Жаңа заң құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың және патенттік сенім білдірілген өкілдердің қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге арналған. Сондай-ақ құжатта зияткерлік меншік құқықтары мен өнеркәсіптік меншік объектілерін қорғауды күшейту мәселесі қарастырылған. Жалпы алғанда, отандық тауар өндірушілерді әлемдік нарыққа шығуларын көздейді.
Елімізде экологиялық таза өнімдер көптеп шығарылады. Шағын және орта бизнес өкілдері таза табиғи құндылығын сақтай отырып әр аймақтың брендтік өнімдерін өндіріп отыр. Бірақ олар ішкі нарықты ғана қамтып, сыртқа шығуға қауқары жетпейді. Ол үшін мемлекеттен қолдау қажет болатын. Енді, міне, жаңа заңға «географиялық көрсеткіш» жаңа объектісі енгізілді. Аталған түзету отандық тауар өндірушілерге жаңа мүмкіндіктермен әлемдік нарыққа шығуға жол ашады. Осылайша, Алматының апорты, Қызылорданың қауыны мен күріші, Көкшетаудың балмұздағы, Лепсінің балы, қазақстандық шоколад, Шұбаркөл көмірі, Түрген шараптары секілді отандық өнімдердің экспортқа жолы ашылмақ. Алайда өндірілген өнім толықтай «өз жерінен» өңделіп барып тұтынушыға жетуге тиіс.
«Өндірілетін өнімнің барлығы тұқымнан бастап тұтынушыға дайын күйінде жететін аралықтағы барлық процестер сол жерде, өңірде атқарылуға тиіс. Мәселен, өнім өңделіп, ал оның қорап, жәшіктерге салынуы өз өңірде жүзеге асырылмауы қажет. Сондай-ақ өнімнің өндірілген жері тауардың жапсырмасында міндетті түрде көрсетілуі керек. Географиялық көрсеткіштер өте маңызды. Қазақтың табиғи таза өнімдерін әлемге танытуды мақсат етіп отырмыз», дейді «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК директорының орынбасары Айдын Артықова.
Әділет вице-министрі Ақерке Ахметованың айтуынша, тіркелмеген өнеркәсіптік үлгілерді қысқа мерзімді қорғау енгізіледі. Бұл Еуропалық одақпен Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде қабылданған міндеттемелерге сәйкес келеді.
«Мұндай қорғау құқық иеленушілерді бірегей бұйымдардың сыртқы түрін тікелей көшіруден қорғауға мүмкіндік береді. Тауар таңбалары, географиялық көрсеткіш және тауарлардың шығарылған жерінің атаулары жөніндегі «оппозициялық» жүйе мүдделі тұлғаларға өтінімді қарау кезеңінде сараптама жасау ұйымына қарсылық жіберуге мүмкіндік береді. Бұл нысандарды тіркеуге дау айтудың ықтимал тәуекелдерін жояды», дейді Әділет министрінің орынбасары А.Ахметова.
Сондай-ақ Әділет министрлігі зияткерлік меншік саласындағы заңға тәуелді 10 актіге тиісті түзетулер енгізбек. Атап айтқанда, объектілерді тіркеу және мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімдері бөлігінің кейбір тармақтары өзгермек. Бұған қоса министрлік мүдделі мемлекеттік органдарды тарта отырып, зияткерлік меншікті одан әрі дамытудың 2024 жылға дейінгі жол картасын әзірледі.
«Бұл карта зияткерлік меншік жүйесін цифрландыру, оның ішінде жоғары оқу орындарының жанынан технологиялар мен инновацияларды қолдау орталықтарын құру жөніндегі іс-шараларды көздейді. Жақында жұмыс басталды. Республика бойынша Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Жамбыл облыстарын қоса алғанда, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында осындай 13 орталық құрылды. Сондай-ақ инновацияларды ынталандыру, технологияларды беру, құқық қолдану практикасын, кадрлардың нормативтік-құқықтық және халықаралық құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі іс-шаралар қарастырылған. Халықаралық ынтымақтастық шеңберінде заңнаманы өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі халықаралық конвенциямен үйлестіру, соқыр немесе көру қабілеті бұзылған және өзге де қабілеті шектеулі адамдардың қол жеткізуін жеңілдетудің Марракеш шартына қосылу бойынша ұсыныстар әзірлеу, баспа басылымын қабылдау, спутниктер арқылы берілетін алып жүретін бағдарламалар мен сигналдарды тарату туралы Брюссель конвенциясы бойынша іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз», дейді Ақерке Ахметова.