Қоғам • 20 Шілде, 2022

Ілия ма, Илья ма?

298 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Музыка корифейі, композитор, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстан мен Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақановтың есімін көпшілік Ілия деп айтып шатасып жатады. Бірде «Менің атым Ілия емес, Илья» дегенін естіген соң ол кісінің өзінен есімінің тарихын сұраған едік...

Ілия ма, Илья ма?

«Менің туған жерім – Сарысу ауда­нының «Ілгерібас» деген колхозы. Ел Қаратаудың Жон деп аталатын жайлауына қонып, түйемен көшкен керуен Нұртай өзенінің жағасына қонайын деп жатқан шақта далада жайнап тұрған жауқазын, алқызыл гүлдер, сартап қыр сондай исініп, жәннат әлемі секілді гүл атып тұрған кезде, көш қонатын жер­ге таяғанда ойда-жоқта қара дауыл соғады...

Қара жаңбыр, қара дауыл, алай-түлей болып кетеді. Дауыл соңы қарға ұласады. Ақтүтек қар борап, даланы ба­сып қалады. Түйелер қадамын ілгері ба­са алмайды. Көш тоқтайды. Сол кез­де түйелерді тоқтатып, шөгеріп, адамдар абдырайды да, көштегі барлық керегелерді босатып, бастырма жасап жатқан уақытта анам Балкенді толғақ қысады. Әжем Биежан да сол маңда бол­ған. Сондай қара дауыл соғып, қар құйып тұрған уақытта мен шыр етіп дү­ние есігін ашыппын», дейді Илья Жақа­нов өзінің дүниеге келген шағын есіне алып.

«Сол сәтте бастырманың ығына туырлық, киізге орап, көрпелермен шешеміз екеумізді қымтайды. Кейін шешемнен: «Содан кейін не болды?» – деп сұраймын ғой. Ол кісі: «Екеуімізді орап тастаған соң бір сәттің ішінде айнала, дүние қайта жайнап, жауған қардың бәрі тасқынға айналды. Қаратаудың үстіндегі Жон деп аталатын жайлаудағы сай-саланың, жыраның бәрі сарқырап, дүниенің бәрі Еділ-Жайық болып кетті. Бұл не деген жаңбыр, бұл не деген мезгілсіз жауған қар, бұл не деген тасқын деп ойладық. Сөйтіп сен сондай жағдайда, Нұртай өзенінің жағасында дүниеге келдің», – дейді.

Арада бірер күн өткенде ауыл адамдары, анығырақ айтсақ Мәделі, Мүсірәлі, Сәрсен, Смағұл деген молда-қожалар, Биежан әжейдің немересіне құтты болсын айтайық деп біздің үйге келіп, қымыз ішіп отырған сәтте әкей келеді. Ол кісі ауылдық мектептің директоры болатын. Қолында кітаптары бар екен. Үлкен кісілер «Жақан, сенің қолыңдағы кітаптың ішінде Ленин ақсақалдың суреті бар ма?» деп сұрайды. Әкей кітаптың бетіне қараса, әліппенің бетінде Ленин мен Сталиннің суреттері тұрады. «Лениннің суреті бар екен» деп үн қатады. «Әкесі кім екен?» – дейді үлкендердің бірі. «Әкесі – Илья Ульянов» деп жауап береді.

«Онда сенің дүниеге келген баты­рыңның, Биежан әженің немересінің аты Илья болсын» деп, менің атымды Илья қояды. Содан бастап менің атым Илья аталып, барлық құжаттарымда солай жазылған. Ілия емес, Илья. Міне, менің дүниеге келген кезім мен атымның қойылу тарихы осылай», дейді қазақ ән әлемінің дарабозы өткен шаққа көз жүгіртіп.

Бауырлас қазақ пен қырғыз халықтарына ортақ көптеген ғажап туындыларды дүниеге әкелген Илья Жақановтың ән әлеміндегі қолтаңбасы ешқашан өшпейтіні даусыз. «Даниярдың әні», «Еділ мен Жайық», «Әселім әнім», «Жәмиләнің әні» секілді кесек туындылары уақыт өткен сайын құны арта түсетін шығармалар екені де рас...

Иә, әйгілі композитордың есімі жұрты айтып жүргендей Ілия емес, Илья. Әлбетте, адамның атын қазақшалап айтып жататынымыз бар. Әйткенмен, азан шақырып қойған есімді бұрмалаудың қажеті жоқ. Ол Илья Жақановқа ұна­майды.

 

Жамбыл облысы,

Сарысу ауданы