Өнер • 20 Шілде, 2022

Көкейді тескен «Жиырма бес»

720 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазақта «Жиырма беске» арналған ән көп. Көкейді кесіп те, тесіп те түсіретін түр-түрі бар. Көкейді кесіп түсіретін, біз білетін «Жиырма бестің» бірі Үкілі Ыбырайдікі болса керек. «Күрек тісін ақситып, сұлуды құшқан ­жиырма бес» деп екпіндете шырқалады. Тағы бір «Жиырма бес» қорғасындай балқытады. Бар тамырды қуалап, аса қамырықты орындалады. Әсіресе Шәкен Аймановтың орындауында белгісіз күйге душар етеді.

Көкейді тескен «Жиырма бес»

Егер ғаламтордан Youtube немесе Google-ға «Жиырма бес» деп теріп келіп жіберсеңіз, күле тұрып, көзін оқтай қадаған Шәкен Айманов шыға келеді. Оның өнердегі шын бейнесі осы сияқты. «Жылап тұрып, күле білген... Неткен ғажап адамзат» дегеннен де те­реңі­рек секілді сезіледі режиссердің мұңы. Сол мұң мен зар, қайғы-қасіреттің бір елесі «Жиырма бесті» салғанында ойлы тыңдарманның көңіл түкпірінен қылаң бермеуі тағы мүмкін емес-ау. Бұл әнді оған дейін де, одан кейін де орындамаған әнші кемде-кем. Шәкеннің салуында тіптен адамзат баласының арман-аңсары емес, ұлттың қасірет, зары ретінде қабыл­данады. Терең мұңнан қуат алған қамы­рықты сезім суреті елестейді көзге. Қарт емес, күш-қуаты кемімеген, алайда ақыл тоқтатқан, сүйегіне өнер сіңген зор дауыс иесін байқаймыз.

Бұл әннің жасы нешеде деп ойлай­сыз? Ешкім білмейді. Авторының өзіне талас көп. Сөзі де әртүрлі айтылады. Біреулер халық әні десе, біреулер Зілғараның, біреулер Салғараның әні дейді. Біз оған бас қатырмаймыз. Кезінде әйелдер де шырқаған ән деседі зерттеушілер. Қазақ ән өнеріндегі шоқтығы биік туынды туралы айтылған сөз, жазылған зерттеу көп-ақ. Біразын адақтап шықтық. Түп атасына жетуге болады. Соның өзі­не қызығушылығымызды тудырған – Шәкен атаның орындауындағы нұсқа­ның соңына шам алып түскенімізден.

Дәл осы тұсқа келгенде әнші, өнер­танушы Ерлан Төлеутайдың мына пікі­ріне тоқталмай кете алмаймыз: «Бұл әнді Шәкен Айманов бастапқыда 1969 жылы «Транссібір экспресінде» емес, режиссер Мәжит Бегалиннің «Мәншүк туралы ән» фильмінде орындаған екен. 1970 жылы «Атаманның ақыры» туын­дысы түскенде Шәкен Айманов сол картинаға да қолданған. 1977 жылы ол кісі қайтыс болып кеткеннен кейін, «Транссібір экспресіне», 1987 жылы «Ман­жур варианты», 2009 жылы «Сіз кімсіз, Ка мырза?» фильмдеріне тағы пай­даланылған. Шәкен аға Қали Бай­жанов­тың нұсқасынан үйренген. Қали Байжановтың ұлының айтуынша, әке­сі­нің домбырасын Шәкен Айманов «Кино­ға ән жазайын деп жатырмын» деп сұрап алған көрінеді.

