Қоғам • 22 Шілде, 2022

Биыл елімізде 7 оңалту орталығы ашылады

383 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда Балалар жылында 6 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 19 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті және 7 оңалту орталығы ашылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Биыл елімізде 7 оңалту орталығы ашылады

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, олар балаларға әлеуметтік медициналық-педагогикалық және түзету арқылы қолдау көрсетуге қажеттілік бар өңірлерде құрылады. Бүгінгі күні елімізде 88 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 211 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, 14 оңалту орталығы және 213 арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді.

«ПМПК, түзету кабинеттерінің саны жыл сайын артып келеді. Оқу-ағарту министрлігі бұл жұмысты бақылауда ұстап отыр. Былтыр Қарағанды, Ақтау қалаларында, Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында, Алматы облысының ауылдарында және Қапшағай қаласында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар ашылды.

2021 жылы 13 түзету кабинеті ашылды. Осылайша, балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдау айтарлықтай кеңейіп келеді», деді Оқу-ағарту министрлігі Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйгерім Күдеринова.

Сонымен қатар елімізде арнайы білім беру ұйымдарының саны да айтарлықтай өсті. Балалар жылында Тараз, Орал және Қарағанды қалаларында аутизмі бар балаларға арналған 3 қолдау орталығы ашылды. Ерекше балалармен тәжірибелі мамандар жұмыс істейді. Оңалту және психологиялық-педагогикалық түзету қызметтері мемлекеттік қызмет болып есептеледі және ол тегін көрсетіледі.