Қоғам • 22 Шілде, 2022

Жемқорлық туралы хабарлаған алматылыққа сыйақы берілді

435 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сыбайлас жемқорлық фактісі жайлы ақпарат беріп, полицияға жәрдем көрсеткен азаматтарға ынталандыру сыйлығы беріледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жемқорлық туралы хабарлаған алматылыққа сыйақы берілді

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті хабарлағандай, азаматтардың 1424 сall-орталығына сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлауы - сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке сенім арттыруда ерекше рөл ойнайды.

«1424 саll-орталықтың операторлары тәулік бойы сыбайлас жемқорлық туралы хабарламаларға және бизнеске жасалған қысымға жауап береді, шағымдарды, пікірлерді қабылдайды, консультациялық көмек көрсетеді», деп хабарлады ведомствода.

Өткен жылы 1424 сall-орталығына 28 өтініш келіп түскен. Оның 18-і «ақпаратты есепке алу кітабында» тіркелді. Олар бойынша қылмыстық және қылмыстық іс жүргізу заңнамасы аясында жұмыс жүргізілуде.

Сонымен қатар осы жылдың 6 айында сыбайлас жемқорлық фактісін хабарлаған үш алматылыққа 640 мың теңге көлемінде сыйақы табысталды.

Айта кетсек, азаматтарды ынталандыру ақпараттың шынайылығы, сондай-ақ, заңды күшіне енген сот үкімі болған кезде ғана жүзеге асырылады.

«Сыйақы сомасы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың ауырлығына байланысты. Пара немесе келтірілген залал сомасы 1 мың АЕК-тен аспайтын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы хабарлама, сыйақы 30-дан 100 АЕК-ке дейін құрайды. Көрсетілген сомадан артық – сыйақы 10%-ды құрайды, бірақ 4 мың АЕК-тен аспайды», деп қосты департаментте.