Президент • 21 Шілде, 2022

Орталық Азия елдері: Стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі

638 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мем­лекеттері басшыларының консуль­тативтік кездесуіне қатыс­ты. Жиын барысында өңірге қа­тысты өзекті мәселелер талқыланды.

Орталық Азия елдері: Стратегиялық серіктестіктің жаңа кезеңі

Президент өз сөзінде Консультативтік кездесу халықаралық саясаттың маңызды факторына айналғанына ерекше тоқталды. Бұл жиын аймақтың алдағы даму бағытын өзара сенімге негізделген рухта айқындауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Құбылмалы геосаяси және әлемдік экономиканың тұрақсыздығы жағдайында өткен кездесу Орталық Азия елдерінің ынтымағы берік екенін көрсетеді. Сондай-ақ жаңа сын-қатерлер мен қауіптерге бірлесіп қарсы тұруға деген ортақ ұмтылысымызды білдіреді. 

– Мемлекеттеріміздің жан-жақты жақындасуы уақыт талабынан туындап отыр және бауырлас халықтардың түпкі мүдделеріне толық сай келеді.  2018 жылы Қазақстанда өткен бірінші Консультативтік кездесуден бері өңірлік ынтымақтастық барлық бағыт бойынша тұрақты түрде нығайып келеді. Шынайы тату көршілік және одақтастық рухындағы қатынастарды қарқынды дамытуға бағытталған мемлекетаралық саяси диалог мүлде жаңа деңгейге көтерілді. Өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық қарыштап кеңеюде. Күш біріктіре отырып, ықпалдастықтың пандемияға дейінгі деңгейін қалпына келтіріп қана қоймадық, сондай-ақ тауар айналымын едәуір арттыра алдық. Біздегі мәліметтер бойынша былтыр ішкі өңірлік сауда-саттық көлемі 27 пайызға өсіп, 8 миллиард доллардан асты, – деді Президент.

Сондай-ақ мәдени-гуманитарлық байланыстар Орталық Азия мемлекеттерінің ұзақмерзімді өзара қарым-қатынас­тары­ның берік негізі болып қала беретінін атап өтті. Мемлекеттердің мәдениеті күндері алма-кезек өткізіліп, үлкен форумдар мен көрмелер тұрақты ұйымдастырылғанын, бірлескен ғылыми-тарихи зерттеулер жүргізілгенін, студент алмасу және басқа да іс-шаралар белсенді жүзеге асырылып жатқанын жеткізді.

Коронавирустың таралуына қарсы күресте табысты серіктестік жасалғанын, бұл қарым-қатынастың өте жақын екенін айқын аңғартатынына екпін берді. Пан­демияның ең қиын күндерінде қажетті азық-түлік, медициналық және басқа да гуманитарлық көмек шұғыл түрде көр­сетіліп, бірлігіміз бен ынтыма­ғы­мыздың беріктігін дәлелдегенін атап өтті.

– Біздің қатынастарымыздың ерекше сипаты Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы бүгін қабылданатын шартта бекітілген. Бұл құжат мазмұны мен тарихи перспективасы тұрғысынан бірегей саналады. Оған елдеріміз арасындағы мемлекетаралық дипломатиялық қатынастардың 30 жылдығында қол қойылуының символдық мәні бар. Бұл тарихи құжат бесжақты стратегиялық серіктестігіміздің жаңа кезеңіне қадам басқанымызды білдіреді.

Орнықты дамуды, аймақтың тұрақ­тылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – келешек ұрпақ алдында бізге үлкен жауапкершілік жүктейтін ортақ міндет. Қазақстанның өңірлік ынтымақтастықты жан-жақты нығайтуға, Орталық Азияның әлемдік аренадағы рөлін арттыруға бағытталған стратегиялық бағдарға адал болып қала беретінін айтқым келеді, – деп атап өтті Қазақстан Президенті. 

Мемлекет басшысы қазіргі уақытта Орталық Азиядағы ынтымақтастық жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанына тоқталды. Соған қарамастан, қарым-қатынас уақыт сынына төтеп беретініне және күрделі геосаяси жағдайда орныға түсетініне сенім білдірді. Аймақ елдері халықаралық шиеленіс күшейе түскен бетбұрыс кезеңде өздерін лайықты ұстай алады.

– Бұған прагматикалық және теңгерімді сыртқы саясатымыз ықпал етеді. Елдеріміздің аумағы ежелден өркениеттер арасындағы алтын көпір қызметін атқарған. Менің пікірімше, қазіргі уақытта да Орталық Азияның маңызды миссиясы – жаһандық саясат пен экономиканың бәсекелесуші полюстері арасында дәнекер болу. Ерте ме, кеш пе күрделі геосаяси қайшылықтар кезеңі аяқталады. Арадағы алтын көпір қызметі қалады және бауырлас халықтардың келешек ұрпағы үшін теңдессіз мұраға айналады. Ортақ мүдделерді ескере отырып, мынадай іргелі міндеттерді шешуге мән беруді ұсынамын, – деді Қ.Тоқаев.

Қауіпсіздік және дипломатия саласындағы өзара іс-қимылдарды нығайту күн тәртібіндегі негізгі мәселе ретінде аталды. Президенттің айтуынша, Орталық Азия орнықты әлеуметтік-экономикалық дамудың, жан-жақты ынтымақтастықтың, бейбітшілік пен өркендеудің кең аймағына айналуға тиіс.

– Қауіпсіздікке төнетін қатердің алдын алу жөніндегі шешімдерді бірлесіп әзірлеу үшін Қауіпсіздік Кеңесі Хатшыларының тұрақты консультациялар механизмін іске қосқан жөн. Бұдан бөлек, өңірлік және халықаралық проблематиканың маңызды мәселелеріне қатысты келісілген әдістерді әзірлеу үшін сыртқы істер министрлеріне, кемінде жарты жылда бір, тұрақты түрде кеңес өткізуге тапсырма беруді ұсынамын.

Аймақтан тыс серіктестермен арадағы ынтымақтастыққа келер болсақ, Қазақстан көпжақты форматтар аясында Орталық Азия мемлекеттерінің іс-қимылдар тұжырымдамасын қабылдауға болады деп санайды. Біз белгіленген географиялық шекарамыздың шеңберінде қалып қоймауымыз керек деп ойлаймын. Орталық Азия көшбасшыларының Консультативтік кездесуіне шақырылған қонақ ретінде өзге де шекаралас мемлекеттердің, мәселен Ресей мен Қытайдың жоғары лауазымды өкілдері қатысуына болар еді. Бұл Орталық Азия елдеріне, әсіресе нақты мәселелерді қарастыру кезінде пайдалы болады, – деді Мемлекет басшысы.

р

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мемлекет басшылары өңірдегі әлі де сақталып отырған тұрақсыздық факторларын барынша жою үшін барлық мүмкіндікті жасауы керек.

– Мемлекетаралық шекаралардағы әрбір мылтық даусының жаңғырығы екі елге ғана емес, бүкіл өңірге жағымсыз әсер етеді. Керісінше, дәл қазіргі дағдарыс жағдайында мемлекеттеріміз қайшылықтарды еңсеру ісінде өркениеттіліктің, жауаптылықтың үлгісін көрсетуге тиіс. Шекараны заңды түрде рәсімдеу үдерісінің өте күрделі әрі қиын екенін өз тәжірибемізден білеміз. Даулы мәселелер шынайы тату көршілік пен халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарына құрмет көрсету арқылы тек қана бейбіт жолмен шешілуі мүмкін. Бұның басқа жолы жоқ. Бұл кешенді проблемаларды елемеудің немесе созбалаңға салудың салдары қиын болады, тіпті Орталық Азиядағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған барлық күш-жігерімізді жоққа шығаруы мүмкін, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан посткеңестік кеңістікте өзінің шекарасын толық делимитация жасаған жалғыз мемлекет ретінде өзара тиімді шешімдер іздестіруге барынша көмектесуге дайын екенін жеткізді. Нақтырақ айтқанда, шекараны делимитациялаудың өзара тиімді тәсілдерін әзірлеу үшін сарапшылар алаңын құруды ұсынды. Бұл жұмысқа тәжірибелі заңгерлер, картографтар, шекарашылар және басқа да мамандарды тарту керек екенін атап өтті.

– Көпжақты ықпалдастықтың берік экономикалық базасын құру да өзекті мәселе болып отыр. Кейінгі жылдары бұл бағытта едәуір жетістіктер бар. Соңғы 5 жылда Қазақстан мен Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы 42 пайызға артып, 6,3 миллиард долларға жетті. Өзара сауданы кеңейту үшін зор мүмкіндіктер бар екенін ескере отырып, болашақта біз бұл көрсеткішті 15 миллиард долларға дейін жеткізбекпіз.

Санкциялық соғыстар мен протекционизмнің өршуіне байланысты жақындап келе жатқан ғаламдық рецессияның қаупі аймақтық экономикалық ынтымақтастықты дамытуды үдету мәселесін алдыңғы шепке шығарып отыр. Өндіріс және сауда саласындағы жеткізу желілерінің үзілуі салдарынан барлық жерде аймақтандыру үрдісі анық байқалады. Осы тұрғыдан келгенде, елдеріміз арасындағы саудаға қатысты менің келтірген көрсеткіштерім әлеуетіміздің барлық мүмкіндігі толық пайдаланылмай отырғанын көрсетеді.

Орталық Азияның экономикалық кооперациясы басты өсім көзі, кемінде елдеріміздің ұлттық экономикасын дамытудың қозғаушы күші болуға барлық негіз бар. Экономикалық әлеуетіміз бен тиімді географиялық орналасуымызды толыққанды пайдалану үшін құрылымдық және инфрақұрылымдық шектеулерді жоюды көздейтін тығыз ықпалдастық орнату маңызды. Шекаралық сауда-экономикалық хабтар желісін құруға бағытталған нақты шаралар қабылдаған жөн болар еді. Бұл Орталық Азия елдерінің бірыңғай тауар өткізу жүйесіне тірек қызметін атқарады және оны одан әрі кеңейтуге болады, – деді Қ.Тоқаев.

Қазақстан қазірдің өзінде бұл бағытта қырғыз және өзбек серіктестерімен нақты қадамдар жасап жатыр. Атап айтқанда, қазақ-өзбек шекарасында «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының жобасы, ал қазақ-қырғыз шекарасында Индустриялық сауда-логистикалық кешен жүзеге асырылып жатыр. Тәжікстанмен көтерме сауда-тарату орталығын құру туралы келісім бар. Түрікменстанмен астық терминалын салу жоспарланған.

– Бұл жобалар өзара сауда айна­лымының көлемін арттыруда ортақ мүддемізге сай және Еуразиялық эконо­микалық одақ нарығы мен өзге де елдерге экспортқа шығаруға мүмкіндік береді. Қалыптасқан дәстүрлі тәсілдерден бөлек тауарды экспортқа шығарудың заманауи жолдарын кеңірек пайдалану қажет. Атап айтқанда, жуырдағы барлық жерде болған шектеулер мен локдаундар электронды коммерцияны дамытудың аса қажет екенін көрсетті.

Қазақстан Орталық Азия елдерінің бәсекелік ұстанымдарын ескере отырып, алдағы онлайн-көрмеге өнімдерімізді бірлесе шығаруды ұйымдастыруды ұсынады.  Мәселен, Alibaba алаңында өткен соңғы көрмеде тек Ресей ғана 50 мыңнан астам тауар түрін ұсынды. Биыл Қазақстан Alibaba платформасында Ұлттық павильонын ашқан 18-ші ел болды. Павильон 2022 жылы 24 маусымда ашылды. Онда 130-ға жуық компания 7500 тауар түрін ұсынып отыр. 2020 жылдан бергі жалпы сауда 167 миллион долларды құрады. Бірақ, әрине, бұған тоқмейілсуге болмайды. Әлі де әлеуетіміз бар. Аймақтың әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын нығайту қазір көп жағдайда инвестиция тартуға бағытталған шаралардың тиімділігіне байланысты.

Халықаралық сарапшылар алдағы 10 жылда біздің шетелден тікелей инвестиция тарту жөніндегі әлеуетімізді шамамен 170 миллиард доллар, соның ішінде шикізаттық емес секторға шамамен 70 миллиард доллар көлемінде болады деп болжап отыр. Бұл ретте, аймақтық жобаларға тікелей және портфельдік инвестицияларды ынталандыру үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығы тиімді платформа бола алады. «Астана» халықаралық қаржы орталығы әлемдік қаржы институттарының тәжірибесі мен жаңа тетіктерін ұсына алады.  Орталыққа қазірдің өзінде әлемнің 64 елінен 1400-ден астам компания тіркелген. «Астана» халықаралық қаржы орталығына тіркелген шетелдік компаниялардың көпшілігі өз бизнестерін Қазақстан аумағында ғана емес, көршілес елдерде де жүргізгісі келеді. Аймақтың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін жаңа «AIFC Multipass» өнімі әзірленді. Бұл – «Астана» халықаралық қаржы орталығы серіктестерінің іскерлік мақсатпен қатысушы-мемлекеттердің аумағында кедергісіз жүруіне мүмкіндік беретін ерекше мәртебеге ие виза. Бұл Орталық алаңы екіжақты және көпжақты ынтымақтастықтың кез келген форматын өткізуге ашық, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы аймақтың транспорттық байланысын арттыру және транзит шарттарын біртіндеп жақсарту қажет деп санайды. Сондай-ақ Президент ғылым және білім саласындағы ықпалдастықты кеңейтуге шақырды.

– Картаға көз салсақ, Ресей, Қытай, Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс және Оңтүстік Кавказдың түйіскен жерін­де орналасқан Орталық Азияның геогра­фиялық ерекшелігі айқын көрінеді. Жаңа геосаяси жағдайда трансконтинентальдық сауданы дамытуда және ілгерілетуде біздің аймақтың рөлі едәуір артады. Осы ретте Қазақстан Транскаспий халық­аралық көлік бағытын белсенді түрде дамытып отыр.

Бұл бағыттағы контейнер тасымалы 2017 жылдан бері 3 есеге, яғни 25 мыңға дейін өсті.  Бұдан бөлек, Қазақ­­стан «Мазари-Шариф – Кабул – Пешевар» бағытындағы теміржол құры­лысына атсалысуға әзір. Нақты айтқан­да, теміржол құрылысына қажетті материалдармен қамтамасыз етіп, вагондар ұсына аламыз. Өз тарапымыздан серіктестерімізді Шығыс Азия мен Парсы шығанағы елдерін байланыстыратын ең қысқа бағыт «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» теміржолын белсенді пайдалануға шақырамыз.

Менің жуырдағы Иранға сапарым барысында алғашқы контейнерлік пойыз Қазақстаннан Түрікменстан, Иран арқылы Түркияға жөнелтілді. Бұл жаңа логистикалық шешім 6 мың шақырымнан астам жолды 12 күнде жүріп өтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстанның Ақтау және Құрық порттары Таяу Шығыс пен Еуропа елдерінің нарығына шығуға септігін тигізеді. Түркменбашы портының инфра­құ­рылымын табысты дамытып келе жат­қан Түрікменстан да бұл ұстанымды қол­дайтынына сенімдімін. Дегенмен, біздің елдерімізге өз арамыздағы көлік коммуникациясын дамыту мәселесін естен шығаруға болмайды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл бағытта Өзбекстанмен белсенді түрде ынтымақ­тастық орнатылғанына назар аударды. «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желі­сінің іске қосылуы өткізу әлеуетін 2 есе арттыруға, ал жүк тасымалдау мерзімін 1,5 есе қысқартуға мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ «Түркменбашы – Гарабогаз – Қазақстан шекарасы» жаңа автожолын салуды құптайтынын жеткізді. 2025 жылдан бастап «Жаңаөзен – Түрікменстан шекарасы» автожолы учаскесін қайта салу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. 

– Бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіру көлік-логистика саласындағы жобаларымыздың пайдасын мейлін­ше арттыра түседі. Сондықтан үкімет­терімізге транзиттік тасымалдар үшін тариф саясатын оңтайландыру және әкімшілік рәсімдерді жеңілдету мәсе­лелері бойынша тығыз ықпалдастық орнату қажет. Әрине, Орталық Азия тек құрлықтағы көпір және шикізат ресурстарын жеткізуші қызметімен ғана шектеліп қал­мауы керек. Шынайы орнықты эконо­микалық модель қалыптастыру ауқымды индустриализация мен экономиканың жаңа перспективті салаларын тез дамытуды қажет етеді, – деді Мемлекет басшысы.

Климаттың қазіргі сын-қатерлері, су және энергетика ресурстарына сұраныстың артуы Арал теңізі бассейінінің су ресурстарын тиімді пайдалануды қамтамасыз ету жөнінде нақты шаралар қабылдауды талап етеді. Осы мәселеге тоқталған Президент климаттың өзгеруі жөніндегі Халықаралық сарапшылар тобының баяндамасына сәйкес аймақтың температурасы планетаның басқа бөліктеріне қарағанда әлдеқайда жылдам жылып келе жатқанын атап өтті.

– Климаттың өзгеруі аймағымыздағы судың басты көзі мұздықтар көлемінің кішіреюіне әкеп соқтырады. Олардың Орталық Азиядағы көлемі соңғы 50 жылда 20, тіпті 30 пайызға кішірейген. Болашақта бұл Сырдария мен Әмудария өзендерінің ағысын бірнеше есе қысқартады. Бұның барлығы аймақтың азық-түлік, энергетика және экология салаларындағы қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіріп отыр. Сондай-ақ шұғыл шара қабылдауды талап етеді. Бұл ретте, Қырғызстанның 2022 жылды Тауларды тұрақты дамытудың халықаралық жылы деп жариялау жөніндегі бастамасын қолдаймыз. Бұдан бөлек, Тәжікстанның 2025 жылды Мұздықтарды сақтаудың халықаралық жылы деп жариялау жөніндегі ұсынысын да уақытылы енгізілген бастама деп санаймыз.

Күш-жігерімізді жұмылдырмай, Орталық Азиядағы климаттың өзгеру салдарын еңсеру мүмкін емес. Сондықтан бірлескен іс-қимылдарды үйлестіру үшін Қоршаған ортаны қорғау және аймақтағы климаттың өзгеруіне қатысты келісілген саясат жүргізу жөніндегі Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды ұсынамыз. Мүмкіндікті пайдаланып, осы өзекті мәселеге қатысты аса маңызды деректер келтіре кетейін. Үкіметаралық сарапшылар тобының климаттың өзгеруі жөніндегі 1,5 градус туралы арнайы баяндамасында ғасыр соңында Орталық Азиядағы температура Цельсий бағаны бойынша 6 градусқа дейін көтеріледі деп болжанған. Бұл жаһандық температураның болжамды көтерілуінен екі есе артық. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасында 2724 мұздық бар. Ең үлкені Тұйықсу мұздығының көлемі соңғы 38 жылда 1 шақырымға дейін кішірейген. Бұл мұздық жыл са­йын 58 миллион тонна көлемінің шамамен 1 миллион тоннасын жоғалтады. Бұл 2040 жылға қарай су ресурстарының 20 пайыздан астам азаюына әкеледі, – деді Қ.Тоқаев.

Қазақстан трансшекаралық өзендер­дің су ресурстарын өзара тиімді пайдалану мақсатымен бірлескен гидроэнер­гетикалық жобаларды жүзеге асыруға баса мән береді. Осы орайда Қырғызстанда Қамбарата ГЭС-1 құрылысының жобасы талқыланып жатыр. Мемлекет басшысы өз сөзінде бұл мәселені көршілес елдердің президенттерімен егжей-тегжейлі талқылағанын, алдын ала нақты әрі пайдалы уағдаластықтарға қол жеткізгеніне екпін берді. Гидроэлектр стансасы Орталық Азия елдерінің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейтуге мүмкіндік береді.

– Сондай-ақ, Аралды құтқару халық­аралық қоры аясында мемлекеттеріміздің өзара іс-қимылын жандандыруға шақы­рамыз. Оның ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі аймақтық жұмыс тобындағы қырғыз тарапының жұмы­сын оң бағалаймыз. Аталған Қор аясында қырғыз тарапымен арадағы толық­қанды ынтымақтастықтың қайта жаңғыра­тынына сенім білдіреміз.

Ортақ тарих, айнымас достық және тату көршілік – бауырлас халықтардың етене жақын болуының мызғымас негізі. Осыған байланысты қарым-қаты­нас­тарымызды одан әрі нығайту және мәдени-гуманитарлық күн тәртібінің жаңа мазмұны бойынша өз ойымды ортаға салуды жөн көрдім. Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейту – өзекті мәселе. Жоғары білім берудің Орталық Азиядағы біртұтас кеңістігін құру жөніндегі былтыр қол қойылған декларация осыған негіз болады. Қазақстан бұл бастама аясында жоғары оқу орындары арасында студент алмасу ісін кеңейту жөніндегі әріптестерінің ұсыныстарын қолдап, Орталық Азия елдерінің жас­тарын оқыту үшін квота санын едәуір арттырды. Сондай-ақ біз озық жоғары оқу орындарымыздың және үздік мектептеріміздің филиалдарын аймақ мемлекеттерінде ашуға әзірміз. Мәселен, жақында Бішкекте Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылды. Өзбекстанмен өзара тиімді негізде білім беру орталықтарын ашу мәселесі пысықталады, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Орталық Азия ха­лық­тарының тарихи және мәдени мол мұрасын насихаттауды бірлескен жұмыстың маңызды бағыты деп санайтынын атап өтті. Осы орайда этногеографиялық және тарихи зерттеулерді ұйымдастыру, сондай-ақ ғылыми еңбектерді жариялау мақсатында Ғылым академиялары арасында тығыз байланыс орнату
ұсынды.

– Ұлттық архив орталықтары мен кітапханалардың ынтымақтастығы негізінде архив және зерттеу мәліметтерін алмасу үшін Біріккен онлайн-платформа құруды ұсынамын. Бұл ғылым саласындағы кооперацияны тереңдетуге мүмкіндік береді.  Бүкіл аймаққа зиян келтіретін ақпараттық кеңістіктегі жағымсыз құбылыстардың алдын алу үшін күш-жігер біріктірген жөн. Бұл жұмыстардың мақсаты – достығымызға сызат түсірмеу.

Мемлекетаралық және этносаралық араздықты қоздыру арқылы елдерімізді алалауға және қарым-қатынастарымызға сызат түсіруге бағытталған кез келген әрекетке төтеп беру үшін бірігуіміз қажет. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін бұқаралық ақпарат құралдарымыз  аймақ елдерінде болып жатқан оқиғалар туралы жаңалық тарату жағынан ақсап тұрғаны байқалады. Мүмкіндігінше, бұл үрдісті өзгерту керек. Бәлкім, бүкілаймақтық телеарна немесе ақпараттық интернет-сайтын ашқан жөн болар, – деді Қ.Тоқаев.

Осы мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтау үшін Орталық Азияның салалық мекемелері мен ақпараттық агенттіктері басшыларының жиынын тұрақты түрде өткізіп отырудың пайдасын әңгімелеп берді. Президенттің сөзіне сүйенсек, аймақты біртұтас мәдени кеңістік ретінде көрсету мақсатымен «Орталық Азияның мәдени астанасын» жыл са­йын таңдау тәжірибесін енгізген жөн.

– Бүгінгі Саммиттің қорытындысы Орталық Азиядағы бейбітшілік, қауіп­сіздік және өркендеу үшін аймақтық кооперацияны дамытудың жаңа кезеңі болады деп санаймын. Қазақта «Татулық – таусылмас бақыт» деген даналық бар. Уақыт сынына төтеп берген тығыз әрі сенімді қарым-қатынасымыз, ортақ тарихи және рухани тамырымыз елдеріміз арасындағы достығымыздың сарқылмас көзі болатынына сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Консультативтік кездесуде Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрік­менстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

р

Кездесу қорытындысы бойын­ша Орталық Азия мемлекеттері басшы­ларының Консультативтік кездесуінің бірлескен мәлімдемесі, Өңірлік ын­ты­мақтастықты дамытудың 2022-2024 жылдарға арналған жол картасы, Орталық Азия мемлекеттерінің көпжақ-
ты форматтар аясындағы өзара іс-қи­мылдар тұжырымдамасы, Орталық Азияға арналған «Жасыл күн тәртібі» ай­мақтық бағдарламасы қабылданды.

Бұдан бөлек Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Рес­публикасы, Түрікменстан және Өзбек­стан Республикасы арасындағы Орталық Азияны ХХІ ғасырда дамытуды көздейтін достық, тату көршілік және ын­ты­мақтастық туралы шарт келісілді және оған қол қою рәсімі басталды.

Сонымен қатар Аралды құтқару халықаралық қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының Аралды құтқару халықаралық қоры президентінің өкілеттіктерін ұзарту туралы шешімге қол қойылды.