Мен Қали Байжановтың баласымен әңгімелесіп едім. Әншінің дауысы туралы сұрағанымда, «Өте зор болды, оны сипаттауға тілім жетпейді. Бір ғана мысал айтайын, бір жолы ел аралап, концерт қоюға жолға шықтық» дейді. Сонда халық «Қалеке, сізді дауысыңызбен шам сөндіреді дейді ғой, көрсетіңізші» деп қолқалап, майшам тауып, әншінің алдына қояды. Домбыраны қағып-қағып жіберіп, Шаманың әнін бастап, «Күн ба­тар…» деп қалғанда, шам жалп ете қала­ды. «Дауысы сондай қуатты еді» дейді ұлы».

Шәкен Айманов әнді атақты Қали Байжанов нұсқасында салғанына осылай көз жеткізуге болатын сияқты. Енді осы «Жиырма бес» әні туралы көлемді зерттеу еңбек жазған Илья Жақановтың мына сөзі де ешкімді бейжай қалдырма­сы анық: «Күллі алты алашқа аян ән сұңқа­ры Біржан салдың шырқап жүр­ген шағында Зілғараның «Жиырма бесі» ­деп Мұхтар Әуезов «Абай жолы» эпо­пеясында толғана жаз­ған классикалық бітім-болмысы ерек­ше ән өзінен бұрынғы, не өзінен кейінгі көп «Жиырма бестерден» мән-мағынасы терең, сүйегі ірі, кесек жаратылған дүние болып қызықтырады, ойландырады, тол­қытады. Осы бір өрелі нұсқа басқа «Жиырма бестерге» өзгеше бір шы­рай таратады» дей келе, бірнеше «Жиыр­ма бес» әнін көзінен моншақтай тізеді. Авторларына, орындаушыларына тоқта­лып, ақырында былай түйіндейді:

«Біздің заманға жеткен небір дүлдүл әншілердің ішінде «Шаманың әнін» Қали Байжановтай ешқайсысы айта алған жоқ. Әр әнге тап осылай ешкімге ұқсамай­тын өз өрнегін салған Қали Зілғараның «Жиырма бесін» мүлде басқа «ән» қылып шығарған. Биікке сілтесе қол жетпей­тін шырқау. Кербез керілтіп, ұзата салса бітпейтін шексіздік. Буырқана толғанса, тереңге тартқан түпсіз тұңғиық! Қали Байжанов сирек бітімді жаратылыс сыйы. Ол өз үнінің адам қиялы жетпейтін қиямет құпиясымен «Жиырма бестің» өзіне ғана тән жаңаша бір нұсқасын жасады», деп тұжырады И.Жақанов. Осылай ізін кесе берсе шындыққа, шын авторға жақындауға болатындай көрінеді.

Шәкен Аймановтың орындауын­­да­ғы «Жиырма бесті» біз ғана емес, күллі ­қа­зақ сүйіп тыңдайтынын кейін білдік. Ол ­туралы айтқан күйші Секен Тұрыс­бек­тің пікірімен сөзіміздің нүктесін қоя­мыз: «Кейде шағын да болса, күйден де артық адамның жанына азық беретін әндер кездесіп жатады. Мысалы, Зіл­ғараның «Жиырма бес» тектес әні. Шә­кен Айманов ағамыз қандай керемет орын­дап, өз киноларына қалай шебер қолдана білді! «Ер туып, ел қорғаған ата-бабаң, бұл күнде ізі жатыр, дүние-ау, тозаңы өшкен...» деп келетін бір шу­­мақты, Шәкен аға ұлы адам ғой, екі минутқа созады. Шіркін, Шәкен ағаның ешқандай бір трафаретке түсірілмеген қалыпта орындауындағы ол әннен жабайы даланың иісі аңқып, сонау алысты көз алдыңа келтіреді... «Етікші болсаң да, әлемге әйгілі етікші бол» дейді ғой, сол айтқандай, Шәкен аға – қай салаға салсаң, сол саланың шыңына шығатын ғажап тұлға. Сол кісі әлгі әнді өзінің үш бірдей киносына қосты, ешқайсысын жұрт «қойшы осыны» деген жоқ. Әңгіме қалай жеткізе білуде ғой».