, қант өндіру қымбатқа түседі. Бізге қызылша өсірумен бірге, қант қамысын өңдеуді қоса алып жүру керек», деп атап өтті У.Төлешев.

Сарапшы айтқан екінші мәселе – балалар тағамын дайындайтын зауыттарда жасанды қант қоспасын пайдалануға шектеу қою.

«Бізге бұл шешім қымбатқа түссе де қабылдауымыз керек. Бұл қант зауыттарының жыл он екі ай тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Фер­мерлер мен зауыттар арасындағы тех­но­логиялық тізбекті қалыпқа келтірудің жолы осы», дейді У.Төлешев.

Тұқымның 90 пайызы – импорт

Соңғы бірер жылда мамандар қант қызылшасын өсіретін алқаптардың азайып келе жатқанын айтып дабыл қаға бастады. 2021 жылы жоспардағы 22,5 мың гектар орнына 14,5 мың гектарға ғана қант қызылшасы егілді. 2022 жылы 12 мың гектарға еккен. Демек, биылғы күзде жиналатын өнім бізге қажетті 500 мың тоннаға жетпейді, келер жылы қант тапшылығы тағы да алдан шығайын деп тұр. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының департамент директоры Ербол Есенеев өткен аптада журналистермен кездескен кезде қантқа байланысты мәселені шешу үшін суармалы алқап көлемін ұлғайту керектігін айтты. Қант қызылшасы суды және құнарлы топырақты жақсы көреді. Суармалы жерлерді көбейтетін мүмкіндік жоқ.

У.Төлешев айтып өткен келесі мәселе – біздің елде қант қызылшасы тұқымын дайындау тәрізді стратегиялық бағыт ретінде қарастырылмайды, қаржы аз бөлінеді. Ғалымдарымыздың осы саладағы азды-көпті зерттеулері мемлекеттің там-тұмдап бөлген қаржысы ғана емес, түрлі қорлардың бөлген гранттары арқылы жүріп жатыр. Мемлекет қант сегментіне көңіл бөлмесе, оны өсіру, өткізу мәселесіне де жүрдім бардым көзқарас қалыптасатыны анық.

Ауыл шаруашылығы ғалымдарының докторы, академик Серік Кененбаевтың айтуынша, біздің елде қызылша өсіруді қайта дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. Атап айтқанда Алматы облысының 10 ауданында (Алакөл, Ақсу, Еңбекшіқазақ, Ескелді, Жамбыл, Іле, Қаратал, Көксу, Сарқанд, Талғар), Жамбыл облысының 5 ауданында (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мерке) және Оңтүстік Қазақстан облысының 4 ауданында (Мақтаарал, Отырар, Сарыағаш, Шардара) қызылша өсіруге мүмкіндік бар. Соңғы жылдары Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысының диқандары да қант қызыл­шасын өсіруде әжептеуір тәжірибе жинады. Құстың ұясындай ғана жеріне ерте күзде қырыққабат пен қияр отырғызып, көктемде оны жиып алып, орнына қарбыз, қауын, мақтасын егіп алатын түркістандық ағайындарға қаржылық-техни­калық көмек көрсетсе, қант қызыл­шасын баптап, ішкі нарықты қантқа қарық қып тастауға әзір отыр. Қысқасы, ғалымдар жер жағдайын зерделесе, соған қанат қызылшасы сұрыптарын шығарса, Қазақстанның барлық суармалы аймағында тәтті түбір өсіруге мүм­кіндік бар.

С.Кененбаев айтып өткендей, мақ­сатқа жету үшін мемлекеттік деңгейде эли­талы тұқым сұрыптарын дайындайтын, зерттейтін орталық ашу керек. Бұл мәселе шешімін таппай, азық-түлік сегментінде импортқа тәуелділік деңгейін төмендету мүмкін емес. «Бұл жолы шегінерге жер жоқ Тәтті нарығына реформа қажет. Кондитер нарығындағы ойыншылар «қаржы емес, ес жиып алуға мүмкіндік беріңдер» десе, қызылшаның соңында жүрген ағайын «өнімімізді өткізіп берсеңдер болды, қалған шаруа біздікі» деп отыр. Сондықтан қант нарығына ерекше ден қойып, ауыл шаруаларын да бұл іске тарту керек», дейді ол.

Мемлекет басшысы қант нарығында қалыптасқан жағдай Үкіметтің қателігі екенін ашып айтты. Ендеше, Үкіметтің тәтті нарығына деген көзқарасы түзел­ме­йінше, жағдай оңалмайды. Нарықтың бұл сегментіне шұғыл түрде реформа қа­жет­тігін қазіргі жағдайдың өзі көрсетіп отыр.

 

АЛМАТЫ