Аймақтар • 19 Шілде, 2022

Жайылым мәселесі: Жоспардың жартысы ғана орындалды

201 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Табысын төрт түліктен айырып отырған ауылдардағы ағайын жайылым жер таппай біраз жылдан бері әуреге түсіп жүргені баршаға мәлім. 2021 жылдың 26 қаңтарында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі жайылымдық жерлердің 36 пайызы ғана мал шаруашылығы үшін пайдаланылып жатқанын айтқан болатын.

Жайылым мәселесі: Жоспардың жартысы ғана орындалды

Мемлекет басшысы аталған жиын­да Үкіметке еліміздің Бас Про­ку­ра­ту­расымен бірлесіп, жыл соңына дейін пайдаланылмай жатқан жерлерді кері қайтарып, ауыл халқының игі­лі­гі­не беруді тапсырған еді. Содан бері жұмыс қыза түсті. Біршама уақыт бұрын Amanat партиясының жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясы пайдаланылмай жатқан және заңсыз бөлінген ауыл шаруашылығы мақсатындағы 140 мың гектар жерді кері қайтарған еді. Әлбетте, билік партиясы жанынан құрылған комиссия мүшелері бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жемісін беретініне бек сенеді. Ал өңірлерде жағдай қалай?

Жамбыл облысында бастау алған ауыл халқының табысын арттыру жө­нін­дегі қанатқақты жоба өзінің өмір­шең­дігін дәлелдеп қойған. Аталған жобаны лайықты түрде жал­ғастырып, әлеуметтің әлеуетін арттыру үшін де жайылымдық жердің қажет екені даусыз. Өйткені қанатқақты жобаның арқасында төрт түлікті өр­гізген шаруалар жайылым жер мәсе­ле­сінің шешімін тапқанын қалайды. Мал шаруашылығын мықтап қолға алғандар бұл мәселе жедел түрде оңынан шешілсе дегенді ашық айтып та жүр.

Өңірде жайылым жер мәселесін шешу жолында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанымен, кейбір нәти­же­лер әлі де көңіл көншітер емес. Сон­дықтан да жұмысты ширатпаса бол­майды.

«Қолда бар жайылым жерлерді пайдалануды дұрыс ұйымдастыра алмауға және жеке аулалардағы мал ба­сының өсуіне байланысты жекелеген ауылдық округтер бойынша 683 мың гектар жайылым жетіспейтіні анықталып, мәселені шешу жолдары белгіленген еді.

Жалпы, жайылымды пайдалануды реттеу жұмыстарын жүргізуге бес бағыт ұсынылды. Жер кодексінің 36-бабына сәйкес ауылдық округ тең­ге­ріміне босалқы жерлер сана­тын­дағы 225,0 мың га жайылым жерлерді елді мекенге беру жұмыстары басталды. 2021 жылы 227,5 мың гектары (2022 жылдың 6 айында 0,7 мың га) берілді», дейді облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, ортақ жайылым жерлердің пайдалануға беріліп кеткен бөлігін елді мекендерге қайтару жүргізіліп жатқан көрінеді. Осылайша, елді мекендер аумағына 5 шақырым радиуста орналасқан 199,6 мың гектар жайылым жерді ауылдық округтерге бекітіп беру басталған. 2021 жылы – 13,6 мың гектар, осы жылдың есепті мерзімінде 7,8 мың гектар қайтарылды.

«Бірінші кезекте бұл жерлердің аумағын нақтылап, ауыл­шаруа­шы­лы­ғы алқаптарына бөлу жүргізілді. Нәтижесінде, осы радиусқа енетін жер­лер аумағы 147,2 мың гектарды құрайтыны нақтыланды. Екін­ші­ден, осы уақытқа дейін мемлекет меншігіне алынған жерлердің аумағы нақтыланып, оның қаншасы Жер инспекциясының пәрменімен, қаншасы жергілікті атқарушы органдар күшімен қайтарылып отырғаны анықталды. Нәтижесінде, мемлекет меншігіне қайтарылған 31,6 мың гектар жер түгелдей дерлік жергілікті атқарушы органдар, яғни аудандық бө­лім­дердің күшімен қайтарылғаны анықталды.

Үшіншіден, облыстың елді мекендер маңындағы жайылымдарды мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару облыс бюджетіне қаншалықты күш түсіретіні нақтыланды. Бұған 931,0 млн теңге бюджет қаражаты қарастырылуы керек. Сонымен қатар мемлекетке қайтарылатын жерлерде орналасқан жылжымайтын мүлік нысандары үшін өтемақының бөлек есептелетінін ескеру қажет. Дегенмен жайылым жерлердің басым бөлігі жалға берілгенін ескерсек, шығын көлемі неғұрлым төмендейді», дейді Бақтияр Көпбосынов.

Мемлекет мұқтажы үшін алынатын жерлердің үлкен өтемақы мөлшері облыс бюджетінде қарастырылуға тиіс. Себебі аудандар бюджетінің мүмкіндігі шектеулі. Осы орайда Б.Көпбосынов тиісті жұмыстар тек 8 ауданда ғана атқарылғанын атап өтті. Оның айтуынша, Сарысу және Тұрар Рысқұлов аудандарында жұмысты жүйелеу қажет. Кейбір аудандардың салаға жауап беретін орынбасарлары жұмысты дұрыс үйлестіре алмай отыр.

«Жайылым жерлер көлемін 418 мың гектарға ұлғайту қарастырылған. Оның 107 мың гектары босалқы жерлер есебінен, 166 мың гектары 5 шақырымдық радиуста орналасқан жерлер есебінен, 146 мың гектары игерілмеген жерлер есебінен қалып­та­с­ады. Сонымен қатар жайылым жетіспеушілігін жоюда пайдаланылмай жатқан резервтер бар. Мысалы, әрбір ауданда үлескерлердің саны 50 адамнан асатын агроқұрылымдар бар. Ал олардың иелігінде тіркелген мал басы жоқ, яғни үлескерлердің жайылым жерлері мақсатты пайдаланылмай жатыр.

Сондықтан аудан әкімдері бұл жерлерді қайтару немесе үлескер­лер­дің малын сол жерлерге жаюды ұйымдастыру бағытында ауыл әкімдерінің жұмыстарын үйлестіруі керек. Бұл шара өз кезегінде жайылым жетіспеуін жоюға үлкен септігін тигізеді», дейді Бақтияр Көпбосынов.

Басқарма басшысы келтірген деректерге зер салсақ, жайылымдық мақ­саттағы жерлерді кері қайтару жо­лында әлі де қыруар жұмыстар атқарылуы қажет. Бұл жұмысты бас­қар­ма басшысы жалғыздан жалғыз жүріп еңсере алмасы рас. Сондықтан да өңірдегі он ауданның әкімдері атал­ған жұмысқа білек сыбанып кіріс­ке­ні жөн.

Өзекті мәселе облыс әкімі Нұржан Нұржігітовті де толғандырмай қой­май­ды. Өйткені қанатқақты жоба арқы­лы тірлігін тіктегісі келген шаруа­лар жайы­лым жерден тарықпауы керек. Сонда ғана іс өнеді, халық табысы артады.

«Аудан әкімдері ауыл халқының табысын арттыру бойынша қанатқақты жобаның көлемін ұлғайтуды сұрайды. Әрине, жобаны іске асыру нәтижесінде мал басы өсетіні баршаға түсінікті. Егер аудан әкімдері жайылым жер мәселесін уақтылы шешпесе, бұл малды қайда жаюға ниеттеніп отыр? Нақты жоспар мен әдістеме түсіндірілді. Біз бұл мәселені талқылап жатқанымызға бір жыл болды. Енді уақыт жоғалтпай, жұмысты жүйелеген жөн», дейді облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.

Ауылдағы ағайынның бары – төрт түлік малы. Жағдайдың түзелгенін қалайды. Ма­сылдық психологиядан арыла бас­таған өңірдегі жұртшылық тірліктің көзін, табыстың өзін тапқы­сы келеді. Сол үшін де мал шаруа­шылығына мықтап ден қойған. Ресми де­ректерге зер салсақ, Қазақстан хал­қы­ның 42 пайызға жуығы елді мекендерде орналасқан. Олардың барлығы дерлік мал шаруашылығымен айналысып отыр.

Жайылымға арналған жердің жоқ болуы себебінен төрт түлік атаулы бірер жыл бойы елді мекендердің маңында жайылып келген еді. Салдарынан 5-10 шақырымға дейінгі радиуста жаз шықпай жатып жер тақырланып кететін. Тиісінше, жайылымдар да тоза бастаған еді. Өткен жылғы де­рек­ке көз жүгіртсек, Қазақстан бо­йынша жалпы жер атаулының 27 миллион гектары азып тозғаны расталған. БҰҰ са­рапшылары осындай олқы­лық­тар­дың кесірінен Қазақстан 1 миллиард­­­­­ долларға дейін шығынға ба­тып отырғанын алға тартады.

Жайылым жердің қат екенін жақсы білетін облыс басшысы өзекті мәселені оңтайлы шешуге ниетті. Нәтиженің қандай болатынын жыл соңында көре жатармыз. Әзірге қажетті 683 мың гектар жердің 334 мың гектары қай­та­рылды. Әлбетте, мәселе жартылай ғана шешімін тапқаны аңғарылады. Олқылықтың орны алдағы уақытта тол­тырылатын шығар...

 

Жамбыл облысы