Қоғам • 18 Шілде, 2022

Дұрыс сөйлей білу де мәдениеттілік

429 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тілде ұсақ-түйек деген болмайды. Бұл – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома.

Дұрыс сөйлей білу де мәдениеттілік

Әдетте тілді ауызекі, жазбаша деп бөлетініміз бар. Екеуінде де тіл нормалары қатаң сақталуға тиіс.

Ақылымыз асып-тасығандықтан емес, күнделікті көзбен көріп, құлақпен естіп жүргендіктен болар, кейде «осы біз дұрыс сөйлеуден қалып барамыз-ау» деген ойға қалатынымыз рас. Жастарымыз «братан», «что там», «короче», «қумашы», «сындырамын», т.б. осы сияқты «сәнді» сөздерді жиі айтатын болды. Басқаны қайдам, біз сияқ­ты қарт адамдардың құлағына біртүрлі ерсілеу естіледі. Біреулер «онда не тұр, ауызекі тілде қолдануға бола беретін шығар» деген де уәж айтуы мүмкін. Қалай болғанда да, өзімбілемдікке салынып, «бөтен сөзбен» сөз арасын «былғауға» болмайды деген ойдамыз.

Тағы бір мәселе – сандарды да қате айтатын болды: мәселен, «бес те екі», «үш те алты». Дұрысында, айтылуы «бес бүтін оннан екі», «үш бүтін оннан алты» емес пе еді? Мектепте осылай оқытқан болатын. Әрине, менің бұл ұстанымыммен келіспейтіндер де табылар. Өйткені спорт ойындарының есебін айтқанда «екі де нөл», «үш те бір» деген сияқты сандар көлденең тартылып жатады. Ал бірақ кез келген санды кез келген жерде осылайша орынсыз қолдана беру, қалай дегенде де, ақылға қонымсыз болып шығатыны дау туғызбаса керек.

Қысқасы, дұрыс сөйлей білу де мәдениеттілікке жатады. Бұл – менің жеке пікірім. Ал онымен келісу, келіспеу – әркімнің өз еркі.

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

зейнеткер

 

Түркістан облысы