Жиынға Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының хатшылары, Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаттары, сондай-ақ қалалық және аудандық мәслихаттардың хатшылары қатысты.
Көшпелі отырыста «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң жобасы талқыланып, референдумды қолдау жөніндегі қоғамдық штаб жұмысының қорытындысы тыңдалды.
Басқосуда сөз алған аймақ басшысы аталған заң жобасының халық үшін маңызына тоқталып, референдумға жергілікті тұрғындардың белсене қатысқанын айтып өтті.
– Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясында саяси жүйе мен әкімшілік-аумақтық құрылымды өзгерту бойынша нақты міндеттер қойылды. Осыған орай өңірлердің дербестігін кеңейту бойынша жұмыстар жүргізіліп, жергілікті өзін-өзі басқару туралы заң әзірленіп жатыр. Басты міндет жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілеттіктерін кеңейтуге, жергілікті атқарушы, өзін-өзі басқару органдары жұмысының тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталған, – деді Нұрлан Ноғаев.
Іс-шараға қатысушылар «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң жобасы бойынша баяндама жасап, өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.
Маңғыстау облысы