Спорт • 18 Шілде, 2022

Семсерлесушілер сенімді ақтай ма?

138 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен сенбіде Мысырдың бас шаһары – Каирде семсерлесуден әлем чемпионатының шымылдығы түрілді. Әлемнің ең мықты спортшылары бақ сынап жатқан дүбірлі додада Қазақстанның 15 өрені өнер көрсетуде. Әдеттегідей олар бір аптадан аса уақыт бойы 12 жүлде жиынтығын сарапқа салады.

Семсерлесушілер сенімді ақтай ма?

Семсерлесушілердің әлем чемпионаты сонау 1921 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Сол 101 жыл аралығында КСРО мен Ресей спортшылары ең көп олжаға кенелді. Олар 322 (148 алтын+86 күміс+88 қола) медальға қол жеткізді. Италияның көш басындағы командадан жүлделер саны көп болғанымен, сапасы жағынан ресейліктерге есе жіберіп, жалпы есепте екін­ші орынды иеленуде. Апен­нин түбегінің түлектері 350 (116+103+131) жүлде олжалады. Үшінші орында – Франция құра­масы (91+90+95). Сондай-ақ озық 10 команданың санатында Мажарстан (91+86+94), Германия (47+56+57), Польша (17+29+39), Румыния (13+25+29), Украина (12+12+17), АҚШ (10+12+11) және Қытайдың (8+19+17) өрендері бар. Аталған жарыста барлығы 24 мемлекеттің әнұраны шырқалып, 38 елдің туы биікте желбіреді. Өкінішке қарай, олардың қатарында Қазақстанның бірде-бір семсерлесушісі жоқ.

«Қазіргі кезде қай команданың қарқыны күшті?» деген сауалға тұщымды жауап алу үшін соң­ғы бес әлем чемпионатының нәти­желеріне зер салған жөн. Мәселен, 2015 жылы Мәскеуде ұйымдастырылған жарыста төрт алтыннан олжалаған Ресей мен Италия көмбеге бірдей жетті. Бірақ күміс медальдары артық жарыс қожайындары жалпы есепте көш бастады. Ресейліктер 9 (4+4+1) жүлде алса, италиялықтар 5 (4+0+1) медальды қоржынға салды. Үшінші орында – Украина (1+1+1).

2016 жылы Рио-де-Жанейрода семсерлесу спортының Олимпиа­да бағдарламасына енбеген түр­лері бойынша бәсекелер ұйым­дастырылды. Яғни шпагадан ерлердің және рапирадан әйел­дердің командалық сайыстары өтті. Бұл бәсекенің екеуінде де Ресейдің бағы жанды. Мажарстан мен Италия финалда ұтылса, Румыния мен Франция үшінші сатыға табан тіреді. 2017 жылы Лейпцигте Италияның өрендері (4+1+4) алдарына жан салмады. Екінші және үшінші орындарды Ресей (3+0+3) мен Оңтүстік Корея (1+2+0) иеленді.

2018 жылы Қытайдың Уси қаласында да Апеннин түбегінен келген саңлақтардың (4+2+1) асығы алшысынан түсті. Оңтүстік Кореяның оғландары (2+2+3) екінші орын алса, АҚШ (2+2+2) үздік үштікті түйіндеді. Қазақтан құрама командасы мүшелері арасынан Дмитрий Алексаниннің жеңіс тұғырына көтерілуіне жақсы мүмкіндігі болды. Дүниежүзілік Универсиаданың қола жүлдегері деген атағы бар 26 жастағы Алматы қаласының тумасы ширек финалға дейін жеткенімен, бұл межеде Олимпия ойындарының жеңімпазы, әлемнің екі және Еуропаның төрт дүркін чемпионы, франциялық Янник Борельге жол берді.

2019 жылғы дүниежүзілік доданы Будапешт қаласы қабылдады. Дунайдың жағалауындағы жарыста Ресей спортшылары (3+3+1) озды. Франция (2+3+0) мен Оңтүстік Кореяның (2+0+2) әнұраны екі мәрте шырқалса, Мажарстан (1+2+0), Украина (1+1+2), Қытай (1+1+0), АҚШ (1+0+1) және Бразилия да (1+0+0) табысты өнер көрсетті. Аталған жарыстардың талайында топ жарып, үнемі алдыңғы лекте жүрген италиялықтарға бұл жолы бас жүлде бұйырмады. Барлығы бір күміс пен жеті қоланы қанағат тұтқан олар командалық есепте тоғызыншы орында қалып қойды. Ұлыбритания бір күміспен күптелсе, Гонконг, Грекия, Иран, Румыния және Швейцария жалқы қоланы еншіледі.

Мажарстанның астанасында Қазақстанның семсерлесушілері арасынан Руслан Құрбанов ең жақсы нәтиже көрсетті. Дүниежүзілік Универсиаданың екі дүркін жүлдегері шпагадан өткен сайыста үздік сегіз спортшының қатарына қосылды. Жарысты өте қарқынды бастаған жерлесіміздің ширек финалда Еуропа чемпионатының күміс жүлдегері, украиналық Игорь Рейзлинге әлі жетпеді. Дәл сол Рейзлин аталған жарыста күміс пен қола медаль алса, 2021 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында үшінші орынды иемденді.

Ал Каирдегі жарыста Қазақ елі намысын Руслан Құрбанов, Эльмир Әлімжанов, Дмитрий Алексанин, Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай (шпага, ерлер), София Николайчук (шпага, әйелдер), Артем Саркисян, Назарбай Саттархан, Мұхамедәлі Рахманәлі, Жанат Нәбиев (шпага, ерлер), Татьяна Приходько, Әйгерім Сарыбай, Карина Доспай, Анастасия Гулик және Татьяна Приходько (шпага, әйелдер) сынды саңлақтар қорғайды. Мысырда жерлестерімізге ең болмағанда бір жүлде бұйырса деген тілектің үстінде отырмыз.