Спорт • 21 Шілде, 2022

Жылдар бойы жаңармаған рекордтар

294 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бүгінде Юджинде жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Осы жаһандық дүбірлі дода кезінде осы спорт түрлерінен жасалған және көп уақыт мұрты бұзылмай келген рекордтарды оқырмандардың жадында тағы бір жаңғыртқанды жөн көріп отырмыз.

Жылдар бойы жаңармаған рекордтар

1983 жылдың 26 шілдесінде Германия Федеративтік Республикасының (ГФР) Мюнхен қаласында жеңіл атлетикадан аса ірі халықаралық турнир өтті. Сол жарыста 800 метрге жүгірген 22 жастағы Чехословакияның желаяғы, Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері Ярмила Кратохвилова шашасына шаң жұқтырмай, әлемдік рекордты жаңартты. Оның уақыты – 1.53,28. Содан бері табаны күректей 40 жылға жуық уақыт өтсе де, бұл көрсеткішті әлі де ешкім жаңарта алған жоқ. Бұл – жеңіл атлетика тарихында ең ұзақ тұрған рекорд.   

р

Күні кеше ғана АҚШ-тың Орегон штатына қарасты Юджин қаласында жеңіл атлетикадан XVIII әлем чемпионаты басталды. Дүбірлі жарыс кезінде біз осы спорт түріндегі ең ұзақ тұрған рекордтарға тоқтала кетуді құп көріп отырмыз. Жоғарыда есімі аталған Ярмила Кратохвиловадан кейінгі орын Германия Демократиялық Республикасының (ГДР) өкілі Уве Хон мен КСРО-ның желаяқтар құрамасына тиесілі. 1984 жылдың шілде айында Берлинде жалауы желбіреген жарыста неміс спортшысы найзаны 104 метр 80 сантиметр­ге лақтырды. Сол жылдың тамызында Мәскеуде ұйымдастырылған турнирде құрамында Надежда Олизаренко, Любовь Гурина, Людмила Борисова және Ирина Подъяловская бар Кеңес Одағы құрамасы 7.50,17 секундтық нәтижемен алтыннан алқа тақты. Содан бері бақандай 38 жыл өтіпті. Бірақ олардың бұл көрсеткішін ешкім де бұза алар емес.

1985 жылы Канберрада Әлем кубогы өтіп, ГДР-дің жеңіл атлеті Марита Кох 400 метрлік қашықтықты 40,60 секундта жүгіріп өтті. 1986 жылы Нойбранденбургте жергілікті спортшы Юрген Шульттің лақтырған дискісі 74,08 метрге жетсе, Штутгардта КСРО-ның саңлағы Юрий Седыхтың сілтеген балғасы 86,74 метрге дейін ұшты. 1987 жылы Мәскеуде Башқұртстанның тумасы Наталья Лисовская ядро лақты­рушылар сайысында 22,63 метрлік межені бағындырды. Бір айта кетерлігі, Юрий мен Наталья ерлі-зайыптылар. Күйеуі – Монреаль мен Мәскеу Олим­пиадаларының жеңімпазы, Сеул Олим­пиадасының күміс жүлдегері, әлемнің бір және Еуропаның үш дүркін чем­пионы. Әйелі – Сеул Олимпиадасының жеңімпазы және әлем чемпионы. Ал ең кереметі, олардың екеуінің де ғаламат рекордтары күні бүгінге дейін сақталған. Ал сол жылдың тамыз айында Болгарияның бағына туған Стефка Костадинова 2,09 метрлік биіктікке секірді.

1988 жылы орнатылған жеті бірдей рекордтың әлі де мұрты бұзылған жоқ. Ол көрсеткіштер америкалық Флоренс Гриффит-Джойнер (100 метрге жүгіру. 10,49 секунд. 200 метрге жүгіру. 21,34 секунд ) мен Жаклин Джойнер-Керси (жетісайыс. 7291 ұпай), кеңестік Галина Чистякова (ұзындыққа секіру. 7,52 метр), германиялық Габриэла Райнш (диск лақтыру. 76,80 метр) пен Петра Фельке (найза лақтыру. 80,00 метр) және 4х400 метрлік эстафеталық сайыстағы КСРО-ның әйелдер құрамасына  тиесілі. 1990 жылы Сиэтлде өткен Ізгі ниет ойындарында спорттық жүрісті серік еткен Надежда Ряшкинаның 10 шақырымдық бәсекеде бағы жанды. Оның уақыты – 41.56,23. 1992 жылы Италияның Кунео қаласындағы додада жергілікті дүлдүл Маурицио Дамилано 30 шақырымдық қашықтықта қарсылас шыдатпады. Оның көрсеткіші – 2:01.44,1. Міне, арада 30 жылдан аса уа­қыт өтсе де, осы нәтижелерді жаңар­ту­ға ешбір атлеттің күш-жігері жетер емес. 

Әлем чемпионаты тарихында молынан олжаға кенелген жеңіл атлеттер көшін атағы жер жарған Усейн Болт бастап тұр. 100, 200 және эстафеталық сайыстарда сынға түскен Ямайканың мақтанышы 2007 мен 2017 жылдар аралығында 11 алтын, 2 күміс және 1 қола медальды олжалады. Барлығы – 13 жүлде.  «Найзағай» деген жанама есімге ие болған Усейн 2009 жылы Берлинде өткен әлем чемпионатында 100 метрлік қашықтықты 9,58 секундта артқа тас­тап, Жер-жаһандағы ең жылдам адам атанды. 200 метрлік сайыста ол 19,19 секундтық нәтиже көрсетті. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында құрамында Неста Картер, Майкл Фрэйтер, Йохан Блэйк және Усейн Болт сынды дүлүлдері бар Ямайка құрамасы 4х100 метрлік эстафетада алдарына жан салмады. Бұл рекордтардың ешқайсысы да күні бүгінге дейін жаңарған жоқ. Болт барлығы сегіз рет таңдай қағарлық көрсеткішке қол жеткізді. Сондай-ақ Кариб теңізінде орналасқан шағын ғана аралда туып-өскен даңқты спортшының сегіз дүркін Олимпия ойындарының жеңімпазы деген атағы тағы бар.

п

Екінші және үшінші орындар АҚШ-тың қос желаяғы – Карл Льюис (8+1+1) пен Майкл Джонсонға (8+0+0) тиесілі. Бирмингемде дүниеге келген Карл ең қысқа қашықтық пен эстафетада дара шығып қана қоймай, ұзындыққа секіруден де барлық бәсекелесінен басым түсті. 1983-1997 жылдар аралығында Льюистің айшықты өнеріне сан миллион жанкүйер құлшына қол соқты. Далласта дүниеге келген Майкл 200 және 400 метрлік сайыстарда топ жарды. 4х400 эстафетасында да оның алдына ешкім түсе алған жоқ. Джонсонның жеңісті жолы тоқсаныншы жылдары басталса, ғасырлар тоғысында ол үлкен спорттан қол үзді.

Төртінші және бесінші орындарды америкалық Лашон Мерритт (6+2+0) пен украиналық Сергей Бубка (6+0+0) иеленді. 2005-2021 жылдар аралығында Мерриттің жұлдызы жарқырай жанды. Портсмуттың аруы 400 метрге жүгірудің хас шебері еді. 1983-1996 жылдар аралығында өткен дүниежүзілік додалардың сырықпен секірушілер сайысында Бубка қатарынан алты рет жеңімпаз атанып, теңдессіз шеберлігімен төрткүл дүние жұртшылығын тамсандырды. Спорттың бұл түрінің тарихында ешбір атлет 6 метрлік биіктікке секіре алмаған. 1985 жылы Париждегі жарыста Сергей сол межені бағындырды. Украинаның мақтанышы әлемдік рекордты 35 мәрте жаңартты.

Әйелдер арасында әлем чемпионатында жеңіп алған жүлделер саны жағынан 35 жастағы Эллисон Феликске тең келер ешкім жоқ. Жеңісті жолын 2005 жылы бастаған Лос-Анджелес қаласының тумасы биылғы көктемде үлкен спортпен қош айтысатынын жария етті. Оның қоржынында 9 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль бар. Барлығы – 13 жүлде. 200 және 400 метрлік қашықтықтар Эллисонның оң жамбасына келетін. 

ак

Екінші орында – Шелли-Энн Фрейзер-Прайс. Ең қысқа қашықтыққа жүгіретін ямайкалық спортшы әлемдік додада сегіз рет жеңіс тұғырына көтерілді. Ол жүлделердің алтауы алтын және екеуі күміс. 35 жастағы Шелли-Энн әлі де бабында. Ямайканың мықтысы Юджинде де бақ сынап жатыр. Үшінші сатыға Гейл Диверс жайғасты. 100 метр­ге кедергімен және кедергісіз жүгірген АҚШ-тың атақты спортшысы аталған жарыста 6 алтын мен 2 қоланы еншіледі. Кезінде дәл осы Диверс біздің желмен жарысқан желаяғымыз, Олимпиада чемпионы Ольга Шишигинаның бас­ты қарсыластарының бірі болғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Сондай-ақ үздік бестіктің санатында тағы екі америкалық желаяқ бар. Олар – Саня Ричард-Росс (5+1+0) пен Джерл Майлс-Кларк (4+3+2).