Аймақтар • 19 Шілде, 2022

10 мың үйді электр қуатымен қамтиды

534 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан үшін күн мен желден энергия өндіру басты басымдықтың біріне айналған. Жалпы, еліміздің әлеуеті бүгінде қолданып отырған барлық энергия мөлшерінен әлденеше есе көп екені мәлім...

10 мың үйді электр қуатымен қамтиды

Жамбыл облысында соңғы жылдары күн, су және жел электр стансалары көптеп бой көтере бастады. Бүгінде Айшабибі ауылдық округіне қарасты Қызылтаң елді мекенінің маңында орналасқан «Айша Күншуақ» стансасында 50 мегаваттық электр қуаты өндіріліп жатыр.

Аталған нысанның құрылыс жұмыстары өткен жылы қолға алынған еді. Жақында ғана пайдалануға берілген күн электр стансасының құрылысын украиналық «Родина» ЖШС жүргізді. 110 гектар аумақты алып жатқан стансаға 100 мың күн панелі орналастырылған. Треккерлер жүйесі арқылы панельдер күн шығуына қарай қозғалып тұрады. Панельдердің бір артықшылығы, екі жағынан да жұмыс істейді. Мәселен, қыс мезгілінде жерге түскен қардың күнге шағылысқан сәулесі арқылы да панель энергия қабылдауға қауқарлы. Панельдер Ресей Федерациясы мен Қытай елінің өнімі саналады.

Стансаның басшысы Жандос Райбекұлының сөзіне сүйенсек, 50 мегаватты құрайтын күн электр стансасын салуға аудан аумағынан жалпы 300 гектар жер бөлінген. Бүгінде оның 110 гектарына күн панельдері орналастырылған. Қазіргі кезде онда15 адам еңбек етіп жатыр.

«Біздің стансаның басқалардан артықшылығы – қозғалмалылығында. Мұндағы панельдер күн сәулесінен көп энергия жинап қана қоймай, күн көзінің бағытына қарай қозғалып, сәулені көбірек тартуға тырысады. Ұйытқып соққан қатты желге де төтеп бере алады. Ақпан айын­да болған дауыл кезінде бұл панельдер өзінің төзімділігін байқатты. Секундына 40-50 метр жылдамдықпен соғатын дауылға төтеп беретіндей етіп есептелген», дейді ол жағдайды түсіндіріп.

Дерекке көз жүгіртсек, стансаның құрылыс жұмысының жобалық құны 20,8 млрд теңгені құрайды. Күніне 50 мегаваттық электр қуаты өндіріліп, КЕGОG-тың біртұтас энергия жүйесіне берілуде. Стансада өндірілген қуат көзі 10 мыңнан аса үй мен өндіріс ошақтарына жетеді. Нысанның маңын арнайы жұмысшылар талапқа сай тазалап отырады. Ол үшін арнайы шөп оратын техника да қарастырылған.

«Компания тарапынан үлкен жұмыс атқарылды. Бұл – ауданның ғана емес, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді. Жалпы, елімізде табиғат көздерін тиімді пайдалануды үйреніп, күн, жел мен су көздерін игеру қажеттілігі туындап отыр. Қолдан келіп тұрғанда электр стансаларын көптеп салып, елімізді электр энергиясына деген тәуелділіктен арылтып, өзіміздің отандық өнім көлемін ұлғайтуға тиіспіз. Бұл жұмыстар болашағымыз үшін жасалып жатыр», дейді Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы.

 

Жамбыл облысы,

Жамбыл ауданы