Қоғам • 21 Шілде, 2022

Мас күйінде көлік жүргізген 23 азамат ұсталды

215 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жол қателікті кешірмейтінін білсе де, ережеге пысқыр­май­тын көлік жүргізушілердің қарасы азаймай тұр. Осыдан біраз бұрын Ішкі істер министрлігі жаға ұстататын деректермен бөліскен еді.

Мас күйінде көлік жүргізген 23 азамат ұсталды

Ведомствоның сәуір айында таратқан деректеріне сенсек, 1,2 миллионнан астам жол қозғалысы ережесінің бұзылу дерегі тіркеліпті. Олардың қа­та­рында ішімдік ішіп рульге жар­масатындардың да қарасы басым болған. Статистикалық деректерге зер салсақ, мас күйінде көлік басқарған аза­мат­­тардың саны 5,7 мыңға жеткен. Өкініштісі де осы болып тұр. Ал Жамбыл облысында жағдай қалай?

Өңірде ұйымдастырылған «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы барысында патрульдік полиция ба­таль­онының қызметкерлері шетелдерде есепте тұрған автокөліктердің жалған құ­жат­тарын пайдаланудың 20 дерегін анықтады. Полиция қызметкерлері республикалық маңызы бар «Батыс Еуропа –Батыс Қытай» автожолында жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін шетелдік есепте тұрған Toyota Estima маркалы автокөлігін тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде ер адам полиция қызметкерлеріне көлік құралын тіркеу туралы жалған куәлік бергені және аталған автокөлік құ­жат­та көрсетілген елдің тір­кеу есе­бін­де тұрмайтыны анық­тал­ды.

Іс-шара барысында тір­кел­ген барлық 20 дерекке қа­тысты Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы Қылмыстық кодексінің 385-бабы 3-бөлігі «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлерді, бланкілерді, пошта төлемінің мемлекеттік бел­гі­ле­рін, мемлекеттік наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды және сараптама тағайындалды.

«Өңірде ұйым­дас­ты­рыл­ғ­ан «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасының ал­ғашқы күнінен бастап, жер­гі­лікті полиция қызметінің қыз­мет­керлері 4 200-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзуды тіркеді және мас күйінде авто­көл­ікті басқарған 23 жүр­гізу­­шіні ұстады. Сонымен қатар айыппұл тұрағына 118 көлік қойылды», дейді Жамбыл облысының Полиция депар­та­менті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бас­ты­­ғы, полиция полковнигі Рахымберді Әшкеев.