Қоғам • 20 Шілде, 2022

Жол қауіпсіздігі жүргізушілерге байланысты

638 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Жол амандығын берсін» деп ақ ниетпен сапарға аттан­ғанымен, кейбір көлік жүргізушілері асфальт жолды көргенде арқа­сы қозып кететін сияқты. Жоғары жыл­дам­­дықпен жүйткіген авто­мобильдер барар жері­не жете алмай, талай тағдыр үзілді. Жазғы мау­сым басталғаннан бері елімізде жол-көлік оқи­­ғалары жиілеп кет­кені рас. Саяхаттауға аттан­­ған­дар «мәңгілік мекен­ге» аттанып жатыр.

Жол қауіпсіздігі жүргізушілерге байланысты

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Иә, әлеуметтік желіні ашып қалсаң, күн сайын жолда қаза болғандар жайлы ақ­па­раттар толып тұр. Күні кеше Оралда екі жеңіл көлік бет­пе-бет соқтығысып, 8 адам жан тапсырды. Қарағанды облы­сында да шағын автобус жүк көлігімен соқтығысып, 8 жо­лаушы қайтыс болды. Біз адам шығыны көп екі оқиғаны ғана мысал келтірдік. Өткен демалыстың өзінде респуб­ли­ка бойынша 80-ге жуық жол апаты тіркелген. Жыл басынан бергі статистиканы ысырып, тек жазғы маусым басталғаннан кейінгі жол апаттарды тізбелесек, жолға шығуға жүрексініп қалатыныңыз анық. Өкініштісі сол, тәжірибелі жүр­­гізушілер ережелерді қатаң сақ­тағанымен, ажалы өзге­ден кеп жатады. Көлік сало­нын­дағы жолаушылардың тағ­ды­ры да соған ұқсас.

Өңірлердегі статис­ти­ка­лар­ға көз жүгіртсек, Батыс Қа­зақстан облысында жыл басынан бері 124 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 40 адам қай­тыс болған. Павлодар облы­сын­да осы жылдың 6 айында 215 жол-көлік оқиғасы орын алып, 37 адам ажал құшқан. Өзге өңірлердегі көр­сет­кіштер де осының ар жақ бер жағы. Мүгедек арбасына таңылғандар қаншама?! Қайғылы жағдайдың себеп­те­рі таңсық емес. Көбіне жылдам­дық­ты шамадан тыс арттыру, қарама-қарсы жолаққа шығып кету сияқты ережелердің бұ­зыл­уы тіркеліп отыр.

Жүргізушіге «жолда байқап жүр» деп айту аздық етер. Жол ережесін сақтамасаң, ырым қылып таққан тәсбихтің де пайдасы шамалы. Сайып келгенде, мамандар заңды күшейту арқылы жол тәртібін реттеуге болатынын айтады. Арнайы айлар өткізу де жүгенсіз кеткен жүргізушілерді тәубесіне келуге септігін тигізеді деп күтіледі. Осы ретте елімізде шұғыл түрде 18 шілдеден бас­­тап жол қауіпсіздігін сақ­тау­­ға үндейтін кезекті ай бас­талғанын атап өткен жөн.

Ішкі істер министрлігі Әкім­­шілік полиция комитеті төра­­ғасының орынбасары Жандос Мұратәлиевтің ай­туын­ша, ең бірінші кезекте жолаушыларды тасымалдау қызметін жүзеге асыратын автобус, шағын автобус, минивэн сияқты көліктер қатаң бақылауға алынбақ. Такси қызметін ұсынатын жүр­­гізушілер де назардан тыс қалмақ емес. Осы жұмыс шең­берінде автомобильдердің тех­никалық жағдайынан бас­тап жүргізушілердің тиісті құ­жаттары жіті тексерілмек. Осылайша, жол сақшылары бір ай бойы аяғынан тік тұрып, жа­ғымсыз жағдайлардың алдын алуға барын салады. Жал­пы, ай шеңберінде ғана емес, жыл бойы жол қауіп­сіз­­ді­гін сақтауға бағытталған жос­­парлар қамтылған.

Жолаушылар тасымалдауға лицензиясы бар автопарк жүр­гізушілерінің әр рейске шық­қан сайын денсаулығы тек­серілетіні белгілі. Алыс жол болса, екі жүргізуші де қарас­тырылған. Мұны қозғап отыр­ғанымыз бекер емес. Қарағанды облысында орын алған қайғылы оқиғада шағын автобус жекенің иелігінде болып шықты. Осы ретте же­ке тұлғалардың иелігіндегі ша­ғын автобустарды да сүзгі­ден өткізсе артық етпейтін шы­ғар. Соңғы уақытта екі об­лыс­­тың арасын жалғап такси қыз­метін ұсынған, «ың­ғай­лы» деген мәртебемен жолау­шы­лардың сұранысына ие болған Toyota Alphard маркалы автокөліктері де жиі жол апатына ұшырайтыны айтылып жүр. Мысалға алсақ, кейбір таксишілер Нұр-Сұлтан – Павлодар бағыты бойынша бір тәулікте 2-3 рет әрі-бері адам тасиды. Түнгі уақыт та кедергі емес оларға. Жандос Мұратәлиев жол апаттары көбіне түнгі уақытта орын алатынын мәлімдеді. Енде­ше, жолаушыларды тасы­мал­дауға заңды рұқсаты жоқ так­си­ші­лердің жұмысын реттейтін уақыт жеткен сияқ­ты.

– Жол-көлік оқиғаларын саралап отырсақ, бес жолаушыға арналған жеңіл көліктерде 7-8 адам жан тапсырып жатады. Жолға шықпай жатып ереже бұзылды деген сөз. Қайғылы жағдайлар көбіне түнгі уақытта орын алатыны тіркеліп отыр. Көлік иелері ұйықтап кетеді. Сол себепті жол-патрульдік қызметінің жұмысы түнгі уақытта күшейтілді. Көлікті тоқтатқанда ережені бұзу-бұзбауы өз алдына, барар жеріне аман-есен жету үшін қажетті кеңестер беріледі. Қа­шан жолға шықты? Ұйқысы келіп тұрған жоқ па? Осындай тұрғыда түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Сапасыз жолдың да кері әсері көп. Бұл ретте тиісті органдарға жолды жөндеу, арнайы жол белгілерін орнату сияқты хабарламалар жіберіледі, – дейді Жандос Мұратәлиев.

Көлікті себепсіз тоқтатуға болмайтыны белгілі. Бірақ арнайы ай шеңберінде рұқсат етілген. Ерігіп жүрген ешкім жоқ. Тәртіп сақшылары жүр­гізу­шілерді жол ережесін сақ­тау­ға шақырады. Салондағы жолаушылардың өміріне жауапты екенін саналы түрде сезінсе екен дейді.

Белгілі болғандай, респуб­ли­калық жолдардың жалпы ұзындығы 24-25 мың ша­қырымды құрайды. Ол аумақта 6 мыңға жуық жол-патруль­дік қызметінің мамандары тәр­тіп орнатуға кіріскен. Әри­не, сақшылар жолдың әр бөлігін қадағалауға үлгермес. Осы ретте жыл соңына дейін көп­теген өңірде «Сергек» бей­­некамераларының саны арт­пақ. Ішкі істер министр­лі­гі Әкімшілік полиция коми­тетінің жол қауіп­сіз­дігі бас­қармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, жол бойындағы ақпараттық билбордтардың да көмегі аз емес. «Жүргізушілерге сәл болса да ой тастап, сергітуге сеп­тігін тигізеді», дейді ол.

Ой демекші, бұрындары елді мекендерге кіреберіс жолда жол апатына түсіп, мы­жыл­ған көліктер ескерткішке ұқсап тұратын. Ол да психо­ло­гиялық тұрғыдан жүр­гізу­шіге ой тастайтын. Осыдан он жыл уақыт бұрын жолда қаза болған адамдарға жолдың бойында арнайы белгі орнату белең алған еді. Имамдар мұны діни тұрғыдан сараптап, дұрыс емес деген пәтуаға келген болатын. Былай қарасақ, оның да жүргізушілерге ой тастайтындай «қауқары» бар сияқты. Кейбір жүргізушілер сапасыз жолды, бағусыз малды себеп қылдырып өздерін ақтағандай болады. Ал шын мәнінде әр жүргізуші жол ережесін қатаң сақтаса, билборд, ескерткіш деп бас қатырып отырмас едік. Көлік тізгіндеген адам өзінің өмі­ріне ғана емес, көлік ішін­де­гі адам­дар­дың тағ­ды­­­рына да жа­­уап­ты екенін ұмытпағаны абзал.