Олар Географиядан халықаралық олимпиадада (IGeO-2022) 1 алтын, 1 қола медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынына алтын медальды Санжар Хамитов (Ақтөбе қаласынан), қола жүлдені Еркебұлан Тазабек (Шымкент қаласынан) салды. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің хабарлауынша, бұл – еліміздің беделді олимпиадаға қатысу тарихындағы қазақстандықтардың екінші алтын медалі.
«Биыл зияткерлік жарыстарды Франция ұйымдастырды. Пәндік олимпиадаларға әлемнің 54 елінен 216 оқушы қатысты. Балаларымыздың математика, физика және енді география пәндерінен олимпиадалардағы жоғары жетістіктері олардың бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді. Оқушыларды жеңісімен құттықтаймын! Біз оларды мақтан тұтамыз. Сондай-ақ балаларға сапалы білім беріп жатқан ұстаздарға шексіз алғысымды білдіргім келеді. Дарынды балаларды тәрбиелеген ата-аналарға да рахмет», деді ведомство басшысы.
Министрдің мәлімдеуінше, биыл осындай олимпиадалардың жеңімпаздары бұрын-соңды болмаған қолдау шараларының игілігін көреді. Президенттің тапсырмасы бойынша қомақты ақшалай сыйақы төлеу және отандық ЖОО-ға ҰБТ тапсырмай-ақ қабылдау қарастырылып отыр. Алтын медаль алған оқушыға шамамен 4,5 млн теңге, күміс медальға 3 млн-нан аса теңге, қола медальға 1,5 млн-нан аса теңге көлемінде ақшалай сыйлық беріледі. Оқушыларды жарысқа дайындаған ұстаздар да төлемақы алады.