Қазақстан • 19 Шілде, 2022

Цифрландыру ел дамуына серпін береді

293 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы елімізде цифрландыру жүйесі баяу жүріп жатқанын сынға алған еді. Президенттің тапсырмасына байланысты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі алдағы жоспарлары мен қандай жұмыстар қолға алынып жатқаны жөнінде мәлімдеді.

Цифрландыру ел дамуына серпін береді

Осының алдында Үкімет отырысында сөз сөйлеген аталған ведомствоның басшысы Бағдат Мусин кейбір салалардың цифр­­ландыру мәселесінде кем-кетіктері барын, жылдың аяғына дейін ақпараттық жүйелерді құру уақытын 6 айға дейін қысқартуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сондай-ақ әрбір сала бойынша цифрлы стратегия әзірленетінін, ал мемлекеттік органдарға қосымша ресурс беретін ұлттық инфрақұрылым 2023 жылдың ортасында іске қосылатыны белгілі болды.

Жалпы, Қазақстанда ақпарат­тық тех­но­логияның өркендеуіне, цифрлы дамуға ерекше ден қойылып отыр. Со­ның бір көрі­нісі – жақында Президент «Қа­зақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне ин­но­вация­ларды ынталандыру, цифрландыру, ақпараттық қауіпсіздікті дамыту және білім беру мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл құжатта цифрландыруды, инновацияларды дамытуды ынталандыратын жаңа нормалар қарастырылып отыр. Жауапты министрліктің хабарлауынша, заңның басты ерекшелігінің бірі – Қазақстан Республикасы Президентінің «Мемлекеттік аппараттың қыз­метін бюрократиядан арылту бойынша іс-шаралар туралы» Жарлығын жүзеге асыру үшін заңға цифрлы трансформация енгізілген. Онда неғұрлым тиімді үдерістерді артық шығынсыз енгізу, ауыр және бюрократияға толы бизнес-процестерді жай ғана автоматтандырмай, оларды қайта жобалап, барынша сапалы ету қарастырылған. «Цифрлы трансформация азаматтар мен бизнестің, олардың мемлекеттік қызметтерді алу кезіндегі шы­ғындарын және мемлекеттік аппарат жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалатын шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Заң аясында мемлекет­тік басқаруды цифрландыру кезінде бірыңғай платформалық тәсілді қамти­тын жүйе енгізу ұсынылды», делінген министрлік таратқан хабарламада.

Жаңа заң мемлекеттік қыз­мет­терді алу кезінде азаматтар мен бизнестің шығындарын төмендетуге, ауыл мен қала тұрғындарының цифрлы теңсіз­дігін азайтуға, басқарушылық шешім­дердің тиімділігін арт­тыруға, ақпараттық қауіп­сіздікті күшейтуге, мемлекеттік органдардың қайталанатын функ­цияларын қысқартуға мүм­кіндік бермек.

Қазіргідей ақпараттық тех­нология­ның дамыған заманын­да ешкім де сабылып, бір қа­ғаз үшін бірнеше мекеме­нің та­балдырығын тоздырып жүр­гісі кел­мейді. Негізі жаһан­ды дүрліктірген пан­демия ел аза­маттарының цифрлы сауатын едәуір арттырғаны белгілі. Өйткені интернет пен электрон­ды мемлекеттік қызметтер бірінші қажет­тілікке айналды. Осыған сай мемле­кеттік құрылымдар да жұмыс бағытын цифрландыруға қарай бұра бастады.

Министр Бағдат Мусин бұған дейін eGov Mobile мобильдік қосымшасындағы цифрлы қызметтерге сұраныс екі есеге өскенін айтады. Азаматтардың басым бөлігі мемлекеттік қыз­­меттерді онлайн алуды жөн көретінін ескере келе, минис­тр­лік енді EGov mobile цифрлы құжаттар сервисінің қолданылу аясын кеңейте түсті. Енді әр азамат eGov mobile бағдарламасын өз смартфондарына жүктей алады, бұл қағаз құжаттарды алып жүрмеуге мүмкіндік береді. Жаңа заңда да қағаз құжаттардың түпнұсқасы электронды нұсқамен бірдей қабылдауға міндеттелді. Бүгінгі таңда Egov mobile-дан жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, туу туралы куәлік, неке туралы куәлік, тегін, атын, әкесінің атын өзгерту туралы куәлік, некені бұзу туралы куәлік, техникалық паспорт, COVID-19 үшін ПТР тестілеу нәтижесі, студенттік билет, диплом, зейнеткер куә­лігі, қандас куәлігі, көлік құра­лын тіркеу туралы куәлік, әлеу­меттік ID, вакциналау паспорты, көп­ба­лалы отбасының жәр­дем­ақысын алу, мүгедектік куә­лігі, атаулы әлеуметтік көмек алу­шының куәлігі сияқты құ­жат­­тарды жүктеп алуға бола­ды. Бір ескеретін жайт, ақпа­рат­тық жүйелер базасында бар құжаттарды мемлекеттік орган­дардың талап етуге құқы жоқ. Бұл заңмен бекітілгенін ерекше атап өткен жөн. Мұн­дай өзгерістер меке­мелерге құ­жат­тардың қағаз балама­ларын, көшірме жасауға кететін уақыт пен ақша шығындарын үнемдеуге бағытталған.

Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай кемінде 100 мың жоғары білікті IT-маман даярлау міндетін қойғаны белгілі. Министрліктің хабарлауынша, бүгінде Қазақстанда еңбек нарығында білікті IT-кадрлардың тапшылығы байқалып отыр. Осыған байланысты IT-маман­дарды даярлау үшін жас және талантты студенттердің IT-мек­тептерде оқуын субсидиялау үшін гранттар (ваучерлер) беру жобасы іске қосылады. Осы жоба шеңберінде 2025 жылдың соңына дейін кемінде 20 мың білікті IT-маман даярлау жоспарлануда, дейді министрлік өкілдері.

Министрлік сондай-ақ ауылдық елді мекендерде тұра­тын қазақстандықтар үшін «Қазпошта» АҚ инфрақұрылымы базасында цифрлы нүктелер ашылатынын хабарлады. Соның нәтижесінде компьютері немесе интернеті жоқ ауыл тұрғындары цифрлы нүктелердің көмегімен өздері қалаған мемлекеттік қызметтерді ала алады, сондай-ақ аудан орталықтарына немесе қалаларға бармай-ақ, мемлекеттік органдарға электронды өтініш­тер жібере алады.

Президент денсаулық сақтау­ды цифрландыру мәселесін де қозғады. Осыған байланысты министр Б.Мусин денсаулық сақтаудың жаңа электронды архитектурасын құру бойынша жұмыстар басталғанын, бұл азаматтардың цифрлы ұлттық денсаулық паспортын жасауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Зерде» холдингін реформалау жайы да сөз болды. Холдингке қатысты өзгерістер жылдың басында басталған екен. Оның бір қызметі «Цифрлық үкіметті қолдау орталығына» беріл­ген. Сонымен қатар QazInnovations агенттігі мен Аста­­на хаб технопаркін бір ұйым­­ға, яғни Инновациялық технологиялар паркінің құрамына біріктіру арқылы оңтайландыру ұсынылып отыр. «Ал «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамын тікелей Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қол астына бе­ріп, «Зерде» холдингін таратып жіберуді ұсындық», дейді Б.Мусин.