Қаржы мәселесімен айналысу үшін есепке жүйрік болу шарт. Бірақ жүйріктер де қателеседі. 2003 жапониялық Mizuho Securities инвестициялық банкі Jupiter Telecommunications-тің бір акциясын 610 мың иенге (шамамен 4 мың доллар) сатуды жоспарлайды. Сату процесін бастар алдында трейдер оңбай сүрінген. Ол 1 акцияны 610 мың иенге сатудың орнына, 610 мың акцияның әрқайсысын 1 иеннен сатып жібереді. Сатылым басталып кетеді, ал оны тоқтату мүмкін емес. Небәрі 1 ғана иен тұратын мыңдаған акциядан кім бас тартсын. Сатып алушылар оңай олжаны қарпып қалуға тырысады. Бір қызығы, осыншама, яғни 610 мың акция жапон компаниясында шынымен де бар болып шыққан. Қателіктің құны 225 млн долларға бағаланыпты.
Ал Рональд Уэйн есімді азамат Apple басшылығынан кетпегенде бәлкім бұл күндері аты аңыздай тарап, Стив Джобспен бір қатарда тұрар ма еді. Қаржы қоры бойынша әлемде екінші орында тұрған Apple компаниясының негізін салушылар қатарында Стив Джобспен бірге Рональд Уэйн де тұрған. Компанияны құруға үлкен еңбек сіңіргенімен, өз бастамаларының келешегіне күмәнмен қарапты. Сөйтіп, компаниядағы үлесін 800 долларға сатып жібереді. Білетініміздей, Apple кейін қарыштап дамыды, қазір әлемдегі ең қымбат бренд саналады. Уэйн болса бұл ісіне өкінбейді. Ол бұрын да бірнеше бизнес бастап, онысы тоқырауға тап болған. Сондықтан алма бейнелі ұжым да сол сүрлеуге түседі деп қауіп қылса керек. «Ол кезде Джобс пен Возняк жас болды, энергиялары тасып тұрған шақ. Мен олардай жас емес едім. Сондықтан алды-артымды ойладым», депті ол өз шешіміне қатысты пікір айтқанда. Сарапшылардың есептеуінше, егер Уэйн компания басшылығында қала берген болса, қазіргі байлығы 31 млрд доллардан асып түседі екен.
Сөз етіп отырған компанияға қатысты тағы бір дерек. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Xerox технологиялық компаниясы тінтуір көмегімен басқарылатын компьютерлер жасап шығаруға кіріседі. Дегенмен бұл өнімдерін саудаға шығармайды. Арада он жыл өткенде компания басшылары Стив Джобс пен оның нөкерлерін өздерінің ғылыми-зерттеу орталығына шақырып, соның өтеміне Apple-дің 1 млн
доллар тұратын акциясын сұрайды. Қонақтар сөзге келмей келіседі. Сөйтеді де, Xerox компьютерлерін өз өнімі ретінде нарыққа шығара бастайды. Нәтижесі де көп күттіріп жатпады, қазір Mac компьютерлері ерекше сұранысқа ие және оны өндірушілердің нарықтағы капиталы 446 млрд долларға бағаланады.
Ал бүтін бір банкті тақырға отырғызып, түрмеге жабылып, кейін өмір бойы атақ пен мансапқа кенеліп, қаншама кітап пен деректі һәм көркем фильмдердің кейіпкеріне айналуды – тағдырдың сыйы дейміз бе, сынағы дейміз бе? Мұны қандай болмыс деп сипаттасақ болады өзі? Әңгімені Ұлыбританиядағы ең танымал, ең әлеуетті Барингс банкін банкрот қылған Ник Лисон есімді трейдердің хикаясымен жалғайық. 1987 жылы 20 жастағы жігіт Morgan Stanley америкалық трансұлттық корпорациясына жұмысқа шақырылып, екі жылдан соң әйгілі британиялық Barings PLC банкіне ауысады. Банкке Елизавет ханшайымның өзі ерекше сенім артыпты деседі. Жас жігіттің кәсіби білім алмағанына қарамастан банктің жұмыс істеу қағидасын жатқа соғып, құжат айналымын шемішкеше шағып тұрғаны басшылықты тәнті етеді. Араға тағы екі жыл салып Ник Лисон SIMEX Сингапур валюта биржасына ауыстырылып, Барингстің қаржылық операция бойынша бас менеджері лауазымына да тағайындалады. Сөйтіп, ол бір сәтте әрі трейдер, әрі бас менеджер болып шыға келеді. 12 ай өтер-өтпестен Лисон банкке 8,83 млн фунт стерлинг көлемінде табыс әкеледі. Нәтижесінде, оған 130 мың фунт стерлинг жылдық жалақы мен 50 мың фунт стерлинг сыйақы есептелген. Баспасөз Лисон феноменін тілдері жеткенше әспеттеп-ақ жатты. Жыл сайын Лисонның банкке құйған табысы еселеп өсе берді.
«Мен алғаш рет сауда залына аяқ басқанымда, ақшаның иісі бірден-ақ мұрныма келді», дейді ол «Мен Барингсті қалай банкрот қылдым. Трейдер-алаяқтың мойындауы» атты мемуарында: «Барингсте жұмыс істей жүріп, өз мақсатыма күн сайын жақындай түстім. Экранға қарап, күтіп отырамыз. Нарық кез келген сәтте кез келген жаққа қарай ауып түсуі мүмкін. Мен үш секунд алға ойлайтынмын».
90 жылдары жапониялық Nikkei 225 индексіне фьючерстер мен опциондар сатып алынып, олар бірден SIMEX-ке қойылады. Лисон бағасы құлдырап жатқан опциондарды үш жыл бойы сатып алып отырған. Шығынды жабу үшін ол индекстің бағасын жасанды түрде көтергісі келеді. Баға өсімі мен жасанды тапшылық тудыру үшін ол аса ірі сомаға фьючерстер сатып ала бастайды. Бірақ ол жаңа шарттарға жауап бере алмайтын ескі стратегияны таңдапты. Баға одан әрі құлай береді.
«...Келесі үш күнде позициямды екі еселегім келді. 10 ақпан күні мемлекеттік облигацияларға тағы 10 мың келісімшарт жасадым, енді менің позициям 20 мың лотты құрады. Никкейге тағы 25 мың фьючерсті алғаннан кейін позициям 55 мыңға дейін өсті. SIMEX үшін бұл бұрын-соңды болмаған айналым еді. Барлық сатып алулар менің 88888 шотыма кетіп жатты, өйткені мен Никкейге қысқа фьючерстерді құлдыраушы нарықта сатып жаттым және өсуші нарықта мемлекеттік облигацияларды сатып алдым. Мен мәмілелерді 88888 шотында жасырып сақтадым, ал өзім бэк-офис қызметкерлеріне көрінбеу үшін «Иль Фиореде» кофе ішіп, тирамису жеп, телефон қоңырауларына жауап берместен отырып алдым», деп жазады кітабында.
Лисон әйтеуір, бір сәтте бағаны көтереді, бірақ ол банк ақшасын есепсіз жұмсап жатқан еді және мәміленің жабылуына уақыт та аз қалған. Мәміле толық жабылуы үшін баға қажетті белгіге дейін өсуге тиіс. Ақыры ол стредл (бір тауардың бір мезетте сатылуы және сатып алынуы) жасап, алдағы түнде Nikkei 225 индексін орнынан қозғалмайтындай етеді.
Бірақ табиғат заңы оған қарсы жұмыс істейді. Таңғы 5 шамасында Жапонияда аса қуатты жер сілкінісі болып, Кобэ қаласының бір бөлігі жермен-жексен болады. Жермен-жексен болған жалғыз қала емес екен. Nikkei 225 индексі де Кобэнің күйін кешеді. Ник нарыққа қысым жасау үшін 20 мың фьючерстік келісімшарттарды сатып алып қойған және соңында осының бәрі бекер болып шықты. Мәмілелер автоматты түрде істен шығып, банк бұрын құлақ естіп, көз көрмеген шығынға ұшырайды. Салдарынан британ банкі 4 млрд доллардан айырылады (бұл салымшылардың сеніп тапсырған ақшасы). Соның ішінде II Елизавета ханшайым мен ханзада Чарльздің 2 млн доллары да бар. Дүниені дүр сілкінтсе де мазасы қашпаған Ник Лисон банк басшылығына «Кешіріңіздер» деп жалғыз ауыз хат жазып, әйелімен бірге Малайзияға ұшып кетеді. Бірақ көп өтпей-ақ қолға түсіп, 6,5 жылға сотталады. Неге аз мерзім кесілген дерсіз? Себебі сот Ник Лисон банкротқа ұшыратқан қаржылық операцияларды әдейі жасамаған деп қорытынды шығарған.
Жақсы тәртібі және ауыр дертке ұшырағаны үшін Ник түрмеден мерзімінен бұрын шығады. Сөйтіп, Еуропаға оралады. Психология бойынша білім алып, «Шыңыраудан оралу немесе стресті қалай жеңуге болады» деген атаумен кітап та шығарады. Қазір Ник қор нарығы саласында жұмыс істемейді. Бірақ бұл оның ай сайын миллиондаған доллар табыс табуына кедергі емес. Ол түрлі конференцияларға спикер ретінде қатысады, студенттерге дәріс оқиды, кітаптарының да сатылым деңгейі жоғары, сондай-ақ футбол клубының директоры. Айтпақшы, SIMEX биржасында сауда жасаған кезде киген сары-қара жолақты күртешесі 2007 жылы eBay аукционында 21 мың фунтқа сатылған. Қызығы әлі соңында... Сатылымнан түскен ақша Никтің қалтасына емес, банкрот болған Барингс банкіне аударылған. Енді сары-қара жолақты күртеше қайткенмен банктің меншігі емес пе..?!