Қоғам • 21 Шілде, 2022

Бұрынғы вице-министр Олжас Әбішев тергеу кезінде қысым көргенін айтты

353 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев сотта тергеу кезінде оған моральдық қысым көрсетілгенін мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұрынғы вице-министр Олжас Әбішев тергеу кезінде қысым көргенін айтты

Олжас Әбішев Бас прокуратураға қаржы мониторингі агенттігінің қызметкерлеріне қатысты 4 шағым түсірген.

Ол бұл жайында бүгін өтіп жатқан бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа қатысты сот отырысында айтты. Бұл істе Олжас Әбішев те айыпталушы ретінде жауап беріп жатыр.

Оның мәлімдеуінше, аталған агенттік қызметкерлері оған және отбасына қауіп төндірген.

Сондай-ақ, О. Әбішев прокуратураға жолданған бірнеше өтініштің әлі күнге дейін еленбей, қараусыз қалғанын айтып отыр.

«2020 жылдың тамызында қаржы мониторингі агенттігінің қызметкері маған бірнеше рет моральдық және физикалық қысым көрсетті. Ол тергеу изоляторына келіп, осы мекеме орынбасарының кабинетінде 3 сағат бойы маған қысым жасады», деді сотта Олжас Әбішев.

Одан бөлек, экс вице-министрдің айтуынша, агенттік қызметкері 12 жылға бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұрғанын айтып қорқытқан. Егер айыпты құқық қорғау органдарымен ынтымақтастық танытса, оған жұмсақ жаза болатынына уәде берген.

Сот барысында судья Әбішевтен қысымның нақты қалай жасалғанын сұрады.

Өз кезегінде айыпталушы бір тергеу изоляторы камерасынан екіншісіне жиі ауыстырғанын айтып, ауыр қылмыс жасаған күдіктілермен бірге отырғызғанын дәлелге келтірді.

«Қаржы мониторингі агенттігі мен Бас прокуратураның маған таққан айыбын жеделдету мақсатында төсегімнің астына есірткі тастау, sim-карта салып жіберу, яғни тыйым салынған заттарды тықпалауға талпыныс жасалды», деді бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі.

Еске сала кетейік, бұрынғы денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев 2020 жылы 2 тамызда қамауға алынды.

Оған мемлекеттік бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды.