Қоғам • 19 Шілде, 2022

Суға ерлік жүрмейді

246 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Қызылорда облысы бойынша ТЖД өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» мемлекеттік мекемесінің алдында тұрмыз. Сырдария өзенінің қала аумағынан өтетін тұсы мен су айдындарын бақылауға кезек­шілікке шығатын топқа қалалық төтен­ше жағдай басқармасының аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Мақсат Төремұрат тапсырма беріп жатыр. Сәлден кейін-ақ міндеті белгіленген мамандар көліктеріне беттей бастады. Бізді Қызылорда қала­сындағы №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Мәди Төрәлиев ала кетті.

Суға ерлік жүрмейді

Жалпы құтқарушылардың қызметі қауырт. Мұндағы мамандар суға түсу мау­сымы аяқталысымен жылуға дайындық шараларына жегіледі. Жыл он екі ай тыным таппайтын құтқарушылар қазір полиция қызметкерлерімен бірігіп су айдындарында күшейтілген режімде рейд жүргізеді. Біздің рейд қала іргесіндегі «Эдельвейс» саяжайындағы көлден басталды.

Осының алдында ғана жаңбыр жауып, күн алабұлттанып тұрған. Осыдан болар түс ауа жағалауына демалушылар жинала бастайтын көл бүгін тып-тыныш екен. Ендігі бағыт – Шіркейлі каналы. Наурыз бен Сабалақ саяжайының арасындағы көпірге көзді ашып-жұмғанша жетіп келдік. Айналаны көзбен тінткен күйі жұмыстарының жайын айтып келе жатқан Мәди көпірге сәл қалғанда көлікті кілт тоқтатты. Шамамен 200 метр қашықтықта каналға сүңгіген сұлбаны байқап қалыпты. Ағысы қатты Шіркейліні жағалап отырып, көзге түспеген күйі рұқсат етілмеген аумақта суға шомылып жатқандардың төбесінен түскен жігіттердің шеберлігіне риза болдым.

Жағалаудағы 5-6 жігіт тек шайынып алуға келгендерін айтып ақталып жатыр. Бірақ орталарына алған сыра бұлардың мұнда «демалуға» арнайы келгенін аңғартып тұр. Рейдке шыққан мамандар бәрінің қайтуын қадағалап, келесіде айыппұл салатынын ескертіп кетті.

Рұқсат етілмеген аумаққа суға түскен оқушы үшін ата-анасынан бөлек учаскелік полиция мен білім бөлімінен, мектептен адам шақырылады. Әуеліде ескерту беріліп, жағдай екінші мәрте қайталанса әкімшілік айыппұл салынады.

Тасбөгет кентіне жақын Көксу – адам көп жиналатын көлдің бірі. Мұндағы бір топ жігітке бұл тұстың қауіпті екені ескертіліп, қайтарылды. Жақында ғана осы көлге қала тұрғыны батып кетіпті. Әскери салада қызмет ететін спортшы жігіт көлдің ана басына жүзіп барып, кері қайтқанда аяғы тартылса керек. Жағалауда тұрғандарға жағдайын айтып үлгерген жігіттің жанына достары жүзіп жеткенше тұңғиыққа батып кете барған. Жалпы облыс аумағында биылғы жыл басынан бері 22 адам суға кетіпті. Оның жетеуі – бала. Суға шомылу маусымы басталғалы 8 адам құтқарылыпты.

– Қала бойынша күнделікті 13:00-21:00 аралығында 35-38 адам рейдке шығады. Қазір облыс орталығындағы су құрбандарының саны сегізге жетті. Оның үшеуі жасөспірім бала, – дейді Қызылорда қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Жасұлан Түйменов. – Басты себеп – рұқсат етілмеген аумақтарда шомылу. Балаларды көзден таса қылудың да аяғы қайғылы оқиғаларға жалғасып отыр. Мысалы, қала іргесіндегі Қаракөл ауылында аяғы тайып, тереңдігі 1 метр болатын арыққа түсіп кеткен 4 жасар баланың денесі табылды. Ай шамасы бұрын отбасымен дария бойындағы белгіленбеген аймаққа суға түс кезінде 13 жасар қыз үлкендердің көзінше суға кетіп қалды.

Облыс бойынша қазір Қызылорда қаласындағы «Сыр самалы» демалыс орны мен іргелес Белкөл кентіндегі «Абай» жағажайлары бар. Яғни осы жерлерде ғана суға шомылуға рұқсат берілген. Бұл әрине аздық етеді. Бұл жағажайларға біреудің аяғы, ал енді біреудің ақшасы жетпейді. Қалада тағы да 2 жағажай ашу жоспарда тұр. Ал аудандарда мұндай орындар мүлде жоқ. Осыдан да тиісті орындарға коммуналдық жағажайлар ашу жөнінде төтеншеліктер берген ұсынысқа сәйкес Шиелі, Сырдария, Қармақшы мен Қазалы аудандарында ашылатын коммуналдық жағажайлар қаулысы әзірленіп жатыр. Бағасы арзан шомылатын жағажайлар мен қаңқалы бассейндер көбейсе, тілсіз жау құрбандарының қатары да азая түсер еді. «Адамдар көп жүретін аумақтарда үлкен экран арқылы бейнероликтер көрсетіліп, билбордтар орнатылса, қауіптің алдын алуға үлкен сеп болар еді» дейді мамандар.

Су құрбандарының санын азайту үшін қазір мамандар полиция қызметкерлері, еріктілер және БАҚ өкілдерімен бірлесіп рейдтік іс-шаралар жүргізуде. Оның барысында ортақ су пайдалану қағидаларын бұзған 27 адамға, қоғамдық орында алкогольді ішімдік ішкен 2 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды. Жазғы демалысқа шыққан балалардың да мына аптапта су жағалайтыны белгілі. Қызылорда облысы ТЖД басқарма бастығы Асхат Тоғызбаевтың айтуынша, олардың қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету мақсатында облыстық білім басқармасымен бірлесіп, қауіпті деп танылған 4 модульді-қаңқалы бассейн алынып тасталған. Сондай-ақ 12 мыңнан астам оқушыға қауіпсіздік ережелері бойын­ша 89 интерактивтік сабақ өткізілген. Қалалық төтенше жағдай басқармасының мамандары оқу жылының аяғына дейін облыс орталығындағы 54 мектепті аралап, түсіндірме жасаған. Осындай жұмыс аудандарда да жүргізілді. Қауіптің алдын алу үшін әлеуметтік желіні де барынша пайдаланып отыр.

Суға түсу маусымы кезіндегі кез келген жағдайға департаменттің жедел-құтқару жасағының күштері әркез дайын. Техникасы мен құтқару кезінде қолданылатын құралдар да сақадай сай тұр. Бірақ сол оқыс оқиғаның болмағаны ләзім.

Сырдария өзенінің облыс аумағынан өтетін ұзындығы 1274 шақырым. Бұдан басқа 19 ірі, 220 шағын канал мен 207 көл бар. Жалпы өңірдегі су жағалауларында 64 қауіпті учаске анықталған. Осының өзі құтқарушылар жұмысының қиындығын көрсетіп тұр.

Қазір бұрынғы лықсып ағып жатқан дария жоқ. Арнаның кей тұстары шұқанақ болып қалған. Бірақ бұл өзенді кешіп етуге болады деген сөз емес. Мамандар кейбір шұқанақтардың тереңдігі 7-9 метрге дейін жететінін айтады.

Ең бастысы, от пен суға ерлік жүрмейтінін ұмытпайықшы.

 

Қызылорда