Саясат • 21 Шілде, 2022

Сенаторлар аймақ тұрғындарымен кездесті

189 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Депутаттардың өңірлерге сапарлары жалғасып жатыр. Бұл жолы сенаторлар еліміздің бірқатар аймағын аралады. Халықпен кездесу барысында өзекті мәселелер талқыланды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Сенаторлар аймақ тұрғындарымен кездесті

Сенат депутаты Сағындық Лұқ­па­нов жұмыс сапарымен Атырау облы­сында болды. Ол сапар барысында бірқатар елді мекендерді аралап, кәсіпкерлермен және аудан­дық мәслихат депутаттарымен кез­десті. Сенатор Махамбет ауданын­дағы әлеуметтік нысандарды аралап, Ақжайық ауылында орналасқан ауда­ны 22 гектар болатын жылыжай құры­лысымен танысты. Депутат Исатай ауда­нындағы бірқатар әлеуметтік нысан­дарды көрді және аудан орталы­ғындағы құрылысы жақында ғана аяқталған 320 орындық мектеп ғимаратында болды. Кездесу барысында денсаулық сақтау жүйесі, жолдар, өңірдегі ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Депутат Ләззат Қалтаева Алматы қала­сына жұмыс сапары барысында зағип және нашар көретін азамат­тарға арналған республикалық кітап­ханаға барды. Сенатор сонымен қатар «ЕРЗИ» әлеуметтік-оңалту орталы­ғының қызметін пайдаланушылар­мен де кездесті. Кездесуде арба пайда­ла­ну­шыларға арналған қолжетімді ортаның мәселелері, оңалтуды техникалық құрал­дармен қамтамасыз ету кезін­дегі жекелеген әдіс-тәсілдер, сондай-ақ шипажай-курорттық емдеуге қол жет­кізуге қатысты тақырыптар талқы­ланды. Депутат өз сөзінде көтерілген мәселелер жүйеленіп, алдағы сессия барысында депутаттық сауалдар әзірлеу мен заң шығару жұмыстарында назарда болатынын айтты.

Андрей Лукин Нұр-Сұлтан қаласы по­лиция департаментінің Байқо­ңыр, Есіл, Алматы және Сары­арқа аудандарындағы полиция басқар­маларына барды. Ол Палатаның заңна­малық жұмысы туралы басқарма қызметкерлеріне айтып берді. Атап айтқанда, құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру, құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік орган­дар қызметкерлері мен әскери қызмет­шілердің құқықтық және әлеуметтік қор­ғалуы мен жауап­кер­шілігін арттыру, ішкі істер органда­рының дербес­тігі, жекелеген қылмыс­тық құқық бұ­зу­шылықтар үшін жауап­кершілікті күшейту және қару айналымы мә­селелері бойынша Сенат қабылдаған заңдарға егжей-тегжейлі тоқталды.

Нариман Төреғалиев жұмыс сапары барысында Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданын аралап, Күйгенкөл, Жәнібек, Тау және Қамысты ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесулер өткізді және ауданның тыныс-тіршілігімен танысты. Жиында аудан орталығындағы да, аудандағы ауылдардағы да ауыз сумен қамтамасыз ету, жолдардың жағдайы, азық-түлік бағасының қымбаттауы, білім сапасы, дәрігерлердің жетіспеуі мәселелері сөз болды. Депутат сондай-ақ ұзындығы 15 шақырымды құрайтын Жәнібек-Талов-Кіші Өзен жол учаскесіндегі құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Бұл жұмыстарға Ұлттық қордан 644 миллион теңге бөлінген болатын. Биыл 8 шақырым жол салынады. Жол құрылысын келесі жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған.

Сенаторлар Бекболат Орынбеков пен Әбдәлі Нұралиев жұмыс сапары барысында Жамбыл облысының Жуалы ауданында болды. Сенаторлар «Бірлік» және «Бақыт» шаруа қожа­лықтарының қызметімен, Нұрлыкент ауылындағы тауарлы сүт фермасының құрылысындағы «Гамбург» ЖШС жұмысымен танысты, сондай-ақ күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан №30 Көктөбе орта мектебінде болды. Пар­ламентшілер жұмысты сапалы жүргі­зуге баса назар аударды. Депутат Бек­болат Орынбеков сонымен қатар Тараз қаласында болып, онкологиялық ауру­хананың, оңалту орталығының жай-күйімен және Талас өзенінің жағасын нығайту жұмыстарымен танысты.

Депутаттар Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова жұмыс сапары бары­сында Шымкент қаласының БАҚ өкіл­дерімен кездесті. Шарада БАҚ туралы заң жобасына өзгерістер енгізу, жур­налистердің мәртебесі, мер­зімді ба­сылымдардың қазіргі жағ­дайы мен кадр тапшылығы мәселе­лері талқыланды. Сенаторлар сондай-ақ Шымкент қаласы Ұлттық ұланы­ның әскерилерімен және Мұхтар Әуезов атындағы Оң­түстік Қазақстан универ­ситетінің про­фес­сорлық-оқытушылық құрамымен кез­десіп, материалдық-техникалық базаны, инфрақұрылымды және оқу-жаттығу базаларын аралады.

Сенаттың Конституциялық заң­нама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің хатшысы Қанатбек Сафинов кәсіби медиа­торлармен кездесіп, медиация сала­сындағы заңнаманы жетілдіру мәсе­лесін талқыға салды. Жүздесуге қатысушылар медиаторлардың кәсіби қызмет барысында тап болатын проблемаларды сарапқа салды. Депутат кездесу барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды іске асыру жөніндегі 2022 жылға арналған іс-шаралар жоспарын орындау қорытындысы бойынша Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне ағымдағы жылдың соңында Медиаторлардың бірінші форумын өткізу ұсынылғанын атап өтті.