Аймақтар • 21 Шілде, 2022

Қара Ертістің бойынан өрт шықты

520 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сонау Бесбоғданың бөктерінен бастау алатын Қара Ертіс өзенінің Зайсан көліне құяр сағасы тұсында өрт шықты. Тілсіз жау 390 гектарды шарпыған. Шығыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мамандары солай дейді.

Қара Ертістің бойынан өрт шықты

Қызыл жалынға оранған жердің 60 гектары орманды алқап болса, 330 гектары құмды, сазды жер. Ара-арасында сыңсыған қамысы, шалғын шөбі бар. Қалай дегенмен, тигізген зардабы аз емес.

14 шілде. Кешкі сағат алты шамасында Зайсан орман шаруашы­лығының күзетшісі Қанат Алипа­новқа Қара Ертіс орман шаруашы­лығына қарасты Сегізбай учаскесіне жалындаған өрт еніп кеткенін хабарлайды. Оқыс оқиғаны көрген куәгерлердің айтуынша, қызыл жалын Боран ауылы жақтан келген екен. Тілсіз жау десе, дегендей. Әуелде өрттің қайдан, қалай шыққанын ешкім байқамаған. Желдің екпінімен үдей түскен. Аз ғана уақыттың ішінде күш алған өрт мемлекеттік орман қорының 25, 26, 27-ші алқаптарына түсіп үлгерген.

Табиғат қорғаушылар хабарды ала сала, оқиға орнына аттанған. Алдымен кіші өрт сөндіру кешенінің мамандары шыққан. Оның ішінде Қаратал орманшылығының 12 қыз­меткері бар. Өртті тоқтату мүмкін еместігін байқаған соң Самар, Катон­қарағай аудандарынан қосымша күштер жұмылдырылды. Зайсан қаласының 25 өрт сөндіру бөлімінің әккі мамандары да оқиға ортасынан табылды. Есеп-қисаппен берілген деректерге көз жүгіртсек, ұзын саны 86 адам өртке қарсы тұрыпты. Ла­пылдаған өртпен он сағатқа жуық арпалысқан олар Біржан ауылына 50 шақырым қалғанда бірақ ауыздықтаған. Өртті сөндіріп болған соң да шоқ қайта тұтанбасын деп, Зайсан орман шаруашылығының мамандары күйген даланы күзетіп қалған.

– Негізі өрт Марқакөл жақтан бас­талған. Есептеуімізше, 390 гектар аумақты шарпып өтті. Әсіресе қа­мыс­қа түскен отты өшіру оңайға соқ­пады. Ертіс бойымен құлдилап жана берді. Жалаңдаған жалынның жанына жолау да қиын болды. Оның үстіне, шекараға таяу болғандықтан тікұшақ та көтере алмадық. Жалпы, 14 техника, 90-ға жуық адам тілсіз жаумен алысты. Анықталғандай, өрт найзағай отынан шыққан. Негізі, өрт­тің 90 пайызы найзағайдан шығады. Қалғаны адами фактор, – дейді Шы­ғыс Қазақстан облыстық орман шаруа­шылығы бөлімінің бас маманы Нұрлан Сәттібаев.

Иә, 390 гектар аумақ аз емес. Қаншама аң-құс өрттің салдарынан ауып кетті десеңші. Қаңқылдаған қаз-үйректің бәрі ұшқан шығар. Әйтпесе, Қара Ертістің бойы тұмса табиғат, жортқан аң, сайраған құс. Өкініштісі сол, масатыдай құлпырып, жайнап тұрған табиғатқа түрлі апаттар осылайша азды-көпті зардабын тигізіп кетеді. Табиғи құбылыс. Уақыт өте өртең жерге де көк шығып, қаз-қалпына қайта келеді. Дейтұрғанмен, тау-тас, орман-тоғай кезген демалушылар да аса сақ болғандары жөн. Бір тал сіріңке мың талды күл ететіндей қауқары барын ұмытпайық.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Зайсан ауданы