Қоғам • 18 Шілде, 2022

Елордада алкогольсіз сусындарға сараптама жасалды

378 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласында сатылып жатқан алкогольсіз сусындардың 19% техникалық регламентке сай емес. Бұл туралы Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Елордада алкогольсіз сусындарға сараптама жасалды

Баспасөз мәліметінше, әсіресе жазда алкогольсіз сусын тұтыну мөлшері артады. Солардың көбінің жапсырмасында сусын құрамында шырындар, емдік шөптердің сығындылары, дәрумендер мен сергітетін заттар бар екені жазылады. Бұл сусындар бұлшықет белсенділігін уақытша ынталандырып, серотонин арқылы көңіл-күйді көтереді. Шөлді, тіпті қарынның ашқанын қысқа уақытқа басады. Танымал алкогольсіз сусындардың пайдасы осы ғана. Ал олардың, әсіресе энергетикалық сусындардың нақты зияны бар. Мысалы, үнемі қолдану адам ағзасының патологиясына, тіс эмалінің бұзылуына және тез салмақ қосуға, қант диабетіне, гипертонияға, атеросклерозға және басқа ауруларға әкелуі мүмкін.

«Нұр-Сұлтан қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті импорттық және отандық өндірістен шыққан алкогольсіз сусының 63 үлгісіне, оның ішінде энергетикалық сусынның 23 үлгісіне сараптама жасады. Зерттеу қорытындысы бойынша, Еуразия экономикалық одағының техникалық регламент талаптарына 12 импорттық сусын, оның ішінде 5 энергетикалық сусын сынамасы сәйкес келмеді», деді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Қарлығаш Әбдішева.

Monster Ultra Can және Monster Energy Ultra және грузин лимонадында «Натахтари» энергетикалық сусындарында натрий бензоатының концентрациясы 1,1-1,2 есе жоғары екені анықталды.

Натрий бензоаты - бензой қышқылының натрий тұзы (тағамдық қоспа Е-211).

E-211 консервантының концентрациясының жоғарылауы өнімнің дәмдік қасиеттеріне әсер етіп қана қоймай, адам денсаулығына қауіп төндіреді. Натрий бензоаты кейбір адамдарда аллергиялық реакцияларды тудырады.