Жаппай тәртіпсіздік, атап айтқанда, қирату, мемлекеттік объектілерді өрттеу, мүліктерді жою және терроризм актілері Алматы, Шымкент қалаларында, Ақтөбе, Атырау, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында орын алды. Наразылар әскерилерге шабуыл жасап, жолдың жүру бөлігін жауып, автокөліктерді өртеп, азаматтарды тәртіпсіздіктерге қатысуға көндірген және нысандарды тонаған.
«Қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді бұғаттау үшін олар полиция органдарының ғимараттарына шабуылдар жасады. Бүгінгі күні арнайы прокурорлардың іс жүргізуінде жаппай тәртіпсіздіктер бойынша – 53, терроризм актілеріне қатысты 32 қылмыстық іс бар. Тергеу әрекеттерінің аяқталуына қарай істер сотқа жолданады. Алматы қаласында арнайы прокурорлар 3 азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. Олар жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны, мемлекеттік органдардың ғимараттарына шабуыл жасағаны және билік өкілдеріне күш қолданғаны үшін күдікті деп танылған. Қаңтардың 4-нен 5-не қараған түні олар Алматы қаласының орталық алаңында болып, басқа адамдармен топтаса полицияның 42 қызметтік автокөлігін қиратты. Қолжетімді құралдармен қаруланып, құқық қорғау қызметкерлеріне зорлық-зомбылық жасады. Содан кейін әкімдік ғимаратына шабуыл жасауға және өртеуге белсенді түрде қатысты. Олардың осы қылмыстарға қатысын бейнекамера жазбалар, куәлардың жауаптары және сараптамалық зерттеулер растады. Қылмыстық іс айыптау актісі ретінде қарау үшін сотқа жолданды», деді Бас Прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов.
Сондай-ақ прокурорлар бүгінге дейін 8 өңірде 30 мыңнан астам тергеу әрекетін жүргізген. Нәтижесінде, 4 мыңнан астам сот сараптамалары тағайындалды.
«Қазіргі уақытта 349 күдікті адам қамауда отыр. Олардың қиратуларға, ғимараттарды өртеуге, қаруларды жымқыруға, мемлекеттік объектілерге және құқық қорғау органдары қызметкерлеріне қарулы шабуыл жасауға белсенді түрде қатысқаны анықталды. Әрбір қамауға алынған адамның қылмысқа қатысы туралы жеткілікті мәлімет бар. Қаңтар оқиғалары бойынша сотқа 479 қылмыстық іс жолданып, соған сәйкес 545 адам сотталды. Нақты бас бостандығынан айыру жазасын билік өкілдеріне қатысты күш қолданған, мүліктерді зақымдауға байланысты ауыр қылмыс жасағандар, сондай-ақ залалды өтемеген және өтелмеген соттылығы бар 83 сотталушы алды», деді Е.Қилымжанов.
Сонымен қатар Ақтөбе облысында 3 күдіктіге қатысты айыптау үкімі шығарылған. Анықталған мән-жайларға сәйкес, 5 қаңтар олар бұғаттау және қызметті тоқтату арқылы Ақтөбе қаласының халықаралық әуежайын басып алған. Нәтижесінде, стратегиялық объектінің жұмысы 2 тәуліктен астам мерзімге тоқтатылып, ішкі және халықаралық рейстер кешіктіріліп, айтарлықтай залал келтірілген. Күдіктілерге түрлі жаза тағайындалып, сотталды.
«Алматы облысында процестік келісім бойынша Талдықорған қаласындағы жаппай наразылықтың 5 белсенді қатысушысы шартты жаза алды. Бұған дейін хабарланғандай, сол күндері жаппай тәртіпсіздіктерге Қазақстанда тыйым салынған «ДВК/Көше» экстремистік ұйымының жақтаушылары белсенді қатысты. Шымкент қаласында сот үкімімен осы ұйымның 3 мүшесі 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Олар жаппай тәртіпсіздікке қатысуға шақырумен шектелмей, қиратуға, мемлекеттік мүлікке зақым келтіруге араласып, қалалық әкімдік ғимаратына шабуыл жасады. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ», деді Бас Прокуратура өкілі.
Ал Ішкі істер министрлігі «Қаңтар оқиғасына» қатысты 381 қылмыстық іс бойынша 10 адам қамауда отырғанын мәлімдеді. Айыптау актісімен 589 күдіктіге қатысты 359 іс сотқа жолданған. Олардың көпшілігі жаппай тәртіпсіздік барысында ұрлық жасағаны, қару ұрлағаны және заңсыз сақтағаны, көлік құралдарын заңсыз айдап кеткені, тонау және бұзақылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған.
«Сотта қарау нәтижелері бойынша 460 адамға қатысты үкім шықты. Соның ішінде 371 адам бас бостандығынан айырылды. 4 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды, 5 адамға айыппұл салынды, ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін 80 адам бас бостандығынан айырылды. Одан басқа, келтірілген шығынды өтеуіне және тараптардың татуласуына байланысты 13 адам қылмыстық жауапкершіліктен босады. Қазіргі таңда соттардың өндірісінде 116 сотталушыға қатысты 55 қылмыстық іс қаралып жатыр», деді Ішкі істер министрлігі Тергеу департаменті бастығының орынбасары Мұхтар Қожаев.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары оқиға кезінде 343 млн теңгеден астам соманы құрайтын мүлікті тәркілеген. «Жаппай тәртіпсіздіктерден жәбірленуші болып танылған азаматтарға келген шығынды өндіру аясында азаматтар мен бизнес субъектілерінен ұрланған 343 млн теңгеден астам соманың мүлкі табылып, алынды. Оның ішінде 12 автокөлік, 317 тұрмыстық техника, 189 зергерлік бұйым, 386 ұялы телефон, 550-ге жуық түрлі киім-кешек, 16 млн теңгеден астам ақшалай қаражат және тағы басқалары бар. Ішкі істер органдары жаппай тәртіпсіздіктер барысында ұрланған қаруды іздеп тауып, тәркілеу бойынша белсенді жұмысты жалғастырады», деді ІІМ-нің өкілі